Әлемдік діндер съезі және Қазақстан

Әлемдік діндер съезі және Қазақстан

Әлемдік діндер съезі және Қазақстан
ашық дереккөзі
Әлемде түрлі халықтар бары секілді наным-сенімдердің де түрі көп. Сондықтан дін мәселесі де маңызды мәселелердің бірі. Ал әлем халқын зорлық-зомбылықтан сақтау және түрлі нә­сіл­дер мен сенімдер арасындағы түсінбестікті шешу мен өшпенділікті жою үшін әлем діндер өкіл­дерін келісімге келтіру жаңа ғасырдағы ең игілікті де ізгілікті істің бірі екені күмәнсіз. Бұл орай­да, осыған дейін алты рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізген Қа­зақстан Республикасының қызметі зор. 6 қыркүйекте Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 14-15 қыркүйекте елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық туралы мәлімет берілді. Парламент Сенатының Төрағасы, Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев дінаралық форумға 50-ден аса елден 100-ден астам делегация ке­ле­тінін жет­кізді. Аталған жиынға Рим Па­па­сы Фран­циск, Әл-Азһардың Жоғарғы има­мы шейх Ахмад ат-Тайеб және басқа да діндер көш­бас­шылары қатысады деп жоспарланып отыр. Сенат Төрағасының айтуынша, алдағы іс-шара әлемдік бұқаралық ақ­парат құрал­дарының қызығушылығын ту­дырып отыр. 200-ден астам шетелдік жә­не 300-ден ас­там қазақстандық БАҚ өкіл­дері аккре­ди­та­ция­дан өткен. Бұл атал­мыш басқосудың маңыз­дығын көрсетсе керек. Съезд аясында Декларация қабыл­да­нып, қорытынды құжатта форумға қаты­су­шы­лардың өркениетаралық және кон­фес­сияа­ралық, сондай-ақ жаһандық да­мудың өзек­ті мәселелеріне деген ұста­нымын біл­діреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қа­­зіргі жағдайда Съезд өткізудің маңы­зы жоғары екеніне тоқталып, жаһан­дық диа­лог мәдениетін ілгерілету қажет­тігін және Қа­зақстанның осы үдеріске қа­тысуы маңызды еке­нін атап өтті. Мемлекет басшысына Сенаттың ал­да­ғы уақытқа арналған жұмыс жос­пары баяндалды. Бұған дейін Қазақстанда өткен әлемдік діндер көшбасшыларының съездерінде қандай мәселелер көтерілді? Бұл бағыттағы іс ең әуелі 1986 жылы бас­талған болатын. Сол жылдың қа­зан айын­да және 2002 жылдың басында Ита­­лия­ның Ассизи қаласында конфес­сияаралық ке­ліссөздерді орнатуға бағыт­талған әлем дін­дері мен конфессиялары өкіл­дерінің кез­десуі болды. Кейін тоқтап қалған осы бір әлем­дік маңызы бар істі жаңа ғасырда Қа­зақстан қолға алып, бірнеше рет Әлемдік жә­не дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін бір­неше рет өткізді. Сөйтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмы­сына ислам, христиандық, иу­даизм, син­тоизм, индуизм және буддизмнің мей­лінше беделді өкілдері қатысты. Съездің қа­ты­сушылары құрамының көрнекілігі мен жо­ғары деңгейі конфессияаралық форум өт­кізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жү­зеге асуының даусыз табысына айналды. Түр­лі дін өкілдерінің көшбасшылары алғаш­қы съезде басқосуды дінаралық және ұлта­ра­лық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор секілді дау-дамайды шешу тәсілі ретін­де пайдалануды мақсат тұтып, бүгінгі әлем­дегі діннің рөлі және кез келген діннің не­гізгі моральдық құн­дылықтарының жал­пыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пі­кірлесу жасады. Қазақ жеріндегі түрлі дін өкіл­дері бас қосқан шараның идеясын К.Ан­нан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ық­палды саясаткерлерінің қолдауы біздің елі­міз мұрындық болып отырған халы­қ­аралық деңгейдегі басқосудың маңыз­дылығын танытты. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбіт­ші­лік және келісім сарайы» ғимара­тында өтті. Форум «Дін, қоғам және халық­аралық қауіп­сіз­дік» атты жалпы тақырып аясында «Діни на­ным-сенім бостандығы және өзге дінді ұста­нушыларды құрметтеу» және «Діни көш­басшылардың халықаралық қауіпсіздікті ны­ғайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойын­ша өткізілді. Форум жұмысына 29 деле­га­ция қатысты. Бұл съезд нәтижесінде қа­тысушылар «Дінаралық диа­лог қағидаттары» атты құжатты тал­қы­лап, барлық дін мен этникалық топ өкіл­дерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жан­жал­дарға жол бермеуге шақырған бірлескен дек­ларация қабыл­дады. 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қа­ла­сында өт­кен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының III съезіне Еуропа, Азия, Таяу Шы­ғыс және Американың 35 елінен 77 деле­га­ция қатысты. Бұл съездің бас­ты тақырыбы –мәселенің оң шешілуін­дегі рухани көш­бас­шылар рөлін олардың өзара құрмет пен ын­тымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру мәсе­лесі болды. Талқыланған мәселе­лер мы­на­дай бес тақырыпта өтті: 1. Мораль­дық және рухани құндылықтар. 2. Әділеттілік, бей­бітшілік және қауіпсіздік; 3. Қоршаған орта және үйлесім; 4. Диалог және әріптестік; 5. Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынты­мақтастық. Ал съезд қорытындысы бойын­ша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінара­лық диалог орнату үшін діни көш­бас­­шылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өр­кениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыт­талған үнқатысуын қол­дауға ықпал етуге ша­қырған бірлескен дек­ларация қабылдады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шы­ларының IV съезі 2012 жыл­ғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV съездің бас­ты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адам­зат таңдауы ретінде» деп аталды. Бұл бас­қосуға әлемнің 40 елінен 85 делегация қа­тысты. IV съезд аясында Діни көшбасшы­лар кеңе­сінің бірінші отырысы болып, онда діни көш­басшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағыт­талған өзге де форум­дар мен халық­аралық ұйымдармен диа­лог және ынты­мақ­тастықты қамтамасыз ету­дің басым­дықтары мен тетіктерін айқын­дау мәселесі қаралды. Съезд жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылардың үндеуі қабыл­данды. Үндеуде діни көшбас­шы­лар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың бола­шағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасам­паз­дыққа шақырды. 2015 жылы 10-11 маусымда Астана қала­­сын­да өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының V съезіне 42 мемлекеттен 80-нен астам делегация келіп, БҰҰ Бас Хат­шысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия Президенті Саули Ниинисте қатысты. Форумның жұмысына аса бір өзек­тілік берілгені сол уақыттағы әлемнің әр­түрлі нүктелерінде этникалық және діни қақ­тығыстардың өршіп тұруы мен әлемде геосаяси қысым­ның жоғарылауы болды. Астанада 2018 жылдың 10-11 қаза­нын­да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның алтыншы басқосуы өтті. «Діни ли­дер­лер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өт­­кен съезге саяси қайраткерлер мен халық­ара­лық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты. Съездің басты та­қырыбы «Бейбітшілік пен даму үшін диалог» болып белгіленді, себебі әлемде тыныштық пен келісімді орнатуға негізгі қадам – ымыраға келуге дайын болу. Съезд жұмысының қор­тын­дысына сәйкес, қатысушылар тарапынан бірлескен дек­ларация қабылданып, түрлі елдердің бар­лық саяси және діни қайрат­керлеріне XXI ғасырдың сын-тегеуіріндері мен қауіп­теріне қарсы бірлесе қарсы тұру қа­жеттігі туралы үндеу жасалды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің маңызы қандай? Съезд – әлемдік бейбітшілікті сақ­тауға қо­сылған үлес. Қазіргідей күр­де­лі ке­зең­де әлемге және біздің өңіріміз­ге ең бірінші ке­зекте тыныштық, тұрақты­лық, береке-бір­лік ауадай қажет. Діндердің негізгі миссиясы да осы құндылықтарға қол жеткізу, оларды кеңі­нен тарату. Сон­дық­тан алда өтетін Дін ли­дер­лерінің съезі Қа­зақстанның әлемдік бейбітшілікке қос­қан үлесі, татулық үндеуі деп қабылдауға бо­лады. Қазақстан – жаһандық ауқымдағы конс­трук­тивті диалог алаңы. Оның дәлелі, елімізге белгілі дін лидерлері келе жатыр. Олар­дың қатарында Рим Папасы, әл Азхардың шейхы, Бас имам Ахмед әл Тайеб (сонымен қатар Түр­кия Дін істері басқар­масы төрағасының орын­басары доктор Се­лим Аргун, Кавказ мұсылмандары бас­қар­масының төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде және т.б.) бар. Бүгінде әлем тұрақсыз. Қарулы қақ­ты­ғыстар да, ақпараттық, идеоло­гия­лық негізі бар «гибридті соғыстар» да орын алуда. Осындай кезеңде кез келген дең­гейдегі басқосуларды, кездесулерді өт­кізу оңай шаруа емес. Бұл біздің елімізге де­ген үлкен сенімнің белгісі деп айтуға бо­лады. Биыл Қазақстанда 14-15 қыркүйекте Қазақстан астанасында жетінші рет өт­келі отырған діндер съезіне Рим Папасы қа­­тыс­пақ. Оның бұл сапарының маңызы қан­дай? Ең алдымен, бұл Қазақстанның оң имид­жі үшін маңызды. Рим Папасы се­кілді ірі діни қайраткерлердің елімізге келуі Қазақстанның татулық пен тұрақ­ты­лықты, толеранттылықты қолдайтын ел де­ген көзқарасты бекемдей түседі. Рим Папасының келуі инвестициялық, туристік тартымдылықты арттыра­ты­ны анық. Көпшілікке белгілі, Еуропаның көп­теген мемлекетінде католицизм – не­гіз­гі дін. Олардың қатарында Франция, Ита­лия, Испа­ния, Аустрия, Бельгия және тағы да басқа көп­теген ел бар. Осындай елдердің Қазақ­станға назарын аудару инвестициялық тұр­ғы­дан маңызды екені сөзсіз. Сонымен қатар Рим Папасының сапары туралы ақпарат тарату үшін көп­теген шетелдік журналистер келеді. Қазақстанда Рим Папасы көпшілікке арнал­ған месса өт­кізеді. Оған бүкіл Орта­лық Азиядан 10 мыңға жуық адам қаты­са­ды деп күтілуде. Мұның бәрі отандық туризм үшін өзіндік серпін беретіні анық. Съезд – Қазақстанның халықаралық имиджін жақсарту бастамасы. Шынын айту керек, қаңтар оқиғасы елі­міздің имид­жіне кері әсерін тигізді. Елі­міз қосалқы санк­цияларға ілініп кетуі мүм­кін деген қауіптер де жиі айтылып жүргені бел­гілі. Осындай қиын кезеңде біз халық­аралық беделіміз тура­лы шындап ойлануы­мыз керек. Міне, сол үшін діндер съезі –үлкен мүмкіндік. Осы арқы­лы Қазақстан со­ғыссыз, бейбіт, татулыққа негізделген әлем­ді қолдайтынын анық көр­сете алады. Съезд Ислам дінін терроризммен бай­ланыстыру әрекетін айыптайды. Ал аталған шара Ислам дінін қорғайтын негізгі халықаралық алаңдардың біріне ай­налды де­сек қателеспейміз. Көпшілікке белгілі, әлем­де асыл дінімізді терроризммен байланыстыру әре­кеті тоқтаған емес. Аталған шара қолға алын­ғалы бері жиынға қатысушылар дін атын жамылып жасала­тын экстремизм мен тер­роризм әреке­т­терін айыптап келеді. Бар­лық дін лидерлері бұл мәселеде бірлесе әрекет ету туралы келісімге келіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан бұл – мұсылман әлемі үшін, халқының дені мұсылман біздің еліміз үшін аса қажет алаң. Съезд – рухани және моралдық тәр­бие­ні насихаттап келе жатқан бірегей алаң. Осы мәселе үнемі айтылып жүр­генімен, оған жоғары деңгейде жүйелі назар ау­дары­лып жатқан жоқ. Съезд сол олқылықтың ор­нын толтырып келеді. Пандемиядан кейін рухани болмыстың маңыздылығы қайтадан назарға алына бастады. Съезд әрдайым қо­ғам­ның мора­ль­дық және рухани негіздерін нығайту бойынша маңызды ұсыныстар беріп келеді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта құру мәселелері төңірегінде де пікір алмасулар болғаны белгілі. Бұл мәселелер биылғы съезде де көтерілуде. Рухани, моральдық құнды­лық­тар құлдыраған заманда мұндай талқылаулар бізге өте қажет. Парламент Сенатының Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев отандық телеар­на­ларға берген сұхбатында Әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлері съезінің маңызы туралы ай­тып, биылғы форумның жаңа геосаяси ахуалдағы ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Дін лидерлерінің съезін шақыру Қа­зақ­стан­ның жаһандық қауіпсіз­дікті қам­тамасыз етуге қатысты ортақ күш-жігерді бірік­тіруге деген ұмтылысынан туындағанын атап өткен Мәулен Әшімбаев съезд Хатшы­лы­­­ғының басшысы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форум­ды өткізудің бастауында тұрғанын айтты. Сенат Спикері әлем­дік қоғамдастықтың форумға деген қы­зығушылығының артуы оның қазақстандық сыртқы саясаттың қажеттілігі мен тиімділігін баса көрсетіп отырғанын да тілге тиек етті. «Алғашқы съезд 2003 жылы өткізілді. Оған 17 діни ұйымның, оның ішінде әлем­дік дін­дердің лидерлері мен өкілдері келді. Содан бері арада 20 жыл және 6 съезд өтті. Әр съезд әлем­де диалог мәдениетін тарату, өзара түсі­ністікті арттыру, әлемдік және дәс­түрлі дін­дер­ді жақындастыру, рухани көш­бас­шы­лар­дың адамзат дамуының өзекті проблемалары бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуі тұр­ғы­сынан маңызды рөл атқарды. Біздің халқымыз ежелден ашықтық, бей­бітшілікке төзімділік қағида­ларын ұстанған. Біз әрқашан басқа діндерге құр­мет­пен қарап келеміз. Ашықтық және толерант­ты­лық мәдениеті белгілі бір дәре­жеде біздің тарихымыздың, география­мыздың және шек­сіз даламыздың көріні­сіндей. Дәл осын­дай құндылықтар біздің ұлттық кодымыздың маңызды бөлігін құ­рай­ды. Тәуелсіздік жыл­дарын­да Қазақ­стан эт­никааралық және кон­фессияаралық ке­лісімнің бірегей үлгісін қа­лып­тастырды. Ол уақыт сынынан өтіп, өзінің тұрақ­тылығы мен келешегі зор екенін көр­сете алды. Қазір 100-ден астам дін лидерлері мен діни ұйымдар басшылары өз­дері­нің қатысатынын растады. Бұдан басқа, же­тін­ші съезд кезінде әлемнің көптеген елі мен әлеуметтік топтар үшін өзекті мәсе­ле­лер көтеріледі. Атап айт­қанда, радика­лизм­ді, се­німсіздікті, ксе­нофобияны еңсеру жо­лында бі­лім беру мен діни ағартуды да­мытуға, әр дін­нің бейбіт өмір сүруін қам­тамасыз етуге бай­ланысты мәселелерді қоз­ғайтын сек­ция­лық отырыс­тар болады. Секциялық отырыста әйел­дердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі туралы мәселе де сөз болады. Сондықтан бұл съезден әлемдік қоғамдастық, әлемдік БАҚ үлкен үміт күтіп отыр», – деді Мәулен Әшім­баев. Бүгінде сыртқы сын-қатерлерге бір­лесіп жауап іздеу және әлемдік дін­дер ара­сында өзара іс-қимыл үрдісі кеңінен бай­қа­лып отыр. Сонымен қатар соңғы жылдары ру­хани көшбасшылар ымыралы шешімдер мен ынтымақтастық­тың ортақ платформасын іздеудің үлгісін көрсетті. Елордада өтетін Әлемдік және дәс­түр­лі діндер көшбасшыларының VII қо­ры­­тын­ды құжаты – съезд декларациясы – съезд жұ­мысының нәтижесі болмақ. Онда әлемдік дін­дер лидерлері неғұрлым көкейтесті әлем­­дік проблемаларды шешудің маңыз­дылығы туралы өз пікірлерін білдіреді. Олардың ішін­де геосаяси шиеленістер мен қақтығыстарға бай­ланысты түйткілдер, әлеуметтік пробле­малар және басқа да мәселелер бар. Дек­лара­ция БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде тара­тылады.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ