Жаңалықтар

100 жылда болмаған тарихи жаңалық

ашық дереккөзі

100 жылда болмаған тарихи жаңалық

Түрік қағанатының негізін қалаған Ел­теріс қағанның кешені мен тасқа қа­шалған тарихи мәні зор жазбалар табылды. Бұл – Түркі әле­мін­де соңғы 100 жылда бол­маған тарихи жаңа­лық. Әлемдік деңгейдегі құнды жәдігерлер Ха­лықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жа­зығындағы ғылыми археологиялық экс­педициясы жұмыстарының жемісі. «Номгон-2022» бірлескен экспедициясының құра­мында Халықаралық Түркі академиясының пре­зиденті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бөгенбаев, Моңғолия ҒА Археология институты Археологиялық зерттеу ор­талығының директоры, академик Дамдин­сүрэн­гийн Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, ар­хеология институты Ортағасырлық археоло­гия­лық зерттеу орталығының жетекшісі Алтан­гэрэ­лийн Энхтөр, археологтер Цэрэнхандын Буян­хи­шиг, Гончигийн Батболд және Нарантуяагийн Цэн­гэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр жұмыс істеген. Экспедицияға қатысқан ғалымдардың мәліметінше, кешеннің жалпы аумағы 49 да 41.5 метр жерді алып жатыр. Батыстан шы­ғысқа қарай сопақша болып созыла ор­на­ласқан кешенді айналдыра қоршап ор қазып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жаса­ған. Кешеннің батыс жағында ортасында ойығы бар текше тас (альтар), адамның тас мүсіндері, қасында екі аланы бар арыстан мү­сіні және екі қой мүсіні орналасқан. Ке­шеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 бал­бал тас тізіле орналасқан. Олардың ішін­де бес балбалдан Ашина әулетіне тиесілі «тау­теке» таңбасы анықталыпты. Сонымен қатар кешенде барықтың (та­быну орны) болғанын айқындайтын қыш жа­бындылар мен жаяу жүргінші жолына төсел­ген кірпіштердің қалдықтары қазылып алын­ды. Сонымен қатар еңселі жазба ескерт­кіш­тің жоғарғы бөлігі мен тасбақа тұғыр да та­былған. Ең кереметі, табылған құнды олжаның екі бетінде 12 жолдан тұратын көне түрік бі­тік жазуы байқалады, ал үшінші қырында қа­шалған жазуды ғалымдар көне соғды жазуы деген қорытындыға келіпті. Экспедицияға қатысушы ғалымдар ес­керткіш мәтінінен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бірқатар сөзді анықтады. Жазба мәтінінен алынған мәліметтерге сүйе­не отырып, Номгон кешенін Күлтегін мен Білге қағанның әкесі, Түрік қағандығын қай­та жаңғыртушы Құтлық Елтеріс қағанға ар­налған деген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бітіктас «түрк» атауы алғаш рет кез­десетін ең көне түркі дәуірінің жазба ес­керткіші саналады. – Түркі халықтары деп аталатын ха­лық­тың ортақ алғашқы паспортын тауып отыр­мыз деуге болады. Бұл ғылым әлемінде үлкен жаңалық ретінде қабылданды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Біз бір ғана кешенді ашып отырмыз. Әлі осындай 9 кешен бар. Біраз жылға жететін жұмыстарымыз бар. Бауыр­лас және Моңғолия мемлекетінің жеке қол­дауымен біз осындай жүйелі жұмыс­тар­дың нәтижесінде жетіп отырғанымызға қуа­ныш­тымын, – деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қы­дырәлі. Номғон ғұрыптық кешені барлық белгісі жа­ғынан Білге қаған мен Күлтегін ғұрыптық ке­шендеріне ұқсас. Номғон жазба ескерт­кіші­нің жоғарғы тұсында төмен қараған дене­сі айдаһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бей­неленген. Дәл осындай қағандық атри­бутикалардың — айдаһар денелі, бөрі басты сюжеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және басқа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қа­­­шалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ес­керткіштері сынды мемлекеттік деңгейдегі маңызды ескерткіш саналады. Академия Номғон ғылыми экспеди­ция­сының нәтижелеріне арналған ғылыми жи­нақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің аста­на­ларында таныстыратын болады. Моңғо­лия­дағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қаз­ба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді. Номғон жазығындағы зерттеу жұ­мыстары 2019 жылы басталған болатын. Алайда «Covid-19» пандемиясы салдарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Номгон» бір­лес­кен экспедициясы 2022 жылдың шілде айын­да қазба жұмыстарын қайта жалғас­тырды.