Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты

2 қыркүйек, 2022 / Өтей Торғайұлы
ашық дереккөзі
Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты Қазақстандық теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы Bangkok Open челленджер турнирінің жартылай финалына шықты деп хабарлады turkystan.kz ҚТФ-ға сілтеме жасап. Ақтау теннис мектебінің түлегі, дүниежүзілік рейтингте 395-орында тұрған Б.Жукаев ширек финалда әлемнің 271-ракеткасы, монаколық Валентин Вашеромен тартысты кездесу өткізді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 7:5, 3:6, 7:6 (7:2) есебімен жеңісті жұлып алды. Үшінші, шешуші сетте монаколық спортшы есеп 5:4 болған мезетте матчқа доп берді. Бірақ Бейбіт брейк жасап, таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте айқын басымдылық танытты. Жукаев бәсеке барысында 18 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Бейбіт финалға шығу үшін әлемнің 432-ракеткасы, франциялық Артур Казомен таласады.