Жаңалықтар

Сан қырлы Секен

ашық дереккөзі

Сан қырлы Секен

«Музыка атаулы елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса, соның ішінде ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы – күй өнері. Қа­зақ­тың қасиеті, ұяты тек қана күйінде қалды» деген екен кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуе­зов. Бұл өнер түрі қазақ қазақ болғалы ұлты­мызбен бірге ғасырлар бойы жасап келе жа­тыр. Ал оның тарихын күй зерттеушілер ықы­лым замандарға, жер бетінде белгілі бір ұлттар болмаған дәуірлерге, тайпалық, ұлыс­тық кезеңдерге апарып тірейді. Бүгінде қазақ­та бес мың күй бары айтылады. Әріге бармай, атақты «Ақсақ құлан» күйінің авторы Кет­бұға­дан бастап тарқатсақ, Байжігіт, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір бір-бір күй мектебін қалып­тас­тырды. БЕСІКТЕ ЖАТЫП ШЕКАРА АСҚАН БАЛА Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы нәубет күй өнері мен күйшілерді де ай­налып өтпеді. Дегенмен де қазақтың бұл құдіретті өнері түбегейлі жойылмай, осы за­манға аман-есен жетті. 20-ғасырдың соңы­на қарай жаңаша жаңғырды. Сол кезеңде өнер көгінде Секен Тұрысбектей жұлдыз жарқ ете қалды. Секеннің күйлерімен қазақ қайтадан күйге елтіп, күймен тербелетін болды. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлері кең-байтақ даламызды тербетіп келе жат­қанына да 40 жылға жуықтады. Көрнекті жазушы Қабдеш Жұма­ділов­тің «Соңғы көш» романында 1962 жылы 20 күн ішінде 200 мың қазақтың ше­кара асып, атамекені – қазақ жеріне орал­ғаны суреттеледі. Сол көштің арасында бе­сік­те жатқан сәби Секен де бар еді. Құдайдың құдіреті-ай, дәл осы бесікте Секеннің әкесі Кәрім уілдеп жатқанда бұл әулет Қытай ас­қан. Ақыры баласы Секен сол бесікпен кері орал­ды. Күйшінің «Бесік» күйі сол тағдырдан, өз әулеті, өзінің басынан өткен оқиғадан сыр шер­теді. Бұл туынды «Балауса» атауымен сы­бызғыда да тартылды. Осы оқиға көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетті толғантып, «Саф» өлеңі­нің жазылуына түрткі болды. «КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ» КҮЙІ ҚАЛАЙ ТУДЫ? Жалпы, Секен Тұрысбектің шы­ғар­ма­ларының дені тағдырлы туын­дылар. Қызғалдақтай жайқалып үлгермей, ерте солған Анар мен Жанар атты қыздары­нан айырылғанда «Қос жұлдызым» әні мен атақ­ты «Көңіл толқыны» күйі жазылды. Күй­ші-композитордың өзінің «Қасіреттен қа­с­иетті өнер туады» деп айтатыны бар. Асан қай­ғы бабамыз «Ой түбінде жатқан сөз, Шер тол­қытса шығады» деп айтып кетті. Музыка да дәл солай туады екен. Секенді күйші ретінде дүйім жұртқа а­лғаш танытқан «Көңіл толқыны» күйі 1985 жылы Мәскеуде жазылды. Онда өнер­паз бар болғаны 24 жаста еді. Оның ал­дында жастардың «Жігер» фестиваліне қа­тысып, бірінші орынды иеленген еді. Рес­пуб­ликалық халық музыка аспаптары му­зейі­нің (қазіргі Ы.Дүкенұлы атындағы ұлт­тық музыка аспаптары мұражайы) дирек­торы Мархаба Есболатова талантты жасты бай­қап қалып, өнер ошағы жанындағы «Саз­ген сазы» фольклорлық-этнографиялық ан­самблінің көркемдік жетекшілігіне ша­қырды. Артынша ан­самбльді Одақ аста­на­сындағы ХІІ дүние­жүзі­лік жастар мен сту­денттердің фес­ти­ва­ліне жіберді. Секеннің қос перзентінен айырыл­ғанына көп уақыт бола қоймаған. Жан дүниесін бір мұңлы әуен мазалап, со­ның кілтін таба алмай жүрген. Ансамбль мү­шелері Мәскеуде, қаланың сыртындағы ор­манға сейілге шыққанда аяқастынан дауыл көтеріліп, жаңбыр құйып берсін. «Бәріміз ағаштан салынған жаппаға барып тығылдық. Көңіл күйім мәз емес еді. Аяқ астымызда жаңбырдан көлшік пайда бол­ды. Соған тамған тамшы, жығылған жа­пырақ, ыршып аққан су, шөп пен гүлді тер­беген жел, жалпы табиғаттың ашуы ішімдегі жұмбақты тапқандай болды. Қолымда не дом­быра, не нотаға түсіре қоятын қағаз жоқ, күй басымда жазылды. «Көңіл толқыны» күйі осылайша табиғаттың толқынысы мен ішімдегі күрсіністен туды», – дейді күйші. «АҚ ЖАУЫН» МЕН АУА РАЙЫ БОЛЖАМЫ «Өнерде шекара жоқ» деп жатамыз. Жапон халқы осы «Көңіл толқыны» күйін өз қа­­сіретіндей қабылдайды. Бұл күйді есті­генде Хиросима мен Нагасаки қасіреті есте­ріне түседі. Күйшінің Жапонияға сапарында топты бастап барған Қазақстан халқы Ассам­б­леясы төрағасының сол кездегі орын­басары Жұматай Әлиұлы аталмыш туынды атом құрбандарына арналады деп хабарлап жіберген. Сол кезде жыламаған жапондық қал­маған екен. Ал «Ақ жауын» күйі Қытайдың Үрімші қаласында телеарнадан ауа райы болжамы айтылғанда ойнатылады. Иә, Секен Тұрыс­бектің күйлері еліміздің шекарасынан асып, Азия елдеріне жетті. Салыстырмалы түрде алған­да, әндері мен күйлері көп те емес. Осы уақытқа дейін 21 ән мен 14 күйді ғана жазды. Бірақ аз жазса да, саз жазады. Бір өкініштісі, бас­қа тамаша туындылары осы «Көңіл тол­қыны» мен «Ақ жауын» күйлерінің тасасында қалып жатады. Күйшінің азан шақырып қойған аты – Серікболсын. Үй іші еркелетіп Се­кен атап кеткен соң құжат та осы есімімен беріл­ді. Туған күні де 1 мамыр болып жазы­лып кеткен. Әйтпесе, күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасын еріткен Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі кезінде шыр етіп дүниеге келді. Домбыраға деген құш­тар­лы­ғын нағашысы Төлебай оятты. Айтқали атты көршісінен осы аспаптың әліппесін үйренді. Шығыс Қазақстан облысы Тарба­ғатай ауданында мектеп табалдырығын ат­та­ғанда да домбыра үйірмесіне қатысты. Сегі­зінші сыныпты бітірген соң Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түсті. Одан соң Алматы кон­серва­тория­­сында Мәлгаждар Әубәкіровтің ше­бер­ханасында білімін жетілдірді. Ұстазына деген алғыс ретінде кейіннен «Мәлгаждар» күйін жазды. «АРУАНА» КҮЙІ НЕМЕСЕ АЙТМАТОВТЫҢ ШОҢ РИЗАШЫЛЫҒЫ Бұл туындыны күй-портрет деп атасақ болады. Осы қатарда атап өтуге лайық «Жұматай» дейтін күйі де бар. Атал­мыш шығарма жыр қағаны – Жұматай Жа­қып­баевқа арналған. Ақын мен күйші аға-іні­дей жақсы араласқан еді. «Секен деген мық­ты бір күйші жігіт таптым» дейтін кө­рі­неді Жұматай достарына. Бірақ ақын өмір­ден ерте озып кетіп, екеуі ұзақ араласа ал­ма­ды. Күйшінің бір өкініші – осы. Секен Тұрысбектің бір қасиеті – әде­биетті терең түсіне білуінде. Жұма­тай­дан басқа Асқар Сүлейменов, Қажытай Ілиясұлы, Таласбек Әсемқұлов сынды қалам­герлермен достық қарым-қатынаста болды. Қазір Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет сияқты ақындармен жақын араласады. Ән­дерінің сөзінің денін де Несіпбек ақын жазды. Ал бастапқыда әйгілі әнші Мақпал Жүнісова, кейіннен Құдайберген Бекіш орын­даған «Аққу сазы» әні мен «Қарлы­ға­шым», «Қоңыр қаз» сынды әндерінің сөзі де композитордың өзінің қаламынан туған. Бұл тұрғыдан өлең сөзге де қаражаяу емесін байқауға болады. Күйшінің қоржынында «Аруана» атты Шыңғыс Айтматовтың шығармасы әсері­мен жазылған күй де бар. «Осыдан ши­рек ғасырдан астам уақыт бұрын Алма­ты­да, түнгі сағат он екіде «Боранды бекетті» оқып отыр­ғанымда Найман ананың желмаяға мініп, белден-бел асып желіп бара жатқан са­пары маған қатты әсер етті. Осы күй жа­зылған соң күйлерім кітап болып шықты. Бір данасын Шыңғыс ағаға сыйладым. Жазу­шы: «Боранды бекеттен» осындай күй туа­тыны үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді» деп өзінің кітабына «Шоң ризашылық менен» деген қолтаңба жазып берді», – дейді Секен Тұрысбек.

КИНО ӘСЕРІН КҮШЕЙТКЕН МУЗЫКА Аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастаны желісімен белгілі ре­жиссер Сламбек Тәуекел түсірген, поэзиялық шы­ғарма аттас көркем фильмін музыкамен көр­кемдеген де Секен Тұрысбек. Композитор ки­нотуынды табиғатын тамаша түсінген. Әсіресе, «Дарабоз» атты күйі фильм әсерін кү­шейте түседі. Жалпы, кино өнерінде пайда­ланы­латын музыка үлкен маңызға ие. Кинотуындының сәтті немесе сәтсіз шығуы му­зыкасына да байланысты. Мәселен, атақ­ты «Қыз Жібек» фильмі Нұрғиса Тілен­диев­тің музыкасымен де биік болып тұр. Кино және театр режиссері Талғат Теменов­тің «Махаббат бекеті», «Қызғыш құс», «Адам­дар арасындағы бөлтірік», «Кішкентай хан­за­да» фильмдері көрнекті композитор Тө­ле­ген Мұхамеджановтың шығармалары­мен әсер­лірек. Талғат Теменов Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық музы­ка­лық драма театрында сахналаған «Ақ жауын» спектаклі лейтмотивіне де Секен Тұрысбектің осы аттас күйі алынған. КҮЙ ҚҰДІРЕТІ Ғылымда «музыкатерапия» деген термин бар. Біздің тілге аударғанда бұл музыкамен емдеу ұғымын білдіреді. Ал қа­зақ күйінің құдіреті адамдарды айт­па­ғанда, жануарлар мен құстарды жіпсіз бай­лайды. Мысал үшін тілімізде қолданылатын «аспандағы аққуды жерге қондырған» тір­кесі, «Нар идірген» күйін алуға болады. Секен Тұрысбек күйлерінің де емдік қасиеті бар секілді. Бірнеше жыл бұрын бес жасар бала күйшінің туындыларын тыңдап, дертінен құ­лантаза айығып шыққан. Бір бұл ғана емес, Алматыда сексендегі қарт әже Секеннің күй­лерінен дертіне дауа табады, Жамбыл облысында бір емші күйшінің күйлерін қо­сып қойып адамдарды қабылдайды екен. Осы туралы Секен Тұрысбек дос, таныс­тар­дан естіген. Күйші «Сазген сазынан» кейін «Қоңыр қаз» ансамбліне жетекшілік етті. Ел­басы ұсынысымен «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрін құрды. Бұл ұжым 1997 жылы Алматы қаласында жұмысын бастады. 2001 жылы елордаға көшірілді. Алайда осы­дан бес-алты жыл бұрын өнер ұжымы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі­нің бұйрығымен жабылып қалды. Жетекшісіне бұл жағдай ауыр тиді. Алматыға қайтып ора­лып, сол жақта оркестрді жандандырды. Бұл күндері осы оркестр репертуарына 200-ге жуық ән мен күй енген. Оркестр жетек­шісінің табиғатына Әбікен Хасеновтің «Қоңыр», Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйлері жақын. Төлегеннің қолынан күй алғаны да бар. Реті келгенде алдыңғы буын күйшілердің күйлерін насихаттап жүреді. Бұл – ұнамды қасиет. Әйтпесе, қазір өзіндегі өнерден гөрі өнердегі өзін биік қоятын өнерпаздар көбейіп кетті. Секен Тұрысбек 1988 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, орда бұзар отызында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. «Парасат», «Құрмет» ордендерін иеленді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен тағайындалған «Наурыз-2021» ұлттық сыйлығының «Күй» аталымында топ жарды. Биыл «Тәтті мұң» атты ән-күй партитуралары, клавирлер, өлеңдер жинағы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Әбден лайық!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ