«ҚТЖ» мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақтылы жеткізбеген

«ҚТЖ» мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақтылы жеткізбеген

«ҚТЖ» мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақтылы жеткізбеген
ашық дереккөзі
Әлихан Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін талқылау барысында орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және өңірлердің арасында өзара үйлесімді жұмыстың болмауынан күрделі ахуал орын алып отырғанын атап өтті деп хабарлады turkystan.kz. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» тарапынан логистика, мұнай өңдеу зауыттарынан өнім жөнелту, өңірлерге қажетті мұнай өнімдерінің көлемі бойынша нақты үйлесімділік жоқ. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» компаниясы мұнай өңдеу зауыттарына цистерналарды уақтылы жеткізбеген және мұнай өнімдерін өңірлерге тасымалдау үшін вагондарды беру кестелерін түзетпеген.
«Тыйым салынғанына қарамастан, бензин мен дизель отыны басқа тауарлар ретінде сыртқа шығарылып отырған. Мысалы, пешке арналған отын экспорты 11 есе өскен. Демек, Энергетика министрлігі бұған тиісінше бақылау жүргізбеген», - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр «ҚазМұнайГаз» компаниясының салғырттығынан жер қойнауын пайдаланушылар болып табылмайтын жеке компаниялар мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеп, кейін ол жоғары бағамен сатылып отырғанын айтты. Әлихан Смайыловтың айтуынша, өңірлердегі жеңілдікті жанар-жағармай операторларына қойылатын біліктілік талаптары мен оларды айқындау тетігі жоқ, бұл белгілі бір компанияларға «артықшылық берілуіне» жағдай жасайды. Бұған қоса, Энергетика министрлігі жеңілдікті жанармайдың шекті құнын белгілемеген. Сондықтан баға оператордың қалауы бойынша қойылады.
«Аталған фактілердің барлығы өңірлерде дизель отынының жасанды тапшылығына және бағаның күрт өсуіне әкеп соқты», - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы уақтылы шараларды қолданбағаны үшін Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», «Petrosun» ЖШС және АМӨЗ лауазымды тұлғаларына қатаң сөгіс жарияланғанын атап өтті.