Түркияда домбыра пәнін енгізуді жоспарлап жүрген Седат Солакоғлұ

Түркияда домбыра пәнін енгізуді жоспарлап жүрген Седат Солакоғлұ

Түркияда домбыра пәнін енгізуді жоспарлап жүрген Седат Солакоғлұ
ашық дереккөзі
Түркияда қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны кеңінен насихаттап жүр­ген музыканттардың бірі – Седат Солакоғлұ. Са­карья қалалық оркестрінде еңбек ететін ол домбыраның күмбірлеген үніне елең ет­пей қоймайтын түріктердің бұл аспапты өзі секілді жетік меңгергенін қалайды. Сол мақ­сатта арнайы оқулық құрастырып шы­ғарған ол Түркия мектептерінде домбыра сабағын енгізуді жоспарлап жүр. Бұл ісі әзірге іске аспаса да, соңына дейін барамын деп белін буып, бекініп отырған қазақ өнері­нің жоқтаушысына хабарласқан едік. – Сұхбаттарыңызда ұлттық аспа­бы­мыз дом­быраны қолға алуыңызға се­беп­кер бол­ған жан деп үнемі әжеңізді ай­та­сыз. Ал сол әжеңіздің домбыра үнін ал­ғаш рет қайдан есті­гені бізге қызық бо­лып тұр. – Әжем Қырымнан Румынияға көшіп, со­сын Түр­кияға қоныс аударған. Ол кісінің бас сүйегіне ота жасалғандықтан, ол кей жағ­дай­да тіпті есін біл­мейтін. Сондықтан оның кей­бір айтқан сөз­дері­не мән бермей жүрдік, бір­ақ ол мәдениет пен дәс­түрге қатысты көп нәрсе айтатын. Ал дом­быра­ның үнін алғаш рет Румынияда естіген екен. Сіз де таңға­лар­сыз, мен мұны көпшілікке қанша айт­сам да олар «Ол жақта домбыра қайдан жүр?» деп тү­сін­бейді. Кейін есейген соң түркі халық­тары­­ның өнерін зерттей келе әжемнің Румы­ния­да естуінің себебін түсінгендей болдым. Қы­рым та­тарлары мен ноғайлар бір-біріне өте жақын ха­лық болғандықтан әжем олар­дың ортасында жүріп, естіген болар деп топ­шы­ладым. Жалпы, біз­дің үйде өтетін оты­рыс­тарда түріктің баглама де­ген аспабымен Қы­рым татарларының әндері жиі орында­ла­тын. Осындай ортада тәрбиеленген мен му­зы­каға жақын болып өстім. Музыкаға деген қызығушылығым ерекше болды. Бірде әжем «Дом­бырамен «Бозторғайды» орындап берші» деп өтініш айтты. Бозторғай әнін бүкіл Қы­рым татарлары біледі. Бұл туынды олардың мар­шы іспеттес. Сол кезде ол әнді білсем де, дом­быраның қандай аспап, қай елдің аспабы еке­нін білмедім. Ақырында, әжеме «Боз­тор­ғай­ды» багламамен орындап бердім. Лицейде оқып жүргенімде әкемнің ағасы, өнер десе ішер асын жерге қоятын музыкант көкем Түр­кі дүниесінің әндерін орындайтын ан­сам­бль­дің өнерін тамашалауға шақырды. Кон­церт­ке дайындық бастап жатқан кезде дири­жер «Мұстафа, қазақтың домбырасымен ке­ре­мет бір ән айтып бересің бе?» деп бір му­зы­кант­қа өтініш айтты. Домбыра дегенді естіген кез­де «әжемнің баяғыдан сұрап жүрген ас­па­бы емес пе?» деп есіме түсіріп, әлгі орын­дау­шы­мен танысуға асықтым. Репетиция аяқтал­ған соң домбырашының қасына барып та­ныс­қанымда ол Түркияда туып өскен қазақ домбырашысы Мұстафа Бұйырған болып шық­ты. Ол кісіден бейтаныс аспаптың атын сұра­ғанымда: «Қазақтың халық аспабы – дом­быра», – деді. Сол сәттен бастап домбыраны қайт­сем де үйренемін деп шештім. Домбыраға ға­шық болдым десем артық айтпаймын. Сөй­тіп, домбыраны үйренудің жолдарын із­дес­тірдім.  width=– Ол кезде Түркия қазақтарына дом­быра үйрететін қандай да бір үйірме бол­ды ма? – Иә. Сол кезде Ыстанбұлда белсенді жұ­мыс істеген «Қазақ қоғамы» ұйымына атақты күй­ші, Қазақстанның халық әртісі Бақыт Қа­рабалинаның ұлы Дәурен Әлімбай келіп, осын­дағы қазақ балаларына бір жылдай дом­быра шертуді үйретті. Ол кезде 18 жастамын. Дом­быраны үйренуге деген ынтам арнасынан асып-тасып тұрған кез. Бірақ сол кезде Дәурен ағай­дың 1-2 сабағына қатысқан соң Түркия қа­зақтарының балалары «Сен мұнда неғып жүр­сің? Бұл – қазақтардың жері» деп мені қуып шығып, кіргізбей қойды (күліп). Жас­тарды білесіз ғой. Алып-ұшып тұрған албырт шақ. Дәурен ағай – өте жақсы кісі. Менің домбыраны үйренбей қоймайтынымды сезсе ке­рек. Бірақ ол сол кезде түрікше аз-маз біле­ді, мен де қазақша бірнеше сөз ғана білемін. Бірақ екеуіміз түсінісіп, жақын араластық. Бірде ол: «Балам, мыналар сені сабайтын түрі бар. Дұрысы, сен сабаққа түнгі сағат он бірден соң кел. Мен саған барлығын үйретемін», – деді. Сөйтіп, бір жылдай аптасына 4-5 рет түн­гі он бірде сабаққа келіп жүрдім. Ол уа­қыт­та жағдай мәз емес-тін. Қаржы тапшы­лы­ғы қажытып жүрген кез. Бір үйдің жалғыз ба­ласымын. Әкем дүниеден ерте қайтты. Ана­ма қарайласу керек болды. Сөйтіп жүріп жан­таласып, өзім тұрған ауданнан 10 ша­қы­рым жерде орналасқан Зейтінбұрны ауда­ны­на Дәурен ағайдың сабақтарына қатысу үшін ты­ғылып келіп, тығылып қайтатынмын. Со­сын Дәурен ағай: «Домбыраны шынымен жақ­сы көреді екенсің. Сенің болашағың жар­қын болмақ. Домбыраны насихаттай алатын әлеуетің бар. Дұрысы, сен оқуға Қазақстанға бар», – деп ақылын айтты. Құрманғазы атын­дағы консерваторияға оқуға түсейін десем, үш жыл дайындық керек екен. Мен Түркияда жеке сабақтарға қатысқаным болмаса, ар­найы музыкалық мектепке барған емеспін. Ал үш жыл дайындыққа уақыт құртқым кел­меді. Жалындап тұрған шағымда дом­быраны тезірек меңгеріп, күллі Түркияға бұл киелі аспаптың құдіретін танытқым келді. Ақселеу Сейдімбектің күй туралы кітаптарын оқыған соң тек сахнаға ғана емес, білім жүйесіне ен­гізу­ді көздедім. Түркияға келіп, домбыра са­бағын консерваторияға енгізбекші болдым. Сөй­тіп, Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы қа­зақ-түрік университетінің музыкалық бө­ліміне оқуға түсіп, оны үздік дипломға бітір­дім. – Қазақ-түрік университетінде оқы­саңыз да, Айгүл Үлкенбаева «Түркияда Се­дат деген мық­ты шәкіртім бар» деп үне­мі айтып жүреді. Сон­да сіз Түр­кі­стан­да ғана емес, Алматыда тұра­тын Айгүлден де домбырадан сабақ ал­дыңыз ба? – Иә. Дәурен ағай Ыстанбұлда маған көп нәр­­се үйретті. Түркістанға қазақ-түрік уни­вер­­­ситетіне оқуға түскенге дейін мен «Са­рыар­­қа», «Адай», «Балбырауын» секілді бір­не­ше күйді нақышына келтіріп шертетінмін. Түр­кістандағы оқытушылар «Түркиядан кеше ға­на келген сен мұның барлығын қайдан бі­ле­­сің?» деп таңғалғаны бар. Өкінішке қарай, қа­­зақ-түрік университетінде оқығанда маған дом­быраны одан бетер үйрететін мықты ма­ман жетіспеді. Қазір онда барлығы жақсы шы­­ғар, білмеймін, бірақ сол кезде мен мұға­лім іздеп, Шымкент, Кентау, Түркістанға бар­­дым. Үйретері бар мықтылардан сабақ ал­­дым. Сосын атағы жер жарған Айгүл Үлкен­бае­ва­дан жеке сабақ алу үшін Алматыға ар­найы бардым. Ол кісінің сабақ өту стилі ма­ған ұнағаны соншалық, мереке, демалыс сайын Алматыға қарай жүгіре жөнелетінді шы­­ғардым. Расымен, ол мені ауызынан тас­тамай айтып жүреді. Өзі жазып шыққан екі кітабына «Менің шәкіртім – Седат» деп мені қос­қан. Студенттік кезде жастардың көбі қы­дырып, кө­шеде серуен құрғанды ұнатады ғой. Ал мен­де ондай болмады, бар ойым дом­бырада бол­ды. Университетте бірге оқыған қатар­ластарыммен кейде әңгімелескен кезде «Сен сол кезде университетте расымен жұл­дыз бол­ғансың. Бір жерде күй тартып жатсаң, екін­ші жерде ән шырқап жүретін едің. Мере­келік кештер сенсіз өтпейтін еді. Сондай кезде барлық қыз саған қызыға қараушы еді. Бірақ сен ешкімге қарамадың ғой» деп айтады. Енді мен Түркиядан Қазақстанға тек бір ғана мақсатпен бардым. Әдетте, алдына нақты мақсат қойған адамға ештеңеге зауқы соқпай, жат­са да, тұрса да, соған жетуді көздейді ғой. Мен дәл соның өзі болдым. Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйрендім. Домбырадан бөлек, көш­­пелі өмір салтына қатты қызықтым. Сөй­тіп, ел ішін аралап, көп ауылда болдым. Осы­лай жүргенде қазақта бар салт-дәстүрдің тү­гелін көрдім десем болады. Сондай-ақ Қы­тай қазақтарымен етене араласып, біраз нәр­сені білдім. Қайыра айтқанда, Қазақстанда тұрған бес жыл ішінде Түркия қазақтарының біл­мегенін біліп, естімегенін естідім.  width= – Оқу бітірген соң Түркияға орал­ған­да Ыстанбұлдағы талай қазақ баласын дом­­быраға баулығаныңызды білеміз. Сон­дай-ақ Ыстанбұлға жақын орналас­қан Сакарья қаласында да әкімшіліктің қолдауымен арнайы сабақ жүргізген екен­сіз. Қала әкімшілігін домбыра үйір­ме­сін өткізуге қалай көндірдіңіз? – Ыстанбұлға оралған соң сенбі-жексенбі күн­­дері Түркиядағы қазақ балаларға тегін са­бақ бердім. Бес жыл ішінде алдыма көп бала кел­ді, бірақ олардың барлығы үлкен қызы­ғу­шылық танытты деп айта алмаймын. Десе де, жақсы меңгеріп шыққандары баршылық. Қазір Түркияда қолына домбыра ұстаған балалардың түгелі дерлік менің қолымнан өткен. «Қазақ-түрік білім беру және зерт­теу­лер» қауымдастығында (KATEAD), «Қазақ қо­­ға­мында», сосын «Шығыс Түркістан» ұйы­мын­да домбырадан сабақ бердім. Қазір Ертолқын Гайретуллах басқаратын KATEAD-та өнер жағын басқарамын. Бұл қызметке был­тыр сайланғанмын. Бір қызығы, бұл ұйым­да бұған дейін тек қазақтар жұмыс іс­тейтін. Былтыр бірінші рет мені жұмысқа ша­қырды. Қазақстаннан оралған соң Ыстан­бұлдан 100 шақырым жерде орналасқан Са­карья қаласындағы консерваторияның ма­гистратура бөліміне оқуға түстім. Онда «Түркі халықтарының күй өнері мен Түркия қазақтарының күй дәстүрі» тақырыбында дис­сертация қорғадым. Ғылыми жұмы­сым­ның екі жүз бетін қазақтың күй өнеріне ар­на­сам, қалған екі жүз бетінде бүкіл түркі хал­қының күйшілік дәстүрін зерттеп, жазып шық­тым. Сосын Сакарья қалалық оркестріне жұ­мысқа тұру мүмкіндігі туындады. Бүгінде сол оркестрде саксафоншы болып жұмыс іс­теп жүргеніме 13 жыл болды. Саксафонда ой­насам да, домбыраны еш тастаған емеспін. Де­малыс күндері Ыстанбұлға барып, сабақ бе­ріп жүрдім. Ал Сакарьяда менің домбыраны үй­ретуге деген құлшынысымды байқаған әкім­шілікке Түркиядағы шеберге арнайы тап­сырыс бергізіп, 15 домбыра жасатып ал­дым. Сөйтіп, осындағы жастарға екі жыл са­бақ бердім. Әкімшілік маған жалақы төлеп отыр­ды. Бірақ кейін қолым тимей кеткен соң, сабақ беруді уақытша доғара тұрдым. Алдағы уа­қытта қайтадан бастамақ ойым бар. Жалпы, маған сол кезде Түркиядағы Қазақстанның ел­шісі болған Абзал Сапарбекұлы үлкен қол­дау білдірді, іс-шараларға шақырып, ерекше сый-құрмет көрсетті. Қазақстанда да ерекше құрметке иемін. Онда өтетін концерттерге жиі қатысамын. Дәстүрлі әншілер мен күй­ші­лердің біразын жақсы танимын. Әртістермен де етене аралсамын. Былтыр Алматыда атап өтілген «Шаншар» театрының 60 жылдық мерейтойына қатыстым. Уәлибек ағалар жол ақысын өздері төлеп, аттай қалап шақырып алды. – Сол әншілер мен әртістердің әлеу­мет­тік же­ліге «Біздің Седат тұрғанда Түр­кияда қазақ өнері үшін уайым­да­май­мыз» деп жазғанын бірнеше рет көзіміз ша­лып қал­ды. Сізге осындай танымал­дылық әкел­ген соңғы 13 жылда сіз ойнап жүр­ген саксафон емес, домбыра деген­мен келісесіз ғой? – Әрине. Түркияда да, Қазақстанда да дом­быра арқылы танылдым. Қазақстанда дом­быраға деген сүйіспеншілігіме бір таң­ғалса, Түркияда домбыраны шерте отырып, ерек­ше дыбыс шығаратыныма екі таңғалады. Мұнда да домбыраның қандай аспап екенін біл­мейтіндер көп қой. Қазақстаннан Түр­кия­ның ірі қалаларына көп ансамбль мен ор­кестр келіп, концерт қояды. Бірақ көпшілігі олар­дың келгенін де білмей қалады. Ал мен тұрып жатқан Сакарьяға ешқандай да оркестр келмейді. Шамам келгенше күллі Түркияға домбыраны таныту үшін жұмыс істеп жүрмін. Сіз айтып өткендей көбісі, соның ішінде Айгүл Үлкенбаева «Түркияда Седат бар, біздің өнер онда тыс қалмайды» дегенді жиі айтады. Мен қазақтың өнерін тыс қалдырмайтын жалғыз менмін деп есептемеймін, бірақ көбі осылай айтып жүр.  width= – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда тү­рік әуендері мен қазақ күйлерін ара­лас­тырып, композиция жасап жүр­геніңізді байқадым. Сондай-ақ қазақ-түрік музыканттардың басын қосып, кө­шеде түрлі туындыны орындаған­дарыңыз көзге оттай басылады. Жеке ан­самбль құрып алдыңыз ба? – Түбіміз бір болғанымызбен, түркі ха­лық­тарының музыкасында айырмашылық бар. Түріктер мен секілді домбыраның дыбы­сы­на ғашық болсыншы деп шертпе күйлерді жиі орындаймын. Төкпе күйден «Балбырауын­ды» шертемін. Ал «Сарыарқаны» орындасам, Түркияда мұны ешкім түсінбейді. Сондықтан олар ұйып тыңдайтын, қабылдауға оңай тиетін туындыларды ғана орындаймын. Мен әр жерге барғанда кім қай күйді қалай қабыл­дайтынын арнайы зерттегенмін. Сахнаға шығар алдында соны ескеремін. Ал сіз айтып отырған попуриді атақты түрік пианисі Озан Сарыбоғамен бірге орындағанмын. Анкара­дағы Юнус Эмре орталығы Құрбан айт қар­саңын­да домбыра мен фортепианодан микст жасауға ұсыныс айтып, келіп, клипке түсірді. Осы ретте айта кетейінші, әлемде көп аспап бар, бірақ домбыраның үнінде мен сізге түсіндіріп бере алмайтын ерекше дыбыс бар. Сосын менде оған деген шексіз махаббат бар. Есеп­теп қарасам, биыл домбыраны жаныма се­рік етіп жүргеніме 20 жыл болыпты. Түр­кия­да қазақтың ұлттық өнері туралы мақа­ланы бірінші болып мен жаздым. Тіпті, менен кейін ешкім де бұл жөнінде диссертация да қорғамады. Ешкім қорғамайтын да шығар. Себебі ол үшін әрі музыкант, әрі домбырашы болу керек. Айтпақшы, бастапқы кезде көзде­генімді айтуды ұмытып барамын. Ә дегенде Анкарада Түрік дүниесінің әуендерін орын­дайтын мемлекеттік ансамбльдің мүшесі бо­луға көп әрекеттендім. Онда домбыра шер­те­тін түріктер болды, бірақ бүгінде зейнетке шығып кетті-ау деймін. Бірақ олар домбыраны өздігінен үйренген, дұрыс сезіне алмайды. Мен Қазақстанға бармасам домбыраны қалай шер­темін, айтыңызшы? – Сонда сіздіңше, белгілі бір ұлттық ас­папты меңгергің келсе, алдымен сол елг­е баруың керек пе? – Дәл солай. Багламаны үйренемін де­сеңіз, Түркияға келуіңіз керек. Пианиноны меңгеремін десеңіз, Еуропаға барасыз. Бірақ мен Қырым татары болған соң, домбыраның үнін сезіну менің қанымда бар секілді. Бізге Түркістанда күйді орындамас бұрын, оның тари­хын түсіндіретін. Сосын күйді алғаш рет бас буын мен орта буынға бөліп орындаған кезде бұрын басқа бір әлемде домбыраның қыр-сырын жетік білгендей күй кештім. Өз-өзіме таңғалдым. Жаңа айтып өткендей, ар­ма­ным Анкарадағы мемлекеттік ансамбльде өнер көрсету еді. Бірақ мен домбыра үйренуге өз күшіммен ғана үгіттеп жүрдім. Ал егер әлгі ансамбльге қабылданып, артымда мемлекет тұрғанда жағдай басқаша болар еді. Бірақ мен қар­апайым азаматпын, ешқандай саяси кү­шім жоқ. Мені сол кезде ешкім қолдамады. Сөй­тіп, ол ансамбльге кіре алмай қалдым. Орындалмай қалған бір арман, өкінішім – осы.  width= – Әлі де кеш емес қой... – Бұдан кейін онда кіруді қаламаймын. 25-30 жаста кіргенімде ол ансамбль басқаша бо­латын еді. Ал қазір жасым 40-тан асқан соң мұның бәрі бекер деп ойлаймын. Қазір, шүкір, жағ­дайым жақсы. Оралдың қызымен шаңы­рақ көтеріп, бүгінде екеуміз қыз сүйіп отырмыз. Ыстанбұл мен Сакарьяда толастаған жұмыстарым бар. Жаңа сіздің жеке ансамбль туралы сұрағыңызға жауап берсем, осында «Шаңырақ» деген атпен ансамбль құрдым. Онда өнер көрсеткен бесеудің екеуі – түрік дос­тарым, біреуі ұрмалы аспапта, екіншісі шаңқобызда ойнады. Қазақстаннан келген қазақ досым қылқобыз тартса, оның әйелі домбыра шертті. Мен де домбырамен сүйе­мел­деп отырдым. Осында бір-екі рет концерт қой­дық. Бірақ ансамбль мүшелері нәпақа табу үшін басқа жұмыспен айналысып, бірге өнер көр­сетуді доғардық. Енді қазір сол ансамбль­дің жұмысын қайта жандандырмақпын. Алдағы уақытта «Шаңыраққа» қосу мақ­са­тында Қазақстанда жетігенді жетік білетін сту­дент қызды Сакарья университетіне әдейі түсірдім. Сондай-ақ сол ансамбльді то­лық­тыра түсетін тағы бір домбырашы баланың сон­да оқуға түсуіне себепкер болдым. Осы­лай­ша, 4-5 адамнан құралған ансамбльмен бірге Түркиядағы концерттер мен той-то­малақтарда өнер көрсетіп, қазақтың ұлт­тық аспаптарын насихаттауды мақсат етіп отыр­мын. Сізге тағы бірдеңе айтуды ұмытып бара­мын. Түркияда көпшілікке тегін сабақ беретін өнер орталықтары бар. Онда бейнелеу өнері, ән мен күй, қолөнер секілді үйірмелерге бару­ға болады. Оған көбінесе әйелдер барады, себебі Түркияда әйелдер қауымы көбіне үй шаруа­шылығымен айналысатынын білетін бо­лар­сыз. Мен сол орталықтарға, өнер мек­теп­теріне домбыра сабағын кіргізбекші бол­дым. Домбыраны үйретудің әдістемесін қа­зақ­ша оқулықтардан түрікшеге аударып, кі­тап ре­тінде шығармақшы болдым. Екі жүз бет­тен құрал­ған ол кітапты 2014 жылы жа­зып біті­ріп, мемлекеттің назарына ұсындым. Ар­найы ко­миссия мүшелерінен мүдірмей өтті. Бүгін бар­мыз, ертең жоқпыз. Ертең не бола­тынын кім біледі. Артымызда осындай дүние қалсын. Ақыры, ар жақтан келіп, зерт­теп жатқан еш­кім жоқ. Түріктердің дом­быр­аны үйренуге де­ген қызығушылығы бар, кей­­бірі шамасы кел­генше «өзінше» шертеді. Сол сәтті пай­даланып, білім жүйесіне енгізуді көздедім. – Сол жылдары біз, журналистер «Түр­кия мектептерінде домбыра үйірмесі факультатив ретінде енгізілуі мүмкін» дегенді жарыса жазғанымыз есімде. Сон­да сол бастаманы сіз көтерген екенсіз ғой. – Иә, менмін. Бірақ қандай істі қолға ал­саң да, алдымен төменнен бастайсың ғой. Бір-бірімен қабысып, шырмалып жатқан жүйе­лер. Бірақ жоғарыда айтып өткендей, мен ешқандай саяси партияның мүшесі емес­пін. Саяси күшім жоқ. Сол кезде елшіміз Абзал ағай да қолдап, қажет құжаттарды сұраған еді. Бірақ бұл іске аспай қалды. Мықты бір сая­саткер кіріскенде бүкіл Түркияда домбыра са­бағы заңды түрде оқытылатын еді. Қа­зақ­станнан музыкалық білімі бар маманды жұ­мысқа алар еді. Тіпті, Түркия қазақтарына да жұмыс табылар еді. Мен Жарлықты жазар кез­де осының бәрін есепке алдым. Әттеген-ай, ой­лағаным жүзеге аспай қалды. Комиссиядан өтіп тұрған жобаның әрмен қарай өмір сүруі­не неге кедергі болғанын әлі күнге дейін түсін­беймін. Ол жоба әлі қолымда. Бұйырса, Түр­киядағы Қазақстан елшілігі бұған құлақ түріп, орта жолда тұралап қалған ол жобаны соңына дейін жеткізсе екен деймін.  width= – Жиырма жыл бойы еткен ерен ең­бе­гіңіздің еленбей келе жатқанына таңы­мыз бар. – Соны айтыңызшы. Мен қазақ бас­шы­лары­на осыған бола ренжідім. Қазір Түркияға ба­рып «Седатты танисыз ба? Ол немен ай­налысады?»,– деп сұрасаңыз, екінің бірі ауы­зын толтырып айтып береді. Оған қоса, әлеу­­­меттік желідегі парақшаларымда да тек дом­быра шертуге үгіттейтін дүниелер жүк­теймін. Абзал аға бірде Facebook-тегі парақ­шасына Түркияда кімнің домбырада шебер ойнайтынын білгісі келіп, ортаға сауал тас­тады. Сол кезде көзіме еріксізден жас кел­ді. Ол сауалға жауап қатқан 2 500 қолданушының түгелі мені тегтеп, атымды жазып кеткен. Түр­кияны қоя беріңіз, Қазақстан мен Гер­ма­ниядағы қазақ өнерінің жанашырлары мен туралы пікір қалдырған. Мен олардың про­фи­лін ашып, зерттеп шықтым. Ешқайсысын та­нымаймын. Бірақ олар менің еңбегіммен таныс. Ал сол еңбекті қазақ басшыларының біреуі неге көрмейді деген сұрақ бар көкейім­де. Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай осындағы біраз адамға медаль табыс­тал­ды. Қазақстан мен Түркия арасындағы сау­даны дамытып жүрген кәсіпкерлерге дейін алды. Ал сол отыз жылдың жиырма жы­лын­да жасы жетпіске тақаған, әнші-ком­позитор Бешір Ахмет Көсе ағамызбен бірге ел­шілік, консулдық ұйымдастырған іс-шара­лардан қалмай, қазақ өнерінің шашбауын кө­теріп жүрдік. Мейлі, кәсіпкерлерге бере берсін. Бірақ өнерде қазақтың ұлттық аспаптарын Түркияда дәріптеп жүрген екі-үш адамды сол медальға лайық көрмегені қызық болды. Егер арамызда осындай 50-100 адам болса, бермегеніне ренжімес те едік. Бірақ қай­талап айтамын, біз мұнда нәбары екі-үшеу­міз. Осында бәріне берді, еңбегі бар ма, жоқ па, түгелі алды. Бәлкім, қазақ болғаны үшін берген шығар. Мен басшы болсам, ең­бегін ел білетін адамдарға ғана марапат берер едім. Мен атақ-даңққа, марапатқа қызық­пай­мын. Бірақ еңбегіміздің сіңгені рас қой. Сосын отыз жылдыққа арнайы жасалған медальдың орны да ерекше. Бірақ бұл менің Түркияда, тіпті одан тыс елдерде де домбыраны наси­ха­т­тауды жалғастыруыма еш кедергі келтір­мейді. Кеше бір кісі хабарласып, Швейцарияда өтетін іс-шараға келіп, домбыра шертіп беруім­ді өтінді. Бірақ виза мерзімінің аяқ­талуы­на байланысты онда бара алмауым мүм­кін. Оның үстіне, дәл сол кезде Алматыда өте­тін маңызды бір іс-шараға баруым қажет. – Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәт­ті­лік! Ұлттық аспабымызды насихат­тау­дағы еңбегіңіз елене берсін! – Сізге рахмет! TURKISTAN арқылы мен айтқан жобалар жандана түседі деп сенемін!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ