Эльмира ОТАР, әлеуметтанушы, PhD докторы: Теңсіздіктің ушығуы байлыққа салық салуға мәжбүрледі
Эльмира ОТАР, әлеуметтанушы, PhD докторы: Теңсіздіктің ушығуы байлыққа салық салуға мәжбүрледі
Биылғы 1 қыркүйектегі Президент Жолдауында салық жүйесін реформалаумен қатар сән-салтанатқа салық салуды енгізген жөн екені айтылды.
Дегенмен бұл салықтың орта тапқа қатысы жоқ екені, тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған ауқатты адамдарға салынатыны бірден ескертілді. Бұл әзірге ұсыныс, жоспар, яғни салық механизмдері алдағы уақытта әзірлене жатар, ал біз бұл мәселені әлеуметтік жағынан қарастырып, жалпы қоғамдағы таптар және олардың үлес салмағы, байларға нақты кімдер жататыны, орта тап деп кімдерді танитынымыз туралы білу үшін әлеуметтанушы маман, PhD докторы Эльмира Отармен әңгіме өрбіттік.
– Ел байлығының жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отырғаны, олардың байлығының белгілі бір бөлігі халыққа қайтуға тиіс екені қоғамда қызу талқыланғаны есте. Енді оқтын-оқтын қозғалып жүрген байлыққа салық салу мәселесі де үлкен мінберде айтылып отыр. Жалпы, қоғамдағы байлардың үлесі қалай анықталады? Бай деп тану үшін ол адам қандай критерийлерге сай келуі керек?
– Әлеуметтану термині бойынша жалпы байларды жоғарғы тап деп айтамыз. Өзіңіз айтқандай, қазіргі кезде бұл тақырып қайта қозғалып жатыр ғой. Енді байлықты иелену үшін де салық төлеу тәртібін енгізгелі жатыр. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп айтар болсақ, мұндай тәртіп енгізіп жатқан алғашқы және соңғы ел емеспіз. Дамыған елдердің көбінде, әсіресе Скандинавия елдерінен сәйкес тәжірибені байқауымызға болады. Оған қоса, бұл елдерде байлық салығынан бөлек, табыс көп болған сайын салынатын салық та біршама пайызға жоғары болады.
Бізде бай дегеніміз кім? Ол – біріншіден, ұлттық экономикаға, саяси үрдістерге ықпал ете алатын адам. Екіншіден, ұлттық қорда үлесі бар адам. Яғни, жоғары әлеуметтік статусы бар немесе жоғары әскери шені бар адам болуы да мүмкін. Одан бөлек, аты белгілі, ұлы тұлғаларды, бір сөзбен айтқанда элитаны жатқыза аламыз.
– Біздің қоғамда ондай азаматтардың үлесі қанша, халықтың шамамен қанша пайызы болады?
– Жасыратыны жоқ, біздің қоғамдағы элита немесе бір сөзбен айтқанда, институционалды артықшылықтарға ие адамдар және олардың үлесі нақты қанша екені туралы ресми мәлімет бар деп айта алмаймын. Жоғарыда мысалға алып айтып өткен дамыған елдерде олардың саны көп, сәйкесінше үлес салмағы да біршама. Ал шамамен айтар болсақ, бізде байлардың, жоғары таптың жалпы үлесі 1 мен 5 пайыздың орта шамасы болып қалады.
Тарихқа сүйенудің қажеті бар ма, жоқ па, білмеймін, бірақ қысқаша айтып өткен жөн болар. Сол деректерді негізге алып біздің қоғамдағы жоғарғы таптың әр кезеңде әр басқа болғанын, әртүрлі критерийлер арқылы анықталғанына көз жеткізуге болады.
Жалпы, бұрын Кеңес үкіметіне дейін жоғары тапқа ақсүйектер жатқызылды, оны батыс танымындағы аристократтармен тең ұғым дей аламыз. Ақсүйектер билікті атадан балаға беріп отырған белгілі бір топ өкілдері болды.
Одан кейін Кеңес үкіметі кезінде жоғары тап деп бюрократиялық элита өкілдері, яғни партия мүшелері есептелді. Одан кейін номенклатура иегерлері болды. Институционалды артықшылыққа ие адам өндірісті басқарды, сондай адамдар бай саналды.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа жоғары тап пайда болды деп айта аламыз. Олар – тоқсаныншы жылдары жаңа заманға, жаңа өзгерістерге жедел бейімделе алған жаңа байлар. Жекешелендіру кезінде өздеріне көп үлес пайызын иеленіп үлгергендерді осыған жақсы мысал ретінде айтып өтуге болады.
Байлар орта таппен салыстырған кезде көбінесе материалдық игіліктеріне байланысты анықталады, сол арқылы жіктеліп, ажыратылады. Әрине, байлардың арасында да білімі, дарыны, ақылы арқылы танылғандар бар, бірақ оларды жоғары орта тап деген дұрысырақ болады деп ойлаймын, меніңше бай деуге келмейтін сияқты. Жоғары тап материалдық жағдай тұрғысынан да қатты ерекшеленеді, әкімшілік ресурстың да көбіне ие. Орта таптың да үлесі бар, бірақ байлармен қатар қойып қарағанда, салыстырмалы түрде аз.
Ал кәсіпкерлерге келетін болсақ, тәуелсіздіктен кейін пайда болған жаңа орта тап – осы шағын және орта бизнес өкілдері. Ал ірі бизнес өкілдерін жоғарғы тапқа жатқыза аламыз.
– Президент сөзінде салықтың орта тапқа қатысы жоқ екенін ескертті. Жалпы, орта тап мәселесіне келгенде плюрализм байқалады, кей кезде елімізде орта тап жоқ, болса да үлесі өте аз деген пікірлерді де ұшырастырып жатамыз. Біздегі орта тап пен әлеуметтанудағы классикалық орта тап ұғымының арасында алшақтық көп пе?
– Иә, бұл мәселеде пікір алшақтығы біршама байқалады. Негізінен, орта тапты анықтаудың өзінің екі тәсілі бар. Біреуі – таза батыстық тәсіл. Бұл тәсіл бойынша адамның экономикалық жағдайы, табысы, меншігіндегі дүниелері ескеріледі. Яғни, таза материалдық жағынан іріктеледі. Ал посткеңестік елдерде орта тапты анықтауда адамның мәртебесі және білімі де ескеріледі, себебі біз қанша дегенмен интеллигенциямызды жоққа шығарып, елеусіз қалдыра алмаймыз. Кеңес үкіметі құлдыраған соң зиялы қауымның басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмендеді, бірақ олар білімі жағынан бәрібір мәртебесі жоғарырақ. Яғни, білім, мамандану деңгейі посткеңестік елдердегі орта тапты анықтау критерийлеріне кіреді.
Плюрализм бар екенін орта тапты анықтау әдістерінен-ақ байқауға болады. Егер таза экономикалық критерийлерді негізге алатын болсақ, бізде расымен де орта таптың үлесі өте аз. Бұл критерий бойынша орта тап өкілі өз өмірін, қажеттіліктерін материалдық жағынан толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, демалуға, шетелге шыға алатындай мүмкіндігі, одан бөлек қор жинай алатын жағдайы болуы керек. Бізде қазір ондай адамдардың үлесі ең көп дегенде 15 пайыз ғана. Соны негізге ала отырып есептейтін болсақ, еліміздегі орта таптың үлесі жалпы халықтың 14-15 пайызы ғана болады. Ал егер интеллигенция өкілдерін есепке алсақ, яғни білім мен білік критерийлерін қоссақ, көрсеткішті 50-60 пайыз деп көтеруге болады.
– Жалпы, мұндай салық көп елдің тәжірибесінде бар, яғни ежелгі заманнан адамзат әлеуметтік теңсіздік проблемасын салық арқылы реттеуге тырысып келеді екен. Ал бұл бастама бізге қай жағынан, қаншалықты тиімді болады деп ойлайсыз?
– Қазір байларға салық салу мәселесі әлем бойынша жаңаша қарқын алып жатқанын байқауға болады. Әсіресе, індеттен кейін шетелдік экономистер мен саясаткерлер пандемия кезінде күрт байығандардың салығын көбейту керегін айтып, мәселе көтере бастады. Пандемия кезінде тек Қазақстан емес, басқа да мемлекеттер көп шығынға ұшырады, сәйкесінше қазынадағы қаражат азайды.
Нақты айтар болсақ, соңғы жылдары әлем бойынша байлардың табысы 5 триллион долларға дейін көбейіпті. Ал әлем бойынша халықты және бизнесті қолдауға 8 триллион доллар жұмсалған екен. Forbes мәліметтеріне сүйенсек, пандемия кезінің өзінде басылымның рейтингіндегі байлар саны 2 755 адамға жеткен екен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Олардың жалпы байлығы 8 триллионнан 13 триллионға дейін өсіпті.
Сонымен қатар мұндай салықтар кедей мен бай арасындағы арақашықтықты жақындату үшін, яғни орта таптың көбеюіне түрткі болғандықтан өзекті болып келеді. Себебі бай мен кедей арасындағы алшақтық орта таптың болмауына, экономикалық және саяси күйзелістерге алып келетіні анық.
Енді жалпы табыс салығын қарастыра отырып салыстырар болсақ, әр елдің салық саясатының ерекшеліктерін байқауға болады. Көбінесе табыс салығы Скандинавия елдерінде өте жоғары. Олардың жылдық табыс салығы орташа есеппен 56-50 пайыз болады. Бұл өте жоғары көрсеткіш саналады. Яғни, байлық салығы деген белгілі бір ұғым жоқ, дегенмен әр елдің өзіндік есебі бойынша табыс салығының мөлшері белгіленген. Табыс салығы реттелген, табысың жоғары болған сайын мемлекеттің қорын толтырып отыруың керек. Ол кедейлердің мүлде құлдырап кетпеуіне, орта тапқа қосылуына көмек болады. Ал орта таптың көп болуы әлеуметтік-экономикалық күйзелісті болдырмайды. Мәселен, ТМД елдерінде табыс салығы 10-18 пайыз аралығында белгіленеді.
Әлемдік тәжірибеде "қалқымалы салық" деп аталатын салық түрі де бар. Аустралия, Аустрия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Сингапур сияқты бірқатар ел аталған салық саясатын ұстанады. Бұл – жылдық табысқа байланысты өсіп отыратын салық түрі. Мысалы, Аустралияда табыс салығы – 9 пайыз, бірақ сенің жылдық табысың 140 мың доллардан асса, сен 50 пайыз салық төлеуің керек. Ал Аустрияда жылдық табысың 12,5 доллардан аспаса, сен мүлде салық төлемейсің. Бірақ 58 мың доллардан асса, 50 пайыздай төлейсің.
Біздің елдегі табыс салығының мөлшері салыстырмалы түрде орташа деп айтуға болады. Жаңа салық саясаты осы "қалқымалы салық" түріне пара-пар енгізілгені жөн деп санаймын.
– Сонда біздің қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің деңгейі қандай?
– Бұрын қоғамның формасы пирамида сияқты болуы керек деген тұжырым болатын. Яғни, пирамиданың үстіңгі бөлігінде – байлар, жоғарғы тап, одан кейін ортасында – жоғары орта тап, пирамиданың төменгі жағында төменгі тап орналасады. Ал қазіргі көзқарас бойынша қоғамның бейнесі тамшы тәріздес болуы керек. Байлар мен кедейлердің үлесі өте аз, ал орта таптың үлесі көп болуы керек. Қоғам тамшы тәріздес болса, ол әлеуметтік жағынан тұрақты ел деп есептеледі. Орта тап халықтың шамамен 80 пайызын құрауы керек.
Ал бізде теңсіздік деңгейі қатты байқалады. Иә кедейді көресің, иә байды көресің, орта тапты ілуде бір кездестіруге болады.
Біздің елде осы қоғамдағы баланс сақталмағандықтан, қолында билігі барлардың әкімшілік ресурс қорларын пайдаланып, заңсыз байи түскені табыс деңгейі жағынан хаос тудырды, теңсіздіктің тіптен ушығуы байлыққа салық салу тетігін ойластыруға мәжбүрлеп отыр деп ойлаймын. Сондықтан жаңа салық саясатын әзірлеу бағыты дұрыс деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ділда УӘЛИБЕК