«Алты жасар Алпамыс» фильмі қалай түсірілді?

6 қыркүйек, 2022 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
«Алты жасар Алпамыс» фильмі қалай түсірілді? Жас пен кәрі әлі күнге дейін сүйсіне тамашалайтын Абдолла Қарсақбаевтың атақты «Алты жасар Алпамыс» кинофильмі ешқашан жалықтырған емес. Көрген сайын бұрын аңғармаған жақсы эпизодтар, сəтті сюжеттер ашыла береді. Биыл жарық көргеніне 47 жыл болса да сол алты жастағы Алпамыс əлі күнге дейін мектеп жасындағы балалар мен барша көрерменнің сүйікті кейіпкері деуге болады. Ендеше, оқырман назарына фильм туралы қызықты деректерді ұсынамыз.  Фильмнің шығуы Кинотуынды алғаш рет студияға 1975 жылы мəскеулік кинодраматург Роза Хұснұтдинованың сценарийі бойынша «Алпамыс идёт в школу» деген атпен келеді. Фильм түсірер кезде белгілі режиссер Серік Жармұхамедовтің Мәскеудегі жоғары курстың екінші курсын тәмамдап, «Қазақфильмге» тәжірибеден өтуге келеді. Режиссер Абдолла Қарсақбаев студияның ұзын дәлізінен студент Серікті көре қалып, оған осы фильм бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдіреді. «Менің атым – Қожа», «Қилы кезең», «Беу,балалар-ай!» фильмдері арқылы есімі елге таныс Абдолла Қарсақбаев «Алты жасар Алпамысқа» кіріскенде, жағдайы аса мəз болмаған. Шаруасы шатқаяқтап, айналасының түсінбестігіне душар болып жүрген кезі болатын. Содан да шығар, Əбекең «Алпамысты» түсіруге қатты құлшынды. Кейіпкерлер таңдауда да, сюжеттер композициясын үйлестіруде де белсенді болды. Басты кейіпкер Алпамыстың рөлін Ермек Төлепбаев сомдады. Абдолла Қарсақбаев оны режиссер Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» деп аталатын қысқа метражды фильмінен көріп қалған. Режиссер Ермектің көзін қатты ұнатқан. «Көзі таза екен. Таңертеңгі шық тəрізді. Ермектің бойында балалық нəзіктік бар, ашылып келе жатқан гүл сияқты» деп айтқан. Сөйтіп, бас кейіпкердің рөліне Ермек Төлепбаев бекітілді. Одан кейін де Ермек В. Пұсырмановтың «Серебряный рог Алатау», С. Райбаевтың «Әнші аралдың құпиясы», С. Жармұхамедовтың «Өтелмеген парыз» А. Григорьевтің «Время жить» фильмдеріне түсті. Е.Төлепбаев Халық шаруашылығы институтын, кейін Қазақ Мемлекеттік заң академиясын бітірген. Бірталай жыл Д. Қонаев атындағы гуманитарлық институтта және Экономика академиясында оқытушы болып жұмыс істеген. Кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрған. Ермек Төлепбаев бір сұхбатында «Кино менің балалығымды ұрлады» деген екен.

Есей Жеңісұлының «Сендер бəрің жақсысыңдар, адамдар!.» атты кітабынан.

Екінші басты кейіпкер «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сияқты бұл фильмде де бір сотқар образ бар. Ол - оқуға ынтасыз болса да, достыққа берік Қалихан. Режиссердің осы кейіпкерді фильмге қалай таңдап алғанының өзі бір қызық. Қалиханның рөлін Ұлан Сарбасов ойнады. Өкінішке қарай, актер Ұлан Сарбасов өмірден ерте өтсе де оның таланты мен өжеттілігі ел жадында жақсы сақталған. Кинорежиссер Серік Жармұхамедовтің естелігінен:
Қалихан рөліндегі Ұланды да Әбекең (Абдолла Қарсақбаев) өзі тапты. Бұрын бір көріп қалған екен. Мені «Сары» дейтін еді. Бір күні: «Әй, Сары, жүр кеттік», — деді. «Қайда?». «Жүр, барғасын көресің». Екеуміз студияның машинасына мініп алып, Алматы-2 вокзалының батыс жағындағы жер үйлерге келдік. Балалар ойнап жүр. Солардың ортасындағы Ұланды қырық минуттай бақылап тұрдық. Ұлан ерегісе білетін, ерегісті өнер деп білетін, өзгенің емес, өзінің дегенін істейтін қайсар бала екен. Бір кезде Ұлан шамасы 10 жасар баламен ойыншық мылтыққа таласты. Бермей қойды. «Қалиханға осы мінез керек. Байқап тұрсың ба?» деді маған Әбекең. Егер біз Ұланның қасына барып, «отыршы, әңгіме айтшы» десек, бала ештеңе де айтпас еді. Әбекең сырттай бақылап-ақ, өзінің болашақ кейіпкерін дәл және тез таңдады. Бір өкінштісі, сол Ұланның өмірі кейін дұрыс қалыптасқан жоқ. 10-сыныпты бітіргенде «топ болып адам өлтіруге қатысты» деген айып тағылып, сотталып кетті. Қасындағылар бәленің бәрін Ұланға жапқан сияқты. Қолтырауынның аузына кір десең де тайсалмайтын бала еді ғой, тіпті, ерегісе келіп, оның «мен жасадым» деуі де мүмкін ғой. Түрмеден келгесін, Ұлан асылып өліпті... Мүмкін, оның мұндай әрекетке баруына біз де кінәлі шығармыз. Образ үшін жасаған әрекетіміз өміріне зиян болды ма, кім білсін?..

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Мұнар ата рөліне алғашында актер Кененбай Қожабеков түсуі керек болған. Алайда, ол өзін лайық көрмей, орнына актер Қанабек Байсейітовті ұсынған. Актер Кененбай Қожабековтің естелігінен:
Мені «Алты жасар Алпамыс» фильміне түсуге шақырды. Сценарийді оқып, көңіліме тоқып, гримделуге бардым. Көпті көрген, ауылдың дана қарты, бұрынғы балуан шал бейнесі көз алдыма келді. Фильмге түсер алдында гримделіп болып, айнаға қарадым. Сценарийдегі дана қария тұлғасына сырт пішінім ғана емес, ішкі жан дүнием, ой сезімім үйлеспейтін сияқты. Шығара алмай күлкіге қалам ба деп қорқып, күдіктене бердім. Бұл образ Қанекеме (Қанабек Байсейітов) келіп тұр деген ойда қалдым. Кенет айнадан бұрылып, жапсырған сақал-мұртымды жұлып тастап, коляскімен жүріп кеттім. Машинама мінейін деп жатқанда қалбаңдап Абдолла (режиссер) келді. – Қайда барасың, ертең фильмді бастаймыз? – деп шылбырдан ұстап жібермеді. – Жоқ, мен бұл образға келмеймін. Жасай алмаймын. Бұл нағыз Қанекеңнің рөлі, – деп шынымды айттым. Қанекең дегенде Абдолла ойланып қалды… – Керек десең, ол қара шалды қазір үйіне барып машинама мінгізіп, өзім әкеп берейін, – дедім жалынып… Абдолла сонда ғана сабасына түсті. Сөйтсем, бірдеңені білгендей екенмін, бұл қарт бейнесі экранда Қанабек ағаның асқар тұлғасымен дараланып тұрды. Бұл қайран Қанекемнің өнерде жасап кеткен соңғы бейнесі болды. 3 қазан, 1986 ж.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Алпамыстың əкесінің рөлінде Мəкіл Құланбаев, анасын Дариға Тілендиева ойнады. Фильмге қатысты қызықты деректер? Алпамыстың рөлін ойнаған Ермек Төлепбаев ол кезде алтыға толмаған еді.  5,5 жаста болған. 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Бала психологиясын жақсы ашқаны үшін» атты ең таңдаулы балалар фильміне берілетін бас жүлдені жеңіп алады. Туындының бас операторы тəжірибелі Əбілтай Əбілханұлы Қастеев болды. Фильм Талғар ауданының Рысқұлов колхозында түсірілді. Қысқа қарай бітті. Алпамыс әкесімен таудан жылқы алып келетін эпизодын түсірерде қар жауып кеткендіктен, Тәжікстан елінің астанасы Душанбенің маңында түсірген. Алпамыстың анасының рөлін сомдаған актриса Дариға Тілендиева - әйгілі күйші композитор Нұрғиса Тілендиевтің жары. Сондай-ақ ол осы кинокартинаға бірнеше музыкалық композиция жазған. Фильмдегі мұғалім мен оның сүйіктісін сомдаған актриса Гүлнар Ералиева осы туындыдан кейін өмірде де отбасын құруды ұйғарған. Қазір 3 баласы бар.