Міржақып жайлы фильм Торғайда түсірілмеуі мүмкін

Міржақып жайлы фильм Торғайда түсірілмеуі мүмкін

Міржақып жайлы фильм Торғайда түсірілмеуі мүмкін
ашық дереккөзі
«Міржақып. Оян, қазақ!» телесериалының продюсері Айсәуле Әбілдә түсірілім жұмыстары барысын баяндады деп жазды turkystan.kz. Продюсер Міржақып Дулатұлына қатысты кей эпизодтар Тобыл-Торғай даласында түсірілуі керек болғанын, бірақ кешегі төтенше жағдайдан кейін екі ойлы болып отырғандарын жеткізген.
«Түсірілімнің соңғы күндерінде Торғай даласына баруды жоспарлап отыр едік. Өткенде Қостанайға барып, біраз жерін қарап келдік. Түгел түсірілімді сонда өткізсек пе деген ойда қайтқанмен, тасымал жағынан, біраз кедергілер шыққан соң кей көріністерді басқа жерде таспалауға жоспарлағанбыз. Енді дала көріністерінің біраз бөлігін сонда өткізуге бекініп жүргенде бұл қаралы хабар бізге де оңайға соқпады. Өрт нақты қай жерді шарпыды, жұмыс тобын апаруға қауіпсіз бе деген мәселені әлі қарап үлгермедік, себебі бүгін басқа локацияға көшіп барамыз. Не болса да, тілекшіміз. Тез басылып, қазаққа талай зиялыны сыйлаған дархан даланың ісі оңалып кетсін. Торғайға жар бол, Жаратқан!» деп жазды Айсәуле Әбілдә фейсбуктегі парақшасында.
Осылайша, әуелде жоспарланған локациялар Қостанай облысында болған орман өрті салдарынан бүлінген болса, жоспарланған сахналар өңірде түсірілмеуі мүмкін. Еске салайық, Әулиекөл ауданында болған орман өрті салдарынан Жангелді ауданында ұйымдастырылған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы өтпей қалды. Бірақ бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі жағдай оңалған соң жоспарланған іс-шаралар міндетті түрде өткізілетінін мәлімдеді.