Киікбай ЕШМАНОВ: Жерін өз еркімен қайтарып жатқандар көп

2 қыркүйек, 2022 / Арайлым Жолдасбекқызы
ашық дереккөзі
Киікбай ЕШМАНОВ: Жерін өз еркімен қайтарып жатқандар көп Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы осыған дейін сегіз өңірді аралап, 660 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жерін қайтарды. Өткен аптада Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған комиссия 240 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Осы орайда «AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Киікбай Жақыпұлына хабарласып, өңірдегі жер мәселесінің жайы туралы сұрап білген едік. – Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі қанша және қандай мақсатта пайдаланылып жатыр? – Маңғыстау облысының жалпы көлемі – 16,5 млн гек­тар. Жер қорының 12,64 млн гектары, яғни 76,3 пайызы ауыл шаруашылығы алқаптары. Айналымға енгізілген ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 3,4 млн гектар (оның 2,908 млн гектары – жайы­лым жерлер). Облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатына бе­ріл­ген жерлердің жалпы алаңы 3 422 600 гектарды құ­рай­ды, жер иелері мен жер пайдаланушылар саны – 3 350. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің, оның ішінде жайылым алқаптарының игерілуіне әр субъектінің АШЖБ базасында тіркелген мал санына байланысты талдау жүргізіліп, нәтижесінде 787 субъекті бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлердің жалпы алаңы 973 мың гектар екені анықталды. Бұл – жалпы ауыл шаруа­шылығы айналымындағы жердің 28,6 пайызы. Игерілмей отырған осы жерлердің 41 пайызы, яғни 406 мың гектары 3 ірі жер пайдаланушыға тиесілі. Олар «Сенек» ЖШС – 168 900 гектар, «Қарағантүбек» ЖШС – 167 мың гектар және «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС – 70 мың гектар жер. – Облыстағы жайылым тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр? – Ауыл тұрғындарының басты табыс көзі – мал шаруашылығы. Олар үшін жайылым жер өте маңызды. Алайда жайылым жерлер жекеге берілген. Ал жақын маңдағы жайылымдардың меншік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқсат етпейді. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайы­лым­дардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойын­ша үй-үйлерді аралау арқылы тексеру жүргізу тура­лы хабарламалар таратылып, пайдаланылмай жат­қан жерлерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтару туралы түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жер иелері пайдаланбай отырған телімдерін қайтаруға келісім беріп отыр. – Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта қалай жалғасады? – Тұрғындардың әлеуметтік желіде көтеріп отыр­ған жер мәселелері бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және электронды ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтерге сәйкес облыс бойынша, Ақтау қаласы бойынша берілген жерлердің бас жоспарға жә­не қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарларына сәйкестігіне мониторинг жүргізіліп, заңсыз жолмен ием­денген жерлер бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгін­ге дейін сот арқылы жер қайтару мәселесі болған жоқ. – Маңғыстау облысындағы мемлекет менші­гі­не қайтарылған 240 мың гектар жердің иелері кім­дер? – Ауылдағы ағайынның мұңы – жайылым жердің тап­шылығы. Ауылға жақын маңдағы жайылымдардың мен­шік иелері жергілікті тұрғындардың мал жаюына рұқ­сат етпейді. Меншігіндегі жерді пайдаланбайтын жер иелері де кездеседі. Сондықтан жеке қосалқы шаруа­шылықтарға арналған жайылымдардың аумағын кеңейту мәселесі өзекті болып отыр. Өткен аптада «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов облысымызға келіп, «Жер аманаты» комиссия­сының жұмысына қатысып, нәтижесінде 240 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Кездесу барысында шаруашылықпен айналысып отырған ауыл тұрғындары «жерімізді кеңейтіп беріңдерші» деген өтінішін жеткізді. Жерлерді заңдастыру кезінде қиын­дықтар туындамайды деп айта аламын. Өйткені «Жер аманаты» комиссиясының қүрамында заң өкілдері де бар. Құжаттандыру жұмыстары заңға сәйкес жүр­гізі­летін болады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мем­лекет меншігіне қайтару туралы түсіндіру жұмыс­тары­ның нәтижесінде «Таушық» ауыл шаруашылығы» ЖШС 70 мың гектар жерді, «Сенек» ЖШС 168 946 гектар жер учас­кесін мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл дегеніміз – жерді пайдалану заңнамасына құрметпен қарау. Со­ны­мен қатар түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәти­же­сінде 26 жер пайдаланушы өз еркімен жалпы аумағы 40 370 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. – Жер қатынастары басқармасының жұмысы қа­лай жүріп жатыр? Биыл қанша тексеру ұйым­дас­тырылды, қандай заңбұзушылықтар анық­тал­ды? – Біздің басты мақсатымыз – жер заңнамасы­ның сақталуын, жердің ұтымды және тиімді пай­­даланылуы мен қорғалуын бақылауды қамта­ма­сыз ету, жер қа­ты­настары саласындағы заң­бұзу­­шылықтарды анықтау. Жалпы жинақталған ақпарат негізінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің екі бұйрығы қабыл­данып, (2022 жылғы 4 мамырдағы №139 және 29 мау­сым­дағы №208 бұйрықтары) облыс бойынша 279 субъек­­тіге (997 018 гектар) жоспардан тыс тексеріс жүр­­гізуге рұқсат берілді. Осыған байланысты Маңғыстау облысының Жер ресурстарын басқару департаменті өз құзыреті шегінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айт­қанда, жалпы алаңы 319 931 гектар болатын 30 ауыл­шаруашылық субъектісіне қатысты жүргізілген тексерудің нәтижесі бойынша барлығына заңбұзу­шылықты жою туралы нұсқама берілді. Жалпы көлемі 206 584 гектар болатын 9 ауыл шаруашылық субъекті­сіне қатысты материалдар құқықтық статистика ор­га­нына тіркелуде. Сондай-ақ 29 474 гектар болатын 42 ауыл­шаруашылық субъектісіне қатысты тексеру жүр­гізілетіні туралы хабарлама берілді. – Жер иеленушілері негізінен қандай заңсыз­дықтарға барған? – «Жер аманаты» комиссиясының жұртшылықпен кездесуінде Түпқараған ауданының тұрғындары малын жаюға жер иелерінің рұқсат бермейтінін және жер иелері телімдерін дұрыс пайдаланбайтынын айтып шағымданды. Бұл да бірінші орындағы заңбұзушылық деп есептеймін. Өйткені игерілмей жатқан жерлер халықтың пайдалануына берілуі керек. Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті ат­қарушы органдарға 33 жоспардан тыс тексеріс жүр­гізілді. Нәтижесінде, бас жоспарда көзделмеген аумақ­тардан көпқабатты үйлер салу үшін жер учаскесін беру немесе нысаналы мақсатын өзгерту; бас жоспарда ортақ пайдаланудағы жасыл желекке арналған ау­мақтарды, рекреациялық аумақтарды, көпқабатты үйлер­дің кондоминиум құрамына кірмеген үй жанын­дағы жер учаскелерін кәсіпкерлік мақсаттарға беру; ортақ пайдаланудағы жолдарды кәсіпкерлік мақсат­тарға беру, жер телімін рәсімдеуде қызыл сызықтарды сақтамау; өндірістік аймақтардан көппәтерлі тұрғын үй құрылыстарын салу; уәкілетті органның келісімінсіз су қорғау аймақтарынан жер учаскелерін беру; шешім қа­былдау кезінде өз құзыреттіліктерін асыра пайдалану фактілері анықталды. Ал игерілмей отырған ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлердің берілу заңдылығына талдау жүргізу барысында жалпы көлемі 20 мың гектар жер телімі сауда-саттықтан тыс берілгені анықталды. Қазір анықталған факт бойынша жоспар­дан тыс тексеріс жүргізіліп жатыр. – Жайылымдардың өнімділігін арттыру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының, шаруашылық иелерінің басты назы – жайылымның тапшылығы. Сондықтан игерілмей жатқан жерлерді қайтару туралы түсіндіру жұмыстары жал­ғаса береді. Игерілмей жатқан жерлер халық игі­лігіне беріліп, ауыл шаруашылығының дамуына мүм­кін­дік жасалуы керек. Тұрғындар «AMANAT» пар­тия­cы­ның араласуымен жұмыстың жанданып жат­қа­нына, қай­тарылған жер көлемінің артып отыр­ғанына қуа­нышты. Алдағы уақытта да «Жер аманаты» комис­сия­сы­ның жұмысы осы қарқынмен жалғаса береді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ