Дихан Қамзабекұлы «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС басшысы болып тағайындалды
Дихан Қамзабекұлы «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС басшысы болып тағайындалды
«Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС Бас директоры лауазымына Дихан Қамзабекұлы тағайындалды деп хабарлады turkystan.kz.
Бас басылымның жаңа басшысын ұжымға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі таныстырып, Дихан Қамзабекұлына жүктелген лауазымның жауапты қызмет екенін айта отырып, сәттілік тіледі.
Дихан Қамзабекұлы 1966 жылы 19 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетін тәмамдаған.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағының Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, Қазақстан Президенті стипендиясының иегері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.
1990-1996 жылдары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастады.
1996-2000 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2000-2001 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері, 2001-2004 жылдары Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, 2004-2005 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. 2005 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, университет жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры болып қызмет еткен.
Бұған дейін республикалық газеттің бұрынғы басшысы Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.