Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтереді

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтереді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге байланысты баспасөз жиыны өтті. Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек, Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев қатысты.  Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Хатшысы Ринат Кертаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Динара Закиева және «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бибігүл Бүркітқызы Қостанай облысынан тікелей байланысқа шығып, өңірдегі ахуалға тоқталды. «Қостанайдағы өртпен күресуге барша ел алаңдап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қостанайға барып, өрттен зардап шеккен аумақтарды аралап, зардап шеккен азаматтармен кездескенін әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Осындай Ел азаматтарының бәрі өз аманатын партияның гуманитарлық бекеттеріне табыстап, 807 тонна көмек жиылды. Оның бәрі азық-түлік қана емес, гигиеналық құралдар, құрылыс материалдары. Өртті сөндіргеннен кейін азаматтардың үйінде тұруы – басты мәселе. Оған партия мүшелері де, «Жастар Рухының» волонтерлары да атсалысатын болады. Қарап отырғанымыздай, елімізде бірлік бар. Мәселен, кеше Нұр-Сұлтан қаласында гуманитарлық көмек жинап жатқан кезде Қорғалжыннан азаматтар газелдерімен келіп, «өзіміз жеткізіп берейік» деген кезде, қазақта ауызбіршіліктің сақталғанына шын жүректен  қуандық», – деді Дәулет Кәрібек. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда мыңнан аса волонтер жұмыс істеп жатыр. Ал Қостанайда «Жастар Рухының» 300-ден аса волонтеры сол жердегі заттарды тарату, психологиялық көмек көрсету жұмысымен айналысып жатыр. «Өрт болған кезден бастап фракция депутаттары, әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін депутаттар, сондай-ақ жергілікті әкімдіктермен мәселені реттейтін бір топ депутат елді мекенде қызмет етіп жатыр. 2020 жылғы пандемия кезінде де партиямыз жүйелі жұмыс атқарған. Кез келген қиындықты бірге еңсеруге дайынбыз. Барлық саяси топ пен қоғамдық топтардың бірлесіп, қолдау көрсетіп жатқанына алғыс білдіремін», – деді ол. «Қостанай өңірінің басына төнген шақты бүкіл республика халқы жұдырықтай жұмылып ел, ұлт, халық ретінде бірлігін көрсетіп жатыр. Апат болған жерге келіп, көріп, осыны сезініп отырмын. Қостанай халқына, партияластарға алғыс айтқым келеді. Қолдауды Әулиекөл тұрғындары да сезініп отыр десем, артық айтқандық болмас. Бүгін Мемлекет басшысы арнайы келіп, жиынға қатысты. Халыққа қолдау білдіріп жатыр. Мемлекет басшысынан бастап, халық, «AMANAT» сияқты саяси ұйымдар қолдап, қиын жағдайды өткеріп, Қостанай өңірінде соның ішінде апат болып жатқан Әулиекөл ауданына шуақты күндер оралады деген сенімдемін. Мен бастаған партияның орталық аппаратының қызметкерлері, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері елордадан, Алматы, Солтүстік Қазақстан облысынан, Ақтөбе, Ақмола облысынан жергілікті филиал өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлары осы жерге келіп қызмет етіп жатыр. Таңертең осы құраммен елорда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысынан келген бірнеше ауыр жүк көлігін күтіп алдық. Бірге алыстағы аймақтардан көмек ретінде жіберілген азық-түлік, киім-кешек, басқа да тазалық, тұрмысқа қажетті заттарды  «AMANAT» партиясы жергілікті Әулиекөл мектебінде ашқан орталыққа орналастырдық. Алдағы уақытта көмекке мұқтаж жандарға тиісті көмек көрсетіліп, заттар таратылады. Әулиекөл маңында спорттық стадион бар. Волонтерлермен жұмысты бастап кеттік», – деді Ринат Кертаев.