Қостанай облысындағы өрт қайта күшейді

Қостанай облысындағы өрт қайта күшейді

Қостанай облысындағы өрт қайта күшейді
ашық дереккөзі
Қостанай облысында өрт қаупі толық сейілмей тұр деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. Бүгін Басаман және Бағаналы ауылының маңында тілсіз жау тағы күшейді. Елді мекендерге қатер төнгендіктен тұрғындар эвакуацияланды. Бағаналы ауылындағы 370 адамның 250-і Қазанбасы ауылына эвакуцияланған. Абырой болғанда, елді мекенге төнген қауіп едәуір сейілді. От ошағы бұл ауылдан шамамен 2-3 шақырым, ал Бағаналыға 1 шақырымдай жақындады. Өрт сөндірушілер мен еріктілер, жақын маңайдағы ауылдардың тұрғындары бел жазбай тілсіз жаумен күресіп жүр.
«Қолымызда шоқ сөндіретініміз бар. Трактор су шашып жатыр. Көкте тікұшақ. Жел ғой, өршітіп тұрған», - дейді ауыл тұрғыны Айтбай Таштауов.
Бұл өрттен әзірге зардап шегіп, шығынға батқандар жоқ. Ел қиындыққа бір кісідей жұмылған. Бірі өртпен арпалысса, енді бірі оларға азық, су жеткізіп жүр.
«Қазір жағдай қиын... Көпшіліктің арқасында ауылды қорғап отырмыз», - деді Қазанбасы ауылдық округінің әкімі Тұрғынбек Әбдібеков.
Әзірге бұл тұста қанша аумақты от шалғаны белгісіз. Арнайы сала қызметкерлері мен барлық азаматтар жабылып оны әрі қарай өршітпеуге барын салып жатыр.