Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...
Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...
Еліміздегі дәрі-дәрмек нарығы импортқа айтарлықтай тәуелді. Мәселен, нарықтың жалпы көлемі 765,3 миллиард теңге болса, оның 84 пайыздан астамы шетелдік өндірушілерге тиесілі екен. ТМД елдері ішінде дәрі-дәрмектің көп бөлігі Ресей, Беларусь және Украина елдерінен келеді.
Жыл басында сарапшылар мен дәріхана желісінің иелері геосаяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты дәрі-дәрмек нарығында да тапшылық пен қымбатшылық болады деген болжам айтқан болатын. Жалпы, еліміздегі дәрі-дәрмек нарығындағы ахуал қандай?
Тағы да тәуелді нарық
Өткенде сараптап өткен азық-түлік, құрылыс нарығымен қатар елімізде дәрі-дәрмек нарығы да айтарлықтай импортқа тәуелді. Бұл ретте елімізге ТМД елдері арасында негізгі дәрі-дәрмек жеткізушілер – Ресей, Украина және Беларусь. Мәселен, былтыр елімізге импортталған дәрі-дәрмек көлемінің үштен бірінен астамы Ресейден жеткізілген. Жалпы, 2016 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде фармацевтикалық және дәрі-дәрмек құралдарының нарығы жұмыс істейді. Сол кезде VII Астана экономикалық форумында фармацевтикалық және дәрі-дәрмек құралдары саласына қатысты бірыңғай нарықты құру мақсатында жұмыстар жүргізіле бастаған болатын. Еуразиялық интеграция аясында құрылған бұл нарық еліміздегі дәрі-дәрмек нарығын Ресей және Баларусь елдерімен байланыстыру үшін қолға алынған бастама еді. Содан бастап үш ел арасындағы дәрі-дәрмек нарығында тығыз байланыс орнады. Статистикалық нақты деректерді алға тартсақ, былтыр еліміз- ге шамамен 1,1 миллиард долларға 21,7 мың тонна дәрі әкелініпті. Оның үштен бірінен астамы Ресейден импортталды – яғни 7,5 мың тонна 92,7 миллион долларға (ақшалай алғанда жалпы импорттың 8,3 пайызы) импортталған. Ал Украинадан 22,4 миллион долларға 879 тонна дәрі-дәрмек әкелінген. Үштікті түйіндеген Беларусь бізге 13,3 миллион долларға 863,8 тонна дәрі-дәрмек импорттаған. Қалған 2 мыңға жуық тонна дәрі-дәрмек Үндістаннан, 1,8 мың тоннасы Германиядан, 1,3 мыңнан астамы Қытайдан әкелініпті. Жыл басында геосаяси ахуал ушыққан тұста сарапшылар дәрі-дәрмек нарығында тапшылық пен қымбатшылық байқалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Дегенмен тапшылық сезілген жоқ. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігі де дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екенін, Украинадан импортталатын дәрілік өнімдерді басқа елдерден жеткізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан еді. Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұған дейін Қазақстанға Украинадан 25 түрлі фармацевтикалық препарат жеткізілетінін айтқан болатын. Ал Ресей мен Беларусь және Еуропа елдерінен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша мәселе жоқ екені де айтылды. Ал халықты стационарлық және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «СҚ-Фармация» жыл басында-ақ биылға қажет дәрі-дәрмек түрінің 94 пайызын сатып алып үлгергенін мәлімдеген. Оның 60 пайызға жуығы отандық кәсіпорындарда өндірілген, 23 пайызы Еуропадан, 2 пайызы Украинадан, тағы 2 пайызы Ресейден, қалғаны басқа елдерден әкелінген. Компания өкілдері әлемдегі құбылмалы экономикалық жағдайларға қарамастан «СҚ-Фармация» қоймаларына фармацевтика тауарлары кестеге сәйкес жеткізілгенін айтқан болатын. Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында форс-мажор жағдайларда қолдануға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың 25 пайызы жинақталған қор бар екен. Тапшылық сезіле қоймағанымен, бағаның өскені байқалып, жалпы қымбатшылықтың иірімі бұл саланы да тартып әкеткендей көрінді. Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының өсуі геосаяси жағдай қиындамай тұрып-ақ, соңғы жылдары байқалып жүрген құбылыс болатын. Баға неге құбылады?
Елімізде фармацевтикалық препараттардың бағасы жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Биыл қаңтардағы ресми деректерге сүйенсек, дәрі-дәрмек бағасы былтырғы жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға өскен. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтарында, әсіресе хилак форте препараты бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда 42,1 пайызға қымбаттап кеткен. Одан бөлек, ацикловир 12,3 пайызға, Эссенциале форте Н 11,4 пайызға, Но-шпа 10,1 пайызға қымбаттаған. Есесіне, парацетамол 14,3 пайыз, Нурофен 14,3 пайыз, ацетилсалицил қышқылы 9,5 пайыз арзандапты. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл салада отандық өндіріс көлемі артып келеді, бірақ ішкі нарықта баға бәрібір қымбат. Оған, әрине әуелде айтып өткен нарықтың импортқа тәуелді екені негізгі себеп болып отыр. Жоғарыда айтқан деректерден бөлек ел нарығына шыққан антибиотиктердің 85,2 пайызы, провитаминдер мен дәрумендердің 100 пайызға жуығы, яғни барлығы дерлік шетелдерден әкелінген. Саладағы бұл мәселені реттеу үшін, ішкі нарықтағы импорт көлемін азайту мақсатында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар шығаратын кемінде 5 жаңа өндірісті іске қосуды жоспарлап отыр. Соның бірі – биыл Ақтөбе облысында іске қосылатын дәрі-дәрмек өндіретін зауыт. Оған бюджеттен 800 млн теңге бөлінген. Зауытта сироптар, спирт, тұнбалар мен жақпа майлары шығарылмақ. Одан бөлек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап препараттарды таңбалау және бақылау жүйесі енгізілмек. Министрлік жоспарында отандық фармацевтика өнімдерін халықаралық нарықта таныту мақсатында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар айналымының барлық процесін цифрландыру да бар. «Атамекен» ҰКП мәліметінше, АҚШ доллары бағамының өсуі мен логистикалық мәселелер дәрі-дәрмектің негізгі бағасының қымбаттауына жанама әсер еткен. – Отандық дәрі-дәрмек өндірісі мен оны жеткізу қызметін тоқтатпауымыз керек. Бұл үшін басты назар дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға бағытталуы қажет. Валюта бағамының күрт өзгеруін ескере отырып, дәрі-дәрмектің шекті бағасын индекстеу – тапшылықты болдырмаудың бір жолы, – деген еді ҰКП Медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында. Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәрі-дәрмек бағасын бақылауда ұстау үшін және ел бойынша біркелкі баға белгілеу, спекулянттардың нарықтағы ахуалды ушықтырмауын қадағалау мақсатында дәрі-дәрмек бағасын бақылау саясаты қолға алынған болатын. Дегенмен бұл бастама сәтсіз аяқталды. Жоба бірден сынға ұшырап, бұл шаралар дәрі-дәрмек өндірушілерді ел нарығынан шеттететінін, осылайша тапшылық тууы мүмкін екені айтылған еді. Яғни, бағаны реттеу үшін шекті бағаны белгілеу тәсілінен нәтиже бола қоймайтыны тәжірибе жүзінде де нақтыланып, көзіміз жетіп отыр. Сөйтіп, ел дәріханаларындағы әркелкі баға сол күйінде қалды. Бұл, әсіресе қала мен ауыл және елді мекендердегі бағалардан қатты байқалады. Демек, бұл нарықтағы жағдайды реттеуде тек отандық өнім көлемін арттыру негізгі тетік болуы керек сияқты.
Отандық өндірісте өсім бар
Биыл қаңтардағы ресми деректерде елімізде фармацевтикалық өнімдерді өндіру көлемі 11,1 миллиард теңге болғаны көрсетілген. Былтырғы қаңтардағы мәліметтермен салыстырғанда, бұл – 13 пайызға артық көрсеткіш. Жалпы, дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі ақшалай түрде 13,8 пайызға өсіп, 9,8 миллиард теңгеге жеткен. Өзіміз өндірген дәрі-дәрмектің жартысынан көбі Шымкент қаласы (3,9 миллиард теңге) мен Алматы облысында (3,5 миллиард теңге) шығарылған. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (2 миллиард теңге), Қарағанды (794 миллион теңге) және Жамбыл облыстары (520 миллион теңге) тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінде елімізде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен техника өндіретін 88 кәсіпорын бар деп көрсетілген. Оның 32-сі дәрі өндірсе, 56-сы медициналық бұйымдар мен техника түрін өндіреді екен.
Шетелге де шығарылады
Экспортта да әлеует жоқ емес. Ішкі нарықты қамтымай, шетелге шығару ақылға сыйымсыз көрінгенімен, бұл бағытта жемісті қадамдар байқалады. Мысалы, қазақстандық өндірушілер Қырғыз Республикасы, Ресей, Словения, Түркия және Өзбекстан нарықтарын табысты игеріп келе жатыр. Салаға салынған инвестициялардың өсуі фармацевтикалық өнімдер экспортының көрсеткіштерін жақсартуға серпін берген. Мәселен, 2021 жылғы қаңтар-наурызда шетелге шығарылған өнімдер шамамен 18,7 миллион АҚШ долларына жеткен, бұл 2020 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 48 пайызға немесе артық. 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларында, әсіресе Өзбекстанға қазақстандық фармацевтикалық өнімдер экспортының көлемі күрт өскен. Мәселен, егер 2020 жылғы қаңтар-наурызда Өзбекстанға фармацевтикалық өнімдердің экспорты небәрі 273,7 мың АҚШ доллары болса, 2021 жылғы алғашқы үш айда жеткізу көлемі 5,3 миллион АҚШ долларына дейін, яғни 19,4 есе өскен. Одан соң Словенияға шығарылған экспорттардың екі есе өскені байқалады, яғни 0,76-дан 1,5 миллион АҚШ долларына дейін жеткен. Одан бөлек, біздің өнімдер Ресей мен Беларусь елдерінің нарығына да жеткізіледі екен. Бұл елдерге шығарылған өнім көлемінде де айтарлықтай өсім байқалады. Айта кетейік, жыл басында Денсаулық сақтау министрлігі кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтика субстанцияларын, протез-ортопедия бұйымдары мен сурдотифлотехниканы, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жабдықтарды ел аумағынан шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салған болатын. Бұл ел нарығында тапшылық тудырмау үшін жасалған қадамдардың бірі болды.
Жалпы, қуатты фармацевтикалық индустрияны қалыптастыру – ұзақ уақытты және қажырлы еңбек пен көп қаражатты қажет ететін күрделі процесс. Біздің нарықта импортқа тәуелділікпен қатар экспорттық әлеует те қатар байқалып отыр. Еліміз коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы елдердің қатарында болғанын білеміз. Демек, бізде бәсекеге қабілетті боларлықтай мамандар да, әлеует те бар деген қорытындыға келуге болады. Қорыта айтқанда, отандық фармоөндірістің болашағынан үміт көп.