Жаңалықтар

Ота жасаудың 50-ден астам түрін енгізген ғалым-дәрігер – Анарбек Моңғол

ашық дереккөзі

Ота жасаудың 50-ден астам түрін енгізген ғалым-дәрігер – Анарбек Моңғол

Анарбек Моңғол – травматологияда ота жа­сау әдістері мен жоғары технологиялық ме­дици­на­лық қызметтердің 50-ден астам түрін енгізген бі­лікті маман. Еңбек жолын Талдықорғандағы об­лыстық аурухананың қа­былдау бөлімінде трав­матолог-дәрігер қыз­метінен бастаған ол сол кез­дегі медицина өрі­сінің хал-ахуалына алаңдап, оны жақ­сар­тудың жолын ғылымнан іздеп, білік­тілігі мен білімін арттыра түскен. Осы еңбегі үшін об­лыс­тың үздік дәрігері атанып, «Алтын ска­ль­пель» халықаралық сыйлығына лайық деп та­­нылған. Газетіміздің осы санынан бастап «Жаңа есім» айдарын ашып отырмыз. Жоба­ның ал­ғашқы қонағы ретінде Жетісу облыс­тық ауру­ханасының директоры Анарбек Моң­ғолдан ал­ған сұхбатты ұсынамыз. – Ел ішінде «жұрт іздейтін дәрігер» ата­­­ғына қалай жеткеніңізді сұрамас бұ­рын алдымен бұл мамандықты таң­дау­ға кім немесе не түрткі болғанын біл­­гіміз ке­­леді. Тарихи Отанға «адам өмі­рін ара­ша­лаймын» деген арман жетеледі ме? – Солай десем болады. Негізі, мен – Ұлан-Ба­­тырдың тумасымын. Тарихи Отанға, нақ­ты­рақ айтсам Алматы облысына қарасты Ала­­көл ауданы Бибақан ауылына 1991 жылы елі­­міз тәуелсіздік алған соң көшіп келдік. Он­да 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқып, сосын Қа­банбайдағы мектепті тәмамдадым. Негізі, дәрігер болуыма зағип жан, әкемнің үлкен әпкесі түрткі болды. Мен оны әже дейтінмін. Ол кісіні бір жарым жасымнан 16 жасыма дейін жетектеп жүрдім. Сыртқа жиі алып шы­ға­мын, қонаққа ертіп барамын. Сондай кез­дер­де кішкентай болсам да, әжемді қол­ты­ғынан демеп, жетектеп жүргенімді көрген жұрт маған ризашылығын білдіріп кәмпит, ақ­ша беретін-ді. Сол кезде әжем «Бұл балаға ақ­ша бермеңдер. Оған тек бата беріңдер. Бұйырса, ол дәрігер болады» деп айтатын. Сон­да «әжемді ауруханаға апарып, ондағы дә­рі­гер оған ем-дом жасағанда оның көзі кө­ріп кетсе ғой, шіркін!» деп армандайтынмын. Сөйтіп, алты жасымнан бастап дәрігер болуды армандадым. 9-сыныпты бітірген соң био­ло­гия пәніне ерекше ден қойып оқыдым, аудан­дық, облыстық олимпиадаларға қатысып, рес­­публикалық деңгейдегі жарыстарда топ жар­­дым. Бірақ мектеп бітірген соң бірден оқу­ға түсе алмай, Таразда даярлық курсын оқы­­дым. Сосын 1999 жылы С. Асфендияров аты­н­­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­сите­тінің Емдеу факультетінің грантын жеңіп алып, алты жыл оқыдым. Одан кейін сол оқу ор­нының хирургия кафедрасындағы ин­тернатура бөлімінде тағы бір жыл білім ал­дым. 2006 жылы Алматы облысының ден­саулық сақтау саласын жандандыруға, тұр­ғын­дардың өмір сүру жасын ұзартуға бар бі­лім-білігін жұмсаған, бұрын осында директор бол­ған марқұм Маралбек Мейірбеков об­лыс­тық ауруханадағы қабылдау бөліміне трав­мотолог-дәрігер ретінде жұмысқа алды. Онда он жыл жұмыс істеген соң облыстық Ден­­саулық сақтау басқармасының басшысы, әкімнің ұсынысымен Талдықорғанда жаңадан ашылған қалалық көппрофильді ауруханаға жұмысқа ауыстым. Ол жерде травмотология, ортопедия бөлімін, күндіз-түні істейтін трав­пункт ашып, жаңа технологиялар енгізіп, үш жылдай сонда еңбек еттім. Сол кезде әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің Ме­дицина және денсаулық сақтау фа­куль­тетін­де магистратура, сондай-ақ Кали­фор­ния-Біш­кек Халықаралық медицина ака­де­мия­сының Медицина факультетінде док­торан­тура бөлімінде оқып, екі дипломды қа­тар қорғап, ғылыми атақ иелендім. Бішкектегі ака­демияда жұмыстан қол үзбей оқуға мүм­кін­дік бар. Ал елде оқысаң, үш жыл жұмысты ысы­ра тұруға тура келеді. Өйтейін десең, ма­ған қарап отырған отбасым бар, үлкен кі­сілер бар. Сосын біраз уақыт ота жасамай, хирур­гия­ға араласпасаң, «қолың» да шығып қалады ғой. Сондықтан ғылыми жұмыс пен жұмысты қатар алып жүруге тырыстым. Оқығанымды пра­к­тикада қолданып, ота жасауда жаңа әдіс­тер мен жоғары технологияларды кіріктіруге ат­салыстым. Сосын 40 жасқа толған соң артқа қа­рап, өткенге көз жүгіртсем, алға қойған жос­парымның түгелін орындап қойыппын. Со­сын үлкен «теңізге» шығып, өзімді сынап кө­рейін деп Алматыға басымды бұрдым. 2019 жы­лы Алматыдағы беткеұстар травматоло­гиялық орталықтардың бірі №4 ауруханада ди­­ректордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары бо­лып жұмысқа тұрып, екі жыл сонда қызмет ет­тім. Бет-беделің болған соң онда алғаш бар­ғанда сыни көзбен қарағандар да болды. Бірақ көбі мені қолдап, мен қолданысқа енгізген ота жа­сау әдістерімді үйреніп, тығыз байланыста болдық. – Алматыдан еңбек жолыңыз бас­тал­ған облыстық ауруханаға қайта ора­луыңыз­ға не себеп болды? – Сол кезде облыстан «Облыстық ауруха­на­ның басшысы зейнетке шығып жатыр. Оның орнына өзің келсеңші. Сен бұл істі алып кете аласың. Саған сенеміз» деген ұсыныс ке­ліп түсті. Дәл сол мезетте Алматыдағылар бір ме­кемеден басшылық қызмет ұсынған еді. Ар­ман қуып барған Алматыда қалып кетуге де болатын еді, бірақ облыстағы науқастардың көбі мені іздеп Алматыға келеді. Қазір көп­шіліктің дертіне дауа тауып беретін дәрігер­ді іздеп, содан ғана ем алғысы келетіні өтірік емес қой. Расымен, оңтүстік астанада жұмыс істе­ген екі жыл ішінде облыстың қалталысы да, қарапайымы жаны қиналғанда мені көп іздейтінін байқадым. Сосын еңбекке ара­ласуы­ма жол ашқан мекеме, оның дамуына мен көмектеспесем, кім көмектеседі?! Сөйтіп, 2021 жылдың басында облыстағылардың ұсынысын қабыл алып, «ауылыма» оралдым. Білек сыбанып жұмысқа кіріскен уақытта коронавирустың екінші толқыны басталып кетті. Облыстағы жағдайды тұрақтандыруға тырыс­тық, тіпті жауапты тұлғалардың бізге сенгені соншалық, вирус жұқтырған жүкті әйел­дердің көбін осында алдыртып, емдеттік. Бүгін­де біздің ауруханда 18 бөлімше жұмыс істейді. Оның 11-і адам емдейтін, қалғаны зерт­хана, қабылдау бөлмесі секілді қосалқы бөлім­дер. Ал бұл бөлімдерде жалпы саны 554 қызметкер жұмыс істейді. Барлығының дерлік білік­тілігі жоғары, білімі терең. Бірлігіміз жарас­қан, қызыға да, қызғана да қарайтын ұжым­быз. Қызметкерлерімді отбасымның мү­шесі секілді ерекше жақсы көремін. Жалпы, аурухананың өзін қатты «жақсы көремін». Оның жұмысын ілгерілету үшін қолымнан кел­геннің барлығын істеп жүрмін. – Облыстық аурухана болған соң ау­дан­дық ауруханалармен арадағы тығыз жұмысты сұрамай кетпесек болмас. – Аудандық ауруханадағы мамандар бізге жиі келіп, біліктілік арттырып қайтады. Біз де олар­ға тәжірибе алмасу үшін мамандарды ар­­найы жібереміз. Мысалы, шілде айында ау­дан­дарға 4 бірдей хирург жібердім. Төртеуін бір­­ден жібере сала алмаймын, сондықтан әр­қай­сысын 10 күннен жіберіп отырдым. Аудан­дағы дәрігер бізге келгенде оның орнына біздің маман барып, орнын алмастырады. Аудандағы ауруханада да орын босап қалмауға тиіс. Жалпы, мұндай практиканың берері зор. Өйткені облыс орталығында жұмыс істейтін ма­мандар да аудан, ауылдың ахуалынан ха­бар­дар болуы керек, ал аудандық аурухананың ма­маны үшін орталыққа келіп жұмыс істеу тап­тырмас мүмкіндік екені айтпаса да түсі­нікті. – Шетелдік тәжірибені көп қолданған ма­ман ретінде бізге мынаны айтыңызшы, Қазақстан халқының өз денсаулығын күтіп ұстауға байланысты таным-түсінігі қай деңгейде? – Бізде көп мемлекетпен салыстырғанда медицина толығымен тегін. Барлық жағдай жа­салған. Бірақ біздің халық көп нәрсені байы­бына барып түсіне бермейді. Мысалы, ше­телде ауруханаға жататын адамның емдеуге жұм­сайтын қаражатының 50-60 пайызын мед­сақтандыру жүйесі төлейді. Ал қалғанын нау­қас өз қалтасынан шығарады. Ал бізде бар­лығы тегін. Біз, дәрігерлер мінсізбіз деуден ау­лақпын. Бізден де мін табылады. Біз де адамбыз, ет пен теріден жаралғанбыз. Бізден де кемшілік кетеді. Бірақ біздің қазіргі ме­ди­цинада қаражат бар, бет алған бағыты дұрыс. Деген­мен халық осыны түсіне бермейді. Мы­салы, түнде аяғын бірдеңе шағып алса, таңер­теңге дейін басылып қалар деп немқұрайды қарай­ды. Сосын әбден асқынып, ақсап, таба­нын жерге тигізе алмайтын жағдайға жеткен кез­де ғана дәрігерге барып қаралады. Осы жа­ғынан алып қарағанда халықтың меди­ци­налық көмек көрсетуге қатысты көзқарасын әлі жетілдіре түсу керек. – Сонда біздегілер дәрігерге 100 пайыз сенуге қорқақтай ма сіздіңше? – Иә. Бойымызда бұрынғы менталитет сақ­­талып қалған. Көбі ауырмаудың жолын іздеп, бақсы, емшіге барады. Олар әуелі бізге ке­­ліп, біз көмек көрсете алмасақ бір жөн. Жоқ, бір­­ден солардың есігін сығалап жүреді. Мы­салы, сіз Германия, Францияның аурухана­лары­на барып «Бақсыға қаралған едім, қо­лым­ды теріс салып берді» деп айта алмайсыз. Ал біз­дікілер «Бір ай жүрген едім, тәуір бол­мады, со­сын сынықшыға бардым. Ол да кө­мек­тес­педі, содан соң сізге келдім» деп алдыңа ас­қын­ған ауруымен келіп тұрады. Со­сын мен «Алдымен сынықшыға сеніп, бол­маған соң біздің білімімізді сынауға келіп тұр­сыз ба?» деп қалжыңдаймын. Кезінде қыз­меттес бол­ған бір мықты маманның «Халыққа Нью-Йорк­ті де салып беруге болады, бірақ олар екі жыл­дан соң одан Алматы жасап ала­ды ғой» де­гені есімде. Одан бері халықтың са­пасы арт­ты, күнкөріс деңгейі жақсарды. Бі­рақ бізге әлі де болса дәрігерге сенуді мойындату керек. Қа­зір бізде барлығы қар­қын­ды дамып келе жа­тыр. Үш күн бұрын Ден­саулық сақтау ми­нистр­лігінің колле­гия­сына онлайн форматта қатыстық. Жоспар бекі­тіліп, тапсырма берілді. Ана мен бала өлі­мін азайту, халықтың ұзақ өмір сүру ұзақ­тығын арттыру, содан соң ста­цио­нар жағына емес, профилактикаға көп көңіл бөлуге қатыс­ты бағыт-бағдар көрсетіп, жұ­мысты екі есе іс­теуге ерекше серпін берді. Ен­ді осы үлкен жұ­мысты бастауға кіріскелі отырмыз. – Облыстық аурухананы күрделі жөн­деу­ден өткізу де осы жұмыстың ішіне кіре­тін шығар? – Қазір басты мақсат – аурухананың «еңсе­­сін» көтеру. Облыста Денсаулық сақтау бас­қармасынан кейінгі ірі мекеме – осы об­лыстық аурухана. Барлығы осында келіп қаралады, мамандар осында келіп шыңдалады. Қазір сол Денсаулық сақтау басқармасы және әкімдікпен бірге ауруханамызды күрделі жөндеуден өткізіп, келесі жылы жаңарған ғимаратта нау­қастарды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Ауру­хана ашылған 47 жылдың ішінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Құдай қаласа, бәрі дұрыс болады деп отырмын. Қазір облыста, ау­дандағы әрбір мекеме өз алдына бөлек да­мып жатыр. Сосын жөндеу жұмысы жүр­гізіл­меген, жағдай онша жасалмағандықтан, кей­бір науқастар ауданда жаңа бой көтерген ауру­ханаларға барып емделеді. Жоғарыда ай­тып өткенімдей, мені еліміздің түкпір-түк­пірінен іздеп келіп, ем алатындар жетерлік. Өткенде Маңғыстау өлкесінен ота жасатуға келген бір апа «Балам, мұнда барлығы жақсы-ақ, қызметкерлерің де, олардың бізге көр­сеткен сыпайылығы да керемет. Бірақ ғи­маратқа жөндеу жұмыстарын жасау керек се­­­кілді ме, қалай?» дейді. Бұйырса, келуші­лер­дің көңі­лінен шығатын жұмыс жасалмақ. Дегенмен ауруханаға түрлі жарақатымен ке­летін нау­қастар саны азайсын деп тілеймін. Бірақ ха­лық саны өскен сайын жарақат саны да кө­бейеді. Облыс бойынша жасалған ста­тис­ти­каға сенсек, былтыр жарақат алған адам са­ны 22 пайызға көп. Бірақ өлім-жітім, жол апа­ты саны азайған. Былтыр әкімдік, Ден­саулық сақтау басқармасы, Травматология инс­титутының қолдауымен облыс аумағында жол апаты болған кезде дереу мамандарды жі­бере қоятын ситуациялық орталық аш­қан­быз. Мен сол орталықтың жұмысын да бас­қа­рып отыра­мын. Ондағы мамандар 24 сағат бойы жұмыс істейді. Жол апаты болған жерге өз­дері барады, егер шамасы жетпей жатса, ор­талыққа хабарласып консультация алады. Осылайша, қолдан келген көмектің барлығын көр­сете-міз. – Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге береке берсін!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ