Түркістандық полицей өрттен мүмкіндігі шектеулі жан мен 5 жасар қызды құтқарып қалды

Түркістандық полицей өрттен мүмкіндігі шектеулі жан мен 5 жасар қызды құтқарып қалды

Түркістандық полицей өрттен мүмкіндігі шектеулі жан мен 5 жасар қызды құтқарып қалды
ашық дереккөзі
Түркістанда учаскелік полиция инспекторы өрт шыққан пәтерден мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жасар қызды құтқарған деп хабарлады turkystan.kz. Өрт орын алған пәтердің ішіне полиция капитаны Олжас Ерсұлтанов кіріп, үйде төсек тартып жатқан мүгедек ер адам мен баланы алып шықты. Осы жайтқа байланысты тұрғындардан Түркістан қалалық Полиция басқармасына хат түсті.
«Полиция қызметкері өрт сөндірушілер келемін дегенше тұрғын үйдегі өртті жалғыз өзі сөндірді. Біз, осы аумақтың тұрғындары, полицейдің ерлігіне куә болдық. Бұл батыр полицейге алғысымызды білдіреміз. Ол осы қызметке тағайындалғалы бері ауламыз тыныш, құқықбұзушылықтар көп орын алмайды, жалпы, еңбегі адал дегіміз келеді. Олжас Ерсұлтановтың ерен еңбегін бағалап, оны марапаттауыңызды сұраймыз, – делінген хатта.
Олжас Ерсұлтановтың айтуынша, ең бірінші мақсат – жедел әрекет ету, адам өмірін арашалап қалу болды.
«Мен күнделікті аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген болатынмын. Кенет көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқанын байқадым. Дереу оқиға орнына жетіп, үйге кірдім. Пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатыр екен. Үй ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды анықтап, екеуін де қауіпсіз жерге шығардым. Алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Ең бірінші мақсат – жедел әрекет ету, адам өмірін арашалап қалу болды», - деді ол.