Жаңалықтар

18 жасында кәсіп ашқан қазақ баласы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр

ашық дереккөзі

18 жасында кәсіп ашқан қазақ баласы 30 адамды жұмыспен қамтып отыр

Әлемде танымал мейрамханалардың аспазы – ер кісілер. Ең мықты шеф-аспаздар туралы әңгіме болғанда, әлбетте шетелдіктер көз алдымызға елестейтіні рас. Өйткені «асүй – әйелдің орны» деген халқымыз үшін асханадан ер адамды көру – таңсық дүние. Алайда бүгінгі кейіпкеріміз Рамазан Ахмет – бұл стереотипті бұзған, түрлі сынға да, сынаққа да сынып кетпей, арманына адал еңбекпен жеткен жан. Аспаздық өнер оның жан қалауы еді. Сондықтан да болар, 15 жасынан осы салада жұмыс істеп, жеке кәсібін ашты. Бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Жігітке жеті өнер де аз» деген осы шығар. Қазір 19 жастағы кәсіпкерден аспаздықтың қыр-сырын үйренгісі келетіндер көп. Өйткені ол 11 түрлі асхананың тағам дайындау тәсілін меңгерген. Аспаздық өнері арқылы елімізді әлемге танытуды мақсат еткен жас кәсіпкер  turkystan.kz тілшісіне сұхбат берді.  – Рамазан, аспаздық – оқу арқылы игеріп кететін мамандық емес. Ол үшін адамның икемі, қызығушылығы, табиғаттан берілген дарыны болуы керек. Бұл өнерге қай кезден бастап қызықтың? – Дұрыс айтасыз. Аспаз болуға кішкентай кезімнен қызықтым. Негізгі мамандығым инженер болған. Оқуға түсіп тұрсам да, бас тартып, аспаздық жолды таңдадым. Өйткені жақсы көретін ісім осы еді. – Жас болсаң да, қазіргі деңгейге жету үшін біраз жолдан өткен боларсың? – Әрине. Қиындықта өстік. Ата-анам Атырауда вахтада жұмыс істейтін. Өзіміз тұрып, өзіміз тамақ жасайтынбыз. Өз күнімізді өзіміз көрдік. Кішкентай кезімнен көже, бәліш саттым. Қалаға келген соң, алғашында даяшы болып жұмыс істедім. Сөйтіп аспаздарға көмектесетінмін. Олардың қалай тағам дайындайтынын қарап жүрдім. Кейін аспаздың көмекшісі, 17 жасымда бас аспаз болдым. – Қазір неше тағам түрін дайындай аласың? – Осы салада жүргеніме 5 жыл болыпты. 11 түрлі асхананың тағамын толық меңгергенмін. Бәрін қосқанда 1 352 тағам түрін дайындай аламын.   – Мейрамханаларда жұмыс істейтін аспаздар көбіне өзге ұлт өкілі болады. Сен жұмыс істеген жерлерде де солай болды ма? – Иә. Негізі, қазақ аспаздар өте аз, санаулы. Жалпы, бізде фастфуд, мейрамхана бизнесі енді дамып жатыр. Мен ол кезде түрлі ұлт өкілдерімен жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. – Қалаға жаңадан келген кезің ғой. Олармен қалай сөйлестің, тіл жағынан қиындық болмады ма? – Қатты қиналдым деп айта алмаймын. Арамызда аударып тұратын адам болды. Ол жерде ең бастысы – практика. Көрген дүниеңді ойға тоқып алуың керек. Олар қазақтың жігіттері физикалық тұрғыда мықты болғанмен, психологиялық жағынан әлсіз деп ойлайды. Көп ұлтпен жұмыс істеп, араласып жүріп, осыны байқадым. – Арманыңа жетіп, кәсібіңді аштың. Келушілерге қандай тағам түрлерін ұсынасың? – Алматыдағы екі кафемде 30 шақты адам жұмыс істеп жатыр.  «Әрекетке – берекет» демекші, алғашында қасыма бір адам алдым. Оның айлығын төлей алған соң, біртіндеп адам санын көбейттім. Бизнесті жүргізіп жатқаныма бір жылдай болды. Осы уақыт аралығында біраз дүние үйрендік. Қазақтың тағамдарынан заманауи рецепт шығарған жайымыз бар. Авторлық суши, пиццаларымды қазақы нақышта, яғни қазымен жасаймыз. Құрттан жасалған соусымыз да көбіне ұнап жатыр. Кафемізге 6 жастағы баладан 60 жастағы кісіге дейін келеді. Бір сөзбен айтқанда, қазақы фастфудты дамытып жатырмыз.