Жаңалықтар

Сләмжар АХМЕТЖАРОВ: Қазақстанды саяси өзгерістер күтіп тұр

ашық дереккөзі

Сләмжар АХМЕТЖАРОВ: Қазақстанды саяси өзгерістер күтіп тұр

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Парламенттің қос палатасының бірлескен отыры­сында жасаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақ­стан халқына жыл сайынғы Жолдауында осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қоры­тындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды. Жолдаудағы әлеу­меттік-экономикалық мәселелермен қатар мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлаудың жариялануы ел назарын ерекше аударды. Президенттік сайлау биыл күзде өтеді. Сонымен қатар президенттің өкілеттілік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады, ал сайланған президент келесі мерзімде қайта сай­­­лана алмайды. Ал парламенттік сайлау 2023 жылдың бірінші жартысында өтеді. Айта кету керек, Қазақстанның тәуелсіздік тарихында президенттік өкілеттік мер­зімі 7 жыл болған кезең болды. 1998-2007 жылдар аралығында президент 7 жыл мер­зімге сайланатын. Алайда Президенттің екінші мерзімге қайта сайлануына тыйым салынбайтын. Енді Конституцияға енгізілген түзетулерден кейін Қазақстан пре­зиденттік сайлаудың бұрынғы жүйесіне қайта оралады. Яғни, Президент ман­датының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым са­лы­нады. Бұл бастама сайланған президентке өзінің сайлауалды тұғырнамасын және тиісті рефор­маларды іске асыруға жұмыла кірісуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қоғам­дық-саяси тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Өз кезегінде алдағы Парламент сайлауы мен мәслихат сайлауы жаңа аралас сай­лау жүйесіне сәйкес өтеді. Осылайша, сайлаушылар депутаттыққа нақты кан­дидаттар үшін дауыс беру мүмкіндігіне ие болады, егер халық сайлаған адамның жұмы­сына қанағаттанбаған жағдайда азаматтар депутаттық мандатты кері қайта­рып алуға мүмкіндік алады. Осылайша, азаматтардың Мәжіліс пен мәслихаттарды қалып­т­астыруға тікелей қатысуын арттыру көзделуде. Қорыта айтқанда, қазақстандықтар үшін қазір қоғамдық-саяси өмірдің белсенді ке­зеңі басталды.