Жаңалықтар

Президенттің жетіжылдық мерзімін биылғы сайлауға дейін енгізу қажет – «Жаңа Қазақстан» депутаты

ашық дереккөзі

Президенттің жетіжылдық мерзімін биылғы сайлауға дейін енгізу қажет – «Жаңа Қазақстан» депутаты

Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауына қатысты пікір білдірді деп хабарлады turkystan.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап. «Құрметті әріптестер! Қадірлі қауым! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа Жолдауын жариялап, тың бастамалар көтерді. Соның ішінде, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы айтты. Бұл ұсыныс сарапшылар ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан қызу пікірталас тудырып жатыр», - дейді депутат. Еділ Жаңбыршин сөзін жалғай отырып, Жолдауды Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері де талқылағанын айтып өтті. «Бірінші. Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, «Екінші Республика» моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім Президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді бекіте түседі.  Екінші. Қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, біздің елімізде керісінше Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді. Үшіншіден, егер Президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі Президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылуда», - дейді депутат.