Жаңалықтар

«Қорқыт туралы аңыз»

ашық дереккөзі

«Қорқыт туралы аңыз»

Қойылым басталғанда қобыздың сары­ны қобыздың өзінен де асып түсіп, о дүние мен бұ дүниенің арасындағы мұңды елші­дей көрерменді бірден баурай жөнелді. Бұл спек­такльде Қорқыт философиясы «өлім­нен қаш­қан» концепциясымен емес, кері­сін­ше жарық дүниеде тіршіліктің қадірін білу концепциясымен түсіндірілген. Сон­дай-ақ, бұл – автор мен режиссердің ежелгі аңызды пластикалық стильде жаңаша мо­делдеу тәсілі. Сюжеттің сөз емес, дене ар­тикуляциясы арқылы жеткізілуі – ұлттық-дра­малық сахнадағы жаңаша формат. Режиссер К.Семеновтің модерндік бидің менталитеттік шеңбердегі жарасымын тапқаны сүйсіндірді. Қазір сахнадағы анайы, көргенсіздік деуге келетіндей ерсі қимылдар еш­кімді қызықтырмасы анық. Ал бұл пла­с­ти­калық қойылымдағы ішкі мәдениет пен жүріс-тұрыстың ауадай жеңіл толқыны, күллі дене философиясы терең де сыпайы сезімге құрыл­ған. Өз түсінен өзі шошынған Қорқыт өнер ғана мәңгілік екенін ұғынды да, өзі де қо­бызға айналып өмір сүргісі келгендей. Өйт­ке­ні өнер ғана мәңгілік. Ол соны түсінді және біз­ге түсіндіріп кеткен еді. Аңыз бойынша Қор­қыт­қа «егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүре­сің» деген аян келген көрінеді. Бірақ бір күні ол бір өгізді қуып жүріп, «саған өлсем де, же­темін!» деп айтып қалыпты. Сол кезде Әзірейіл­дің «Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!» де­ген дауысын естиді. Сол сәттен бастап Қорқыт өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздеп өткен екен делінеді. Қойылымда оның (актер Еламан Әбдіхалық) сол өгізбен айқасы ажалмен ай­қастың бір көрінісі ретінде бейнеленген. Пластикалық қойылымдағы әртістердің сахнадағы қимылын «би» деп айтайын десең, ол – біздің ұғымымыздағы кәдімгі бидің ау­қымынан асып түсіп жатқан басқа бір әлем. Би емес дейін десең, би элементтері жібек ора­малдай желпіп, сағымдай пайда болып, ағындай жұ­тылып, толқынданып, кесек-кесек цита­таларды жеткізгендей болады. Құдай шебер адам баласы өзінің ішкі толғанысын қара сөзге сыйғыза алмас, сондықтан денесі де сөйлеп тұрсын деп, оған барлық мүмкіндікті беріп қой­ған екен деген ойға келесің. Зер сала қара­саң, сахнадағы әрбір кейіпкердің бет-әлпетінің ай­дынында бос жатқан жер жоқ екенін бай­қайсың. Көз дегенің – жалт-жұлт еткен аспан әлемі. Қас-қабақтары – дауыл немесе жылдың төрт мезгілін сыйғызып тұрған адамдық карта. Әрбір рөлдегі әр әртістің бет-әлпеті – тұнып тұрған тарих немесе сезімдер кешені десек то­лым­дырақ болар ма екен. Саусақтары өздерінің қылығымен кәдімгі саусақ емес, экзотикаға айналып кетеді. Аяқтың қимылдары бір қара­саң, қорғасыннан ауыр, бір қарасаң қауыр­сын­нан жеңіл. Эмиль Кроткий деген жазу­шы­ның «балерина мен қасқырды аяғы асырайды» деген сөзі бар еді. «Мінәжат» дуэті (Рустам Шайхов, Алина Ормонбек) жеткізген сондай көріністерді би тіліндегі «махаббат жыры» деуге келетіндей. Оны тек «...көзбен көр де, ішпен біл». Дуэттің қи­мылдарынан көзіңді ала алмай, ішің мен сыртың сол қимылдарға ілесіп, өзіндік бір дәурен кешкендей болады. Қорқыттың дүниеге келуінің өзі жер бе­тінде найзағай ойнатып, дауылдатып, жат­танды әлемнің есігін қопара ашып, мына әлемге басқа бір әлем кіріп келе жатқандай әсер берді. Келе салып, өзіне көр қазғандарды бай­қаған Қорқыттың бойын үрей билейді. Әрине, олардың қимылында өлім деген ұғым жоқ еді. Олар тек адамды басқа дүниеге аттандыратын есік жасап жатыр еді. Сонда да ауыр ой тұтқы­нында қалған Қорқыттың үрейі алып тастар болып көрсетілді. Өлім мен өмір, әрине, көр­шілер. Бірақ олар бір-бірін танымайтын көр­шілер. Сол екеуінің ортасындағы адам – екі жақ үшін де маңызды фактор. Адам баласы үшін ең ауыр қайғы да өзінің осындай мазмұндағы маңыздылығында. Адам не олай, не былай бол­ғысы келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Екі дүниенің да дәмін татуға тура келеді. Осындай ауыр ой жетегінде алып тау-тастарды қопара талқандап шыққандағы Қорқыттың би қимылы ерекше әсерлі болды. Ол өз кейіпкерінің қиындықтан шығу мотивациясын мықты көрсетті. Жер бетін бірін бірі түсінбейтіндердің араз­­дығы мен қайшылықтар қырғы­ны­­на айналдырғысы келетін пері қызы Марту (Ақылай Сыдығалиева) мен Қорқыттың айқа-сы – дәл бүгінгі күннің де жержүзілік мәселесі. Со­ғыс­ты «соғыс!» деп жүз қайталамай, садақтың сам­саған оғының ойда жоқта тап берген әскер­лердей ойда жоқта сарт ете сап түзеп, көз ал­дымызға тұра қалуымен көрсеткені – режис­серлік шеберлік. Бұл – оқиғаны жеткізудің сахнадағы жаңалығы. «Кванттық кеңістік тұрғысынан қарасақ, адам­дар арасында ешқандай ара қашықтық жоқ» деген түйінді де бір білімді адам айтқан болар, кімнен оқығаным есімде қалмапты. Әй­теуір, сол ғалымның айтуынша, анау адам, мы­нау адам деген жоқ. Қазіргі адам, бұрынғы адам деген де жоқ. Біз бәріміз бір алаңдамыз. Өйт­кені біздің әрқайсымыз – энергиямыз және ол энергия үздіксіз. Біз біреуге энергия бере ала­мыз және басқадан қабылдаймыз. Осы ұғым­ға бір қарап, мына қойылымға бір қарап оты­рып, баяғыда өмір сүріп кеткен Қорқыт пен бү­гінгі біздің арамызда энергетикалық бай­ланыстың үзілмей тұрғанын сезінесің. Ара­қашықтық жоқ екен-ау деген ойға келесің. Өйткені мәселе тіпті өлімнен қашуда да емес, мәселе – мына жарық дүниеге деген асқан құш­тарлығымызда. Біз туа сала, бұл өмірге ғашық боламыз. Сахнадағы Қорқыт та сөйтті. Ол тіпті мына дүниеге келмей жатып-ақ, осы дүниеге ғашық болып үлгерген сияқты. Тезірек жарық дүниені көрсем деген іште жатқан сәбидің тарыдай ғана арманын актер Дастан Саттар өте әсерлі жеткізді. Режиссерлік шешімнің шеберлігі тамсандырды. Құрсақта өзіңнің қалай өмір сүргеніңді көріп отырғандай боласың. Сөйтіп келген, соншалықты ғашық еткен жарық дүниені енді тастап, басқа дүниеге көшетінін се­зіну Қорқытқа неге оңай болмағанын тү­сінесің. Жалпы, Қорқыт жырларының оқи­ға­лары тек қана оқиғалар емес, олар көне дәуір адамының іс-қимылын психоло­гия­лық синтездеу дегенге келіңкірейді. Содан бо­лар, ежелден таныс жырлардың визуалды-плас­тикалық баяндалуын көргенде көрерменнің ой-санасында да трансформациялану процесі жүре бастағаны анық. «Ойыңды өзгерт» кон­цеп­циясы дәл осы жерде жүзеге аса бастай­тын­дай. Кейіпкерлердің би-қимылдарының ви­деоконтентпен ұштастырылуы да көрерменді эмоционалды жағдайға келтіреді. Сөз-реплика айтылмайтын, тек қимыл-реплика ғана «сөй­лейтін» қойылымда актердің қимылы мен видеоконтент бірін бірі толықтырғаны көркем шықты. Ал сахна үшін жарық пен қараңғы – ең негізгі екі локация. Бұл екеуі кейіпкерге костюм де бола алады. Сол екі локацияда кесек-кесек ци­та­талар тас болып та, әуен болып та жетіп жатты. Қорқыт баба біздің өмір туралы түсінік-та­нымымыздың кеңеюін қашықтықтан басқарып тұрғандай. Ол бүгінгі бізді кәдімгі кең масштабты вайфай сигналдармен қуаттанды­рып жүрген тәрізді. Соның әсерімен көрер­меннің ой-санасында жаңару процесі жүріп өткені анық. Өйткені визуалдылығы басымдық алып тұрған қазіргі қоғам көрермені пласти­калық қимылды жақсы түсінеді және жақсы қабылдайды. Қазіргі көрерменге көп сөз емес, көрікті кескіндер түсініктірек, жағымдырақ. Өйткені біз – өзгеріске ұшырағандармыз. Цифрлы қимылды сүйсіне қабылдаймыз. Себебі мұнда уақыт үнемделеді. Қойылым авторлары – тайм-менеджмент психологиясын жақсы түсінгендер. Біз қара жердің 1670 шақырым-сағат шап­шаңдықпен шырқ айналып тұрғанын және өзіміздің де дәл сондай шапшаңдықпен шырқ айналып тұрғанымызды сезінбейміз. Оны сезінбейтініміз өз алдына ғой, сондай шап­шаңдықпен жер бетіне ала-құла тағдыр жолын өзіміз сызып жүреді екенбіз. Ол сызық­тар өзінің қоңыр, қызыл, жасыл, сары түс­тері­мен тіршілік траекториямызды көз алдымызға келтіреді. Сахнадан сол ізімізді көрдік. Әлде, бұл мәңгілік өмірді іздеп дүниені шарлаған Қор­қыттың Желмаясының іздері ме екен? Не десек те, қойылымда тіршіліктің іздері фило­со­фиялық трактаттардай әр бояуымен өзімізді өзі­мізге таныстырғандай болды. «Сенің жүрісің – мынау» деген сілтемені ұқтық. Костюм актердің образға кіруіне кө­мек­тесетін атрибуттардың бірі екені тү­сінікті. Әсіресе, пластикалық қойылымның не­гізгі тірегі. Дегенмен ол көрермен үшін тіпті маңыздырақ. Көрермен актердің іс-қимылы мен костюмін салыстырып отырады. Салыс­тырайын демейді, түпсана солай жұмыс істейді. Солай қабылдайды. Осы қойылымдағы костюм­дер­дің өзі кейіпкер ретінде жүріп, пластикалық қимылдарымен образға кіріп, әсіресе, Марту мен Қорқыттың мағынасын аша түсті. Тіпті, жа­лаңаш дене де костюмнің рөлін атқарды. Оған құрсақтағы сәби Қорқыттың образы куә. Пластикалық өнер – әрбір әртістің өз де­несін сөз ретінде пайдалана білуі де­ген­ге келетін сияқты. Бұл – өз денесімен «тіл» та­быса, образдың әр сызығын дұрыс сызып шығуын қамтамасыз ету. Әр сөзді, әр ойды жет­кізген кездегі дене қимылы қалай қозға­ла­тын­дығын сырттай бақылап, сосын оны плас­тикаға айналдыру – математикада есеп шығарумен бірдей шығар. Өйткені пластикалық қимыл айтылмақ ойдың «орфографикасына» дәл түсу керек. Пластикалық спектакльде көзіңді ба­қырайтып қойып, ешкім ештеңені баяндап бермейді. Керісінше, бәрі сезім мен түйсікке құры­лады. Бидің интонациясы мен мимикасы тек бет-әлпетте ғана емес, күллі денеде «жүгіріп» жүреді. Бір топ бишінің геометриялық толқын­мен бір кісідей жасайтын пластикалық қимы­лын халықтың бірілігі идеясын жеткізу көрі­ні­сіне пайдалану – бұл қойылымды ерекше әсерлі етті. Пластикалық спектакль сахнасындағы фон оқиғаларға кіріп-шығып жүретін өзіндік басқарушы болып түйіседі. Мұңаяды, біресе тас-талқаны шығады, біресе биікке өрлеп бара жатқан Қорқытқа жол болып төселіп, ажал­дың аяғы жетпес алысқа ала жөнелгісі келеді. Ал жаңбыр ше? Қойылымда Қор­қыттың о дүниеге аттанар сәтінде жер бетіне жаңбыр жауа­­тын көрініс бар. Сіз сахнада кәдімгідей жаң­быр жауғызғанын көріп пе едіңіз? Ал­ға­шында тү­сі­н­бей қалдық. Оны кө­рер­­­мен­дер 3D эффект деп ұғып қалды. Олай емес, кәдімгі жаң­быр екен. Шынайылықты түсінбей қалатын кез­де­ріміз аз ба?! Шындықты кө­ріп тұрсақ та, оған өзімізді сен­діре алмайтын кезіміз көп қой. Өйткені кейбір шындықтар адамды таңғал­дырады. Әсіресе, өтірігі көп қоғамда шындықты мойындату – қиынның қиыны. Өзіңді өзің мойындата алмайсың. Суылдаған дауысымен, құйып тұрған жаңбырдың иісі келіп, сахнаға су иірілгенде ғана мұның нағыз жаңбыр екенін бір-ақ білдік. Режиссерлік шеберлік, көркемдік талғам деген – осы. Қойылым авторларының ком­форттық зонадан шығып, шарқ ұрған ізде­ніс­терінің айғағы. Ал сонда бұл ненің жаңбыры еді? Әрине, бізге оны ешкім сөзбен түсіндірген жоқ. Әр көрермен өзінше ұғынып, өзінше бағалап кетті. Менің ұғынғаным, Қорқыттың о дүниеге аттанып бара жатып, бұ дүнияға рах­ман жаңбырдай тазалық, жаңбырдай көркем ой, жаңбырдың әр тамшысының әр пенде ретіндегі рөлін ұғындырып бара жатты. Әлде, Қорқыттың осы дүниеге деген сағынышының көз жасы ма екен! Немесе, біз өзіміз Қорқыт ба­ба болып жылап тұрған жоқпыз ба осы? Әлде жер бетін­дегі адасып-табысқан, шатасқан-тарқатылған іздерді жуып кетіріп, жаңаша өмір бастауларына сілтеме жасағандық па екен? Әйтеуір, бұл тек жаңбыр емес, осы қойылымның түйінін айтып жеткізген, екі дүниенің арасында ұлы байланыс бар екендігін кескіндеген ең маңыз­ды кейіпкер ретінде көрінді. Спектакль бітті. Дәл 1 сағат 20 минут. «Кө­рер­мендердің қол шапалағы – спек­так­льдің жалғасы» деген ойды кім айтып еді осы? Қалай дәл айтқан. Көрермендердің риза­шы­лық қол шапалағы тағы да 15 минуттай уа­қытқа созылды. Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова бір сұхбатында «Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі үлкен дүниелерді қоюға қабілетті» деген еді. Осы қойылымның өзі театр ұжымының стратегиясынан хабар береді. Қазіргі көрермен бұдан он жыл, тіпті бес жыл бұрынғы көрермен емес. Қазіргі көрермен сахнадағы жаттанды жү­ріс-тұрысты емес, заманды өкшелей қуған шап­шаңдықты, тылсым әлемнің үнсіз айқайын, сөздің сиқырлысын, ойдың ормандай қа­лың­дығын қалайды. Одан басқаларын тұзсыз та­мақтай көреді. Айнып қалады. Бір кеткен кө­рер­менді қайтадан залға кіргізу оңай емес. Аңыз бойынша ажал Қорқытты ұстай ал­маған соң оған жыланды жіберген еді ғой. Қор­қыт сәл қалғып кеткенде, жылан шағып алып, ол содан өлген екен делінеді. Қазіргі за­ман­ның да адамды жыланша арбап, кейде ұй­қылы-ояу жағдайға келтіріп, кейде талғам­сыздыққа байлап қоятын кезі аз ба? Ол адамды өлтіріп жібермесе де, рухани өлікке айнал­дырады. Ал Қорқыт баба жырлары – адам ба­ласын сол жағымсыздықтан арылуға шақы­ра­тын, әрбір қоғам мүшесін ерлікке, еңбек­қор­лыққа, отаншылдыққа үндейтін адамзаттық құндылық. Жан дүние экологиясына сілтеме жасайтын рухани азық. Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қор­қыт туралы аңыз» атты пластикалық спектаклін бел­гілі ресейлік балетмейстер Константин Се­ме­нов сахналапты. Композиторы – дарынды жас Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

Оңайгүл ТҰРЖАН