Диқанның табысы – 3 миллион

2 қыркүйек, 2022 / Арайлым Жолдасбекқызы
ашық дереккөзі
Диқанның табысы – 3 миллион Самат Сұлтанов – он жылдан бері егін­ші­лікпен айналысып, несібесін Жер Анадан тауып жүрген диқаншы. Оған егінші­лік­тің қыр-сырын ешкім үйреткен жоқ, бүгін­гі жетістігіне өзінің еңбекқорлығы мен ізде­нім­паздығы, төзімі мен тәжірибесінің арқа­сын­да қол жеткізді. Қара жерден ризық теру­ден ерінбеген кәсіпкер бүгінде жылы­жай­сыз қара күзге дейін бір алқаптан екі рет өнім алып отыр. Ол 1984 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қарақұм ауы­лында туған. 2000 жылы әкесі өмірден өт­кенде бір отбасының ауыртпалығы үй­дің үлкені Саматтың мойнына түсті. Бір отбасын асырау оңай болмады. Жал­ғыз қарындасын оқытып жүріп, өзінің жо­ғары білім алуға шамасы келмеді. Ар­хитектор болсам деген арманын ысырып қойып, құрылысшы, арасында таксист бо­лып біраз жұмыс істеді. «Жастар ауылда жұмыс болмаған­дық­тан, қалаға кетіп жатыр. Әркімнің қа­лауы әртүрлі ғой, дегенмен ауылда да кә­сіп бастауға болады. Есік алдында қарау­сыз қалып, арамшөп басқан жерге кө­көніс егіп, диқаншылықпен айна­лы­сып, тұрмысты түзеуге болады. Өзім де әр жерде жалдамалы құрылысшы бол­дым. Бірақ мұның бәрінен шар­ша­ға­ным­ды, болашағы жоқ тірлік екенін, кейін денсаулығымның да бұрынғыдай болмай қа­латынын түсініп, жас кезде бір от­ба­сын асырайтындай кәсіп түрімен ай­на­лысуға бел байладым. Білектің күші бар­да бір кәсіптің негізін қалап, нәтижелі ең­бек еткім келді», – дейді кейіпкеріміз. Диқаншылыққа бет бұрған ол 2010 жылдан бастап елдің игеріл­мей жатқан жерін жалға алды. Кейін о баста әкесіне пай үлесі үшін берілген 2,5 гек­тар суармалы алқапты да пайдалана бастады. Алғаш екі-үш жыл көлемінде мақ­та, кейін қауын-қарбыз егіп, мол өнім ал­ды. Ал соңғы бес-алты жылдан бері қы­занақ, қияр егумен айналысып келеді. Алғашқы жылдары мақтаға қашан су беретінін, қауынның дәрісін қай кезде се­бетінін, пәлегін қашан қайыратынын біл­мейтін. Ақыл-кеңес сұрағанда ай­на­ласындағы шаруалар да құпиясын айта қой­майтын. Ақыры егіншіліктің қыр-сы­рын әр жылда жіберген қателіктерінен са­бақ ала отырып, өзі үйренді. Самат осыдан 6-7 жыл бұрын көкө­ніс еге бастағанда судан біраз тап­шылық көреді. Егістік алқабы ауыл­дың ең шетінде болған соң су жетпей, әр­кімге бір бағынышты болды. Суға таласқаннан пайда жоқ екенін түсініп, интернеттен тамшылатып суғаруды үйренеді. Қажетті заттарды сатып алып, там­шылатып суғаруды бастайды. Ең алғаш тамшылатып суғару техно­ло­гия­сын пайдаланып, 30 сотық жерге күздік қияр егеді. Содан бері шаруа тамшылатып суғарудың тек оң нәтижесін көріп келе жатыр. Бұл судан тапшылық көрген шаруаларға таптырмас технология болды. Біріншіден, суды үнемдейді, екін­шіден өсімдіктің тамырына дәрумендерді, тыңайтқыштарды ысырапсыз беруге болады.0 «Қара шаңырағымнан қалған үйім­нің алдында жеті сотық жерім бар. Есік алдынан темірден жасалған, ішінде жы­лыту жүйесі бар шағын жылыжай сал­ған­мын. Былтыр қияр егіп, 1 жылда 3 рет өнім алдым. Осыдан екі жыл бұрын ауыл мен аудан әкімдігінің араласуымен 24 со­тық жерге қолым жетті. Осы бір айдың кө­лемінде есік алдындағы жылы­жайым­ды сол жерге көшірсем деген мақсатым бар. Осы жылыжайдың арқасында жыл­дың үш мезгілінде өнім алдым, енді қыс­та да өнім алсам деймін. Өзімнің 2,5 гек­тар суармалы жерім де бар. Былтырдан бе­рі ол жерге ештеңе екпедім, демал­ды­рып жатырмын. Қосымша жер бол­ма­ған­нан кейін ауыспалы егістік ал­қа­бын де­мал­дырып отырмаса болмайды», – дейді жердің жайын білетін диқан. Шаруаға берілген 24 сотық жер­дің аумағында жол, жарық жоқ, электр желісі тартылмаған. Ал су мәсе­лесін шаруаның өзі шешіп алған. Қолмен қазған құдықтан мотормен су тартып, егіс­тік алқапты суғарады. Ал электр жары­ғын 200 метр жердегі көрші үйден уа­қытша алып отыр. Осы орайда Қарақұм ауы­л­ының әкімдігі инфрақұрылым мә­селесін шешіп берсе, егістік алқаптары жай­қалар еді. Тумысынан тынымсыз, еңбекқор Самат берекені көктен емес, жер­ден тілейтін нағыз жер емген диқан дер­сің. Ауылдастары қашан көрсең оның егістік басында жүретінін айтады. Өзі Instagram, TikTok, YouTube желілерінде белсенді, егіншілікке бет бұрғысы келе­тіндерге ақыл-кеңесін аямайды, білгенін бө­лісіп, көкөніс өсірудің жаңа тех­но­ло­гиялары мен оны күтіп баптаудың қыр-сырын үйретеді. Бүгінде оны халық ша­ғын алқаптан мол өнім алудың жолын білетін диқан-блогер ретінде таниды. Ал қара­пайым Саматтың өзі бұл туралы «біл­генім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» дейді. Жетістікке еңбек арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жас­тай түсінген ол Абайдың: «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген сөзін өмір­лік қағидасына айналдырған. Ерінбей еңбек еткен адамға Жер Ананың да бе­рері мол. Қазақ «Еңбек еткен емеді, ең­бек­сіз не өнеді» деп бекер айтпаған. Кә­сі­біңді жан қалауыңмен жасасаң, қай са­лада болмасын жетістікке жетуге болады. Былтыр ол ауыл сыртындағы арамшөп басып, қараусыз жатқан жерге қияр екті. 300 метр тереңдікте құдық қазып, жарық жүргізді. Егін ырыс таң­да­майды, еңбек таңдайды деген рас екен. Бір алқаптан көктемнен жазға дейін 12 тонна қияр, жаздан күзге дейін 8 тонна қияр алды. Осылайша, 20 сотық жер 20 тон­на қияр берді. Табысы да жаман бол­ған жоқ. Былтыр шағын ғана жерден 3 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Самат биыл қаңтардың аяғы ақ­пан­ның басында өзінің жылы­жайын­да қызанақтың тұқымын өндіріп, өсірді. Көктем шығып, жер жыли баста­ғанда тамшылатып суғару әдісімен қы­за­нақ екті. 8 тонна өнім алды. 5 сотық жер­ге еккен қияры 3,5 тонна өнім берді. Осы жерді қайтадан трактормен айдап, тыңайтқышын сеуіп, екінші рет өнім алу үшін қияр егіп қойған. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» деген. Күзде 7-8 тонна қияр алуды жоспарлап отыр. Сонымен қа­тар алдағы уақытта тропикалық, ци­трус­тық жемістерді көптеп өсіруді қол­ға алмақ. «Болашақта 24 сотық жерімдің 7-8 со­тығына үй салсам деймін. Қалған бө­лі­гін жылыжайға арнаймын. Келесі жыл­ғы табысыма жылыжайды үлкейтіп, жан-жағын қоршап, кәсібімді үлкейтсем де­­ген мақсатым бар. Жылыжайды үл­кейт­кен соң ауылдың апайларын тұрақ­ты айлыққа жұмысқа алсақ деген мақсат бар. Сонда қысы-жазы жұмыс болады», – дейді диқан. Самат өзі өсірген өнімдерін Шым­кент­тегі, сондай-ақ ауылдардағы шағын базарларға да апарып сатады. Өзі ди­қаншы болғандықтан, өнімдерін бас­қаларға қарағанда арзандау береді. Ауыл-аймақтағылар да оны танып қалған. Өнімі таза болғандықтан, тұрақты тұты­нушылары да көп. Өйткені өнімдеріне селитра қоспайды. Дала еңбегі оңай шаруа емес. На­ғыз диқан болу үшін темірдей тө­зім мен тынымсыз еңбек қажет. Таң ат­қаннан кеш батқанға дейін кетпенін иығ­ынан тастамай жүретін диқандардың ең­бегі адал-ақ. Қиындығы көп кәсіпті ары қарай дамыту үшін қолдау артықтық ет­пейді. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау болса, Самат әлі талай адамды жұмыспен қамтамасыз етер еді.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ