Ұлт руханиятының жалаугері
Ұлт туралы әңгіме болғанда негізгі сөз сол ұлттың мәдениеті мен өркениетінің қалыптаса бастаған кезінен басталады. Тарихқа қазақ атымен еніп, дербес мемлекет құрғанымызға бес жарым ғасырдан асса да, шын мәнінде өркениет көшіне ілесіп, әлемге өз еліміздің атынан тіл қатқанымыз – өткен ғасырдың басы.
Міне, сол тұста төл әліпбиіміз бен төл ғылымымыз және ұлттық баспасөзіміздің пайда болуына ерен еңбек сіңірген тұлға Ахмет Байтұрсынұлы еді. Биыл оның 150 жылдық мерейтойын республикалық көлемде және ЮНЕСКО деңгейінде тойлау шаралары жүріп жатыр. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, 5 қыркүйек күні Қостанай облысына барып, жұмыс сапары аясында қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлындай ұлт ұстазына деген мемлекеттік деңгейдегі құрметтің көрінісі. Қасіретті де қасиетті ғұмыр иесі Әр қайраткерді өз дәуірі тудырады дейтін тәмсіл бар. Бұл – кезі келгенде әр ұлттың өз құдіретін көрсететінінің дәлелі. Ал ондай кезеңде қоғамды алға сүйрейтін пассионарлар тарих сахнасына шығып, өз миссиясын атқарады, олар бастаған ізгілікті іс одан әрі жалғасын тауып, тұтастай ұлттың жан-жақты дамуына зор әсер етеді. Сондықтан қазақ руханиятында Ахмет Байтұрсынұлының орны өте биік, маңызды әрі зор құрметке лайық. Бір басына құдай керемет қабілет пен талантты үйіп-төгіп берген ақын, қазақ тіл білімі ғылымының негізін салушы және әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысы Жангелді ауданы Ақкөл ауылында (бұрынғы Торғай уезінің Тосын болысы) дүние есігін ашты. Атасының аты – Шошақ, әкесінің есімі – Байтұрсын, анасының ныспы – Күңше. 1885 жылы сайлауда уез бастығы Яковлевке наразылық танытқаны үшін Шошақ балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ үшеуі сотталып, дүние-мүлкі тәркіленіп, Сібірге 15 жылға каторгаға айдалады. Тек әкесінің інісі Ерғазы ғана ол кезде оқиға болған жерден жырақта жүргендіктен, жазадан аман қалады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен Ахмет атасы Шошақ пен әкесінің інісі Ерғазының тәрбиесінде болады (Ахметтің әкесі Байтұрсын айдаудан оралып 1909 жылы, анасы Күңше 1919 жылы өмірден өткен). Алдымен екі жыл ауыл молдасынан сауат ашқан ол 1890 жылы Торғайдағы екі сыныпты қазақ-орыс училищесін, 1895 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіреді, сөйтіп 1909 жылға дейін Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Мұғалім кезінде елдегі саяси жағдайларға қанық ол 1905 жылы халықты басқару, сот, білім беру, сыртқы миграция, тағы басқа саяси маңызы бар мәселелер көтерілген Қарқаралы петициясы авторларының бірі болады, сол үшін 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Жеті айдан соң оған жерге жер аудару жөнінде шешім қабылданып, 1910 жылы 9 наурызда Орынборға келген А.Байтұрсынұлы 1917 жылдың соңына дейін сонда тұруға мәжбүр болды. Дегенмен Байтұрсынұлының Орынбордағы өмірі қоғамдық-саяси қызметке арналып өзінің сенімді серіктері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен бірге тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып, халқының сауатының ашылуына, саяси көзқарасының орнығуына күш салды. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмағанбетов, Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжановтармен бірге «Алаш» партиясының бағдарламасын әзірлеген Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметі құрылғанда оның құрамына енбеді, дегенмен 2-жалпықазақ съезінде осы үкіметтің оқу-ағарту комиссиясының төрағасы болып бекітілді және 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанған ол сол жылдың шілдесінде РКФСР Халық комиссарлар кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды және Байтұрсынұлының ықпалымен Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Ол 1920 жылы тамызда Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылы Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары болып жұмыс істеп, 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922-1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы қызметінде болды. Осымен бір мезгілде Байтұрсынұлы ұстаздықтан қол үзбей, 1921-1925 жылдарда Орынбордағы, 1926-1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ беріп жүрді. 1926 жылы Бакуде болып өткен Бірінші түркологиялық құрылтайдың төралқа мүшесі болды. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институты ашылғанда осы оқу ордасына келіп, профессор қызметін атқарды. 1929 жылы 2 маусымда «Алаш» қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Сөйтіп, КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді, алайда кейін ол шешім өзгеріп: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге жіберілсе, 1932 жылы қарашада Архангельскіге 3 жылға жер аударылды. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен бірге мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемеде қысқамерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда сталиндік репрессияның қармағына ілініп, сол жылдың 8 желтоқсанында атылды. Сөйтіп, жарты ғасырдан аса уақыт ұлтына зор еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлының есімі еш жерде аталмай, еңбектеріне тыйым салынды. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екен, 70 жылдай халықтар түрмесіне айналған қызыл империяның өткен ғасырдың соңғы ширегінде шаңырағы шайқалып, қоғамда жариялылық пен демократия күш ала бастағанда кезінде саяси көзқарастарына байланысты жазықсыз жапа шеккендерді саяси тұрғыда ақтау күн тәртібіне шықты. Сөйтіп, 1988 жылдың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанында сталиндік репрессиялардың құрбаны болған халқымыздың ардақты ұлдарының саяси және шығармашылық-мәдени қызметтеріне оң баға беру туралы арнайы комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Соның нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы Сот: «СССР Халық Комиссарлар Советiнiң жанындағы ОГПУ-дің ІV коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі және 1931 жылғы 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм және тағы басқалар жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын» деген шешім шығарды. Сонымен бірге Қазақстан Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің араласуымен Ғылым академиясында арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімі бойынша Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты Солайша, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, басқа да көптеген Алаш қайраткерлері мен ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері саяси, азаматтық тұрғыда ақталды. Міне, осыдан бастап Ахмет Байтұрсынұлының есімі халқымен қайта қауышып, шығармалары жарияланып, ұлт ұстазының есімі Отанында ұлықтала бастады. Әр ісімен ұлт мерейін көтерген тұлға Бір адамның бірнеше салада тер төгуі таңғаларлық нәрсе емес, ондай жандар бар, ал барлық салада бірдей жетістікке жету миллиондардан бір адамның басына қонатын бақ болса керек. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпбиін реформалауға сіңірген еңбегі, қазақ тіл білімі ғылымының негізін салуы, қазақ әдебиеттану ғылымын жасауы және поэзия мен публицистикада істеген істерінің мән-маңызы ерекше, себебі ол қай-қайсысында да үлкен жетістікке жете білді. Байтұрсынұлы – ақын. Тумысынан зерек те сергек, сұңғыла сана иесі Ахмет Байтұрсынұлы жастайынан алған білімімді қайтсем халқымның қажетіне жаратамын деп ойлағанда ең алдымен сөз құдіретіне қол созды. Бұл оның азаматтық ұстанымын қалыптастырған жол болды. Өйткені ежелден екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен қазақи болмысқа сол тұста сөздің, өлең-жырдың әсері мол болатын. Сөйтіп, ол бойға біткен ақындық қуатымен ұлтын оятуға үн қосуды мақсат тұтып, 1909 жылы «Қырық мысал» атты аударма кітабын шығарды. Бұл кітап Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы және Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» атты кітабымен бір жылда жарық көріп, қазақ даласына тарады. «Қырық мысал» орыстың әйгілі ақыны И.Крыловтың мысалдарынан еркін аударма кітабы болды. Себебі А.Байтұрсынұлы Крылов мысалдарын сол қалпында жеткізуден гөрі оны қазақи дүниетанымға лайықтап, шығыс әдебиетінде ежелден бар – нәзира (жарыса жырлау) үлгісімен жеткізді. Яғни, орыс ақынының мысалдарындағы сюжеттерді негізге ала отырып, қайта жырлап шықты, сол арқылы қазақ халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын астарлай жеткізіп, елін оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге, заманнан қалмай білім игеруге үндеді. Қазақты билеп-төстеп отырған патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктерді сынады. Бұл ұйқыда жатқан қазақтың ой-санасын оятуға ұмтылған ақынның жан шырылы еді. Дегенмен әдебиеттегі алғашқы қадамы болса да Байтұрсынұлының бұл кітабы әлі де өз маңызын жойған жоқ, бұл ақынның талант құдіретін танытса керек. Ахмет Байтұрсынұлының екінші кітабы «Маса» деп аталады. 1911 жылы жарық көрген бұл кітапқа енген өлеңдердің мәні сол тұстағы ағартушылық бағытпен үндесіп, қазақ даласында Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған гуманистік, демократиялық бағытпен үндесті. Онда ақын ұлтының кемшіліктерін көрсетіп, өзі өмір сүріп отырған кезеңдегі қоғамға көңілі толмайтынын жеткізді. Кітаптағы «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқты өлеңдерінде А.Байтұрсынұлының ақындық қуаты мен халқын сүйген үлкен жүрегі көрінді. Ал әдеби тұрғыдан келгенде ақынның көзі тірісінде үш рет басылып шыққан «Маса» өзінің әуенділігі мен мен ой өрнегі жағынан қазақ поэзиясына өзіндік жаңалық, соны өзгеріс әкелген кітап еді. Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.Пушкин, М.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Надсон секілді ақындардың өлеңдерін жоғары деңгейде аударып танытты. Байтұрсынұлы – публицист. Өзінің журналистік қызметімен қазақ публицистикасының бастауында тұрған санаулы тұлғалардың бірегейі. Сондықтан оның аты аталғанда ұлтымыздың ойында 1913-1918 жылдары шығып тұрған «Қазақ» газеті тұрады. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетін шығарып, өзі редакторлық және журналистік қызмет атқарды. Газеттің алғашқы санында «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатынын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті» деп жазған Ахмет Байтұрсынұлы ә дегеннен тіл тазалығы мен әдебиетіміздің дамуы үшін белсене еңбек етіп, көптеген мақала жазды. Публицист қаламгердің газетте жарияланған «Көшпелі һәм отырықшы норма», «Уақ қарыз», «Бұ заманның соғысы», «Жәрдем комитеті», «Закон жобасының баяндамасы», «Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение», «Губернатор өзгертілуі», «Соғысушы патшалар», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазаққа ашықхат», «Бастауыш мектеп» сияқты сыни мақалалары сол тұстағы елдің газет оқуға, баспасөз құдіретін тануына зор әсер етті. Айта кету керек, оның публицистикалық туындылары тек «Қазақ» газетінде ғана емес «Айқап», тағы басқа газеттерде жарияланып тұрды. Осылайша, ол қазақ баспасөзінің де негізін салып, өркен жаюына зор еңбек сіңірді. Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің негізін салушы. Бұған оның қазақ әліпбиіне реформа жасауы және қазақ тілінде оқулық жазып, тіл білімі ғылымында жасаған жұмыстары дәлел. 1910 жылы ол қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде әліпби жасады. «Бір дыбысқа – бір таңба» принципімен жасалған бұл әліпби өзінің жазуға және оқуға ыңғайлылығымен қазақтың сауатын ашуға зор пайдасын тигізген еңбек болды. Өзі жасаған жаңа жазу үлгісін «Қазақ» газетіне шығарған А.Байтұрсынұлы жаңа әліпбиді қолданудың қажеттілігін белсене насихаттады. Сондықтан ол 1924 жылы Орынборда өткен қазақ зиялыларының тұңғыш съезінде және 1926 жылы Бакуде өткен түркі білімпаздарының құрылтайында араб жазуындағы жаңа әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты дәлелдеп ғылыми баяндама жасады. Қазақ тілінің заңдылығын, ерекшеліктерін ғылыми жақтан негіздеп жасаған Байтұрсынұлының әліпбиі ұлттық жазуымыздың қалыптасуында аса ірі мәдени жетістікке айналды. (Тіпті, кеңестік кезеңде шетелдердегі қазақтарға арнап Қазақстанда шығарылып тұрған «Шалқар» газеті де осы жазумен басылып тұрды). Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы шыққан «Оқу құралы» қазақтың тұңғыш әліппелерінің бірі. Ол бірнеше рет жетілдіріліп, 1925 жылға дейін жеті рет қайта басылып шықты. Қазақ тілінің табиғатын танытатын «Оқу құралы» әдістемелік тұрғыдан күні бүгінге дейін аса бағалы оқулық саналады. Тілді үйрену тек әліпбиді игеруден тұрмайды, сондықтан Байтұрсынұлы бұл жолдағы ізденісін кеңейтіп, қазақ тілінде білім беретін мектептер үшін үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығын жазды. (Оның фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылы жарық көрді). Сөйтіп, «Тіл – құрал» атты қазақ тілінің тұңғыш оқулығы пайда болды. Ол оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі еді. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің барлық саласының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салды. Оқулықта қазақ тіліндегі тілдік ұғымдарға терең ғылыми анықтамалар берілді, терминдері жасалды. Мәселен, күні бүгінге дейін пайдаланып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, тағы басқа жүздеген ұлттық терминді Ахмет Байтұрсынұлы жасады. Ол сонымен бірге тіл үйренушілер мен оқытушыларға арнап «Тіл жұмсар», «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазып шығарды. Айта кету керек, А.Байтұрсынұлының атын атауға қатаң тыйым салынған кеңестік кезеңде де қазақ тіл білімінде оның жасаған жүйесі сақталып, терминдері пайдаланылып келді. Бүгінде әлемдік ғылыми орта Ахмет Байтұрсынұлының түркология ғылымындағы ерен еңбектерін түгел танып, мойындайды. Байтұрсынұлы – әдебиеттанушы. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы ретінде де көп еңбек сіңірді. Бұл тұрғыдан алғанда оның 1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында жарияланған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласы қазақ тіліндегі алғашқы әдеби зерттеу мақалалардың ең көрнектісі саналады. А.Байтұрсынұлы бұл мақаласында ақын Абай Құнанбайұлының өмірбаянын беріп, оның ұлттық әдебиетіміздегі аса ірі тұлға екенін көрсетіп, шығармаларының мазмұнының тереңдігі мен ақындық шеберлігін жан-жақты баяндайды. Сондай-ақ Абайдың поэтикасы, орыс әдебиеттерімен байланысы туралы терең пікірлер айтып, ақын мұрасының эстетикалық қадір-қасиеттерін ашқан. Ол бүгінгі абайтану ғылымының іргетасын қалаған алғашқы зерттеу еді. А.Байтұрсынұлының қазақ фольклорын жинап, жариялаудағы еңбегі үлкен. 1923 жылы Мәскеуде қазақтың эпостық жыры «Ер Сайын» дастанын кітап қылып шығарып, оның алғысөзі мен түсініктемелерін жазды, сонымен бірге ауыз әдебиетіндегі жоқтау жырларды жинап, жүйелеп 1926 жылы «23 жоқтау» атты кітапты бастырып шығарды. Бүгінде қазақ әдебиеттану ғылымы өсіп-өркендеген ғылым, ал соның басында А.Байтұрсынұлының 1926 жылы шыққан «Әдебиеттанытқыш» атты кітабы тұр. Бұл – қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұңғыш теориялық еңбек. «Әдебиеттанытқыш» – қазақ көркем сөз өнерінің табиғаты, сыры, мазмұны, ерекшеліктері, жанрлары, жаңа терминдер, ұғымдар жайлы жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, тұжырымдар жасалған кітап. Еңбекте әдебиеттің эстетикалық әсемдік әуенін талдауға баса мән берілген, жазба әдебиеттегі ағымдар, әдістер туралы айтылған. Кітап «Сөз өнерінің ғылымы», «Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Ондағы теориялық талдаулар мен сөз өнеріне қатысты тұжырымдарында А.Байтұрсынұлы фольклордан және көптеген автордың шығармаларынан мысалдар келтірген. Кітаптағы Асанқайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз сияқты ақын-жыраулар шығармаларынан алынған мәтіндерге қарап «Әдебиеттанытқыш» авторының қазақтың арғы-бергі сөз зергерлері жайында көп білгенін байқауға болады. Тұжырып айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиеттанытқыш» кітабы арқылы қазақ әдебиеттану ғылымына осыдан бір ғасыр бұрын түрен салып, оның болашақ дамуына даңғыл жол көрсеткен ұлы ұстаз болды. ...Бір мезгілде ұлттық жазуын жасап, баспасөзін бастап, тіл ғылымын түрлендіріп, әдебиет ғылымын негіздеген Ахмет Байтұрсынұлындай тұлға әлемде аса сирек кездесетін феноменалдық құбылыс. Бірақ тағдыр сондай перзентті қазақ халқының маңдайына жазған екен. Ұлт ұстазын ұлықтау – ұлттың мерейі Ұлттың өзін сақтау жолындағы ең игілікті ісінің бірі – ұлыларын ұлықтау. Өйтпеген күнде ұлттың өзіне деген құрметі, мақтанышы болмайды. Ал мақтан тұтар ардақтысы, төбеге көтерер тұлғасы жоқ не аз елдің өзгелердің қасында қашанда еңсесі түсіңкі, рухы пәс. Құдайға шүкір, музыкада Құрманғазыдай, әдебиетте Абайдай, спортта Қажымұқандай алыптары бар қазақтың тіл-әдебиет ғылымында Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлғасы бар. Аласапыран заманда бас еркіндігінен айырылып, жаттың боданында болған елдің заманы туып, азаттығына қайта ие болған тұста Ахмет Байтұрсынұлындай арда перзентін өз тұғырына қондырып, төбесіне көтерді. Бұл тарихи әділеттілік халқымызға рух береді, елдігін тануға, танытуға күш береді. Бір кезде солақай саясат Ахметтей ғазиз жанның – ұлт руханиятының жалаугері болған тұлғаның есімін ел жадынан өшіргісі келгенімен, бәрібір құдіретті тарих оны зұлымдық құрсауынан жұлып алып, рухын аспандатты. Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының атын, оның ел үшін еткен еңбегінің маңызын білмейтін қазақ баласы жоқ. Кітаптары қайта-қайта басылып, ол туралы шығармалар жазылуда. Оның аты көшелер мен мектептердің, оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институтының, музейлердің маңдайында жазулы тұр, білім алып жатқан жас ұрпақтың әр оқулығында шығармалары сөйлеп тұр. Ол туралы кинолар түсіріліп, экрандардан көрсетіліп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының Отаны – тәуелсіз Қазақстанда оның жыл сайын аты ардақталып, оған арналған ғылыми конференциялар, әдеби кештер өткізіледі. Баспасөзде оған арналған мақалалар, әдеби шығармалар жарияланып жатады. Ал биылғы 150 жылдық мерейтойын мемлекетіміз ерекше, кең көлемде тойлап жатыр. Мұның бәрі – ұлт ұстазына деген сарқылмас құрметтің көрінісі. Баспасөзін, әліпбиін, тіл ғылымын, әдебиет ғылымын өзгелер жасап берген елдер қаншама? Ал біз Ахмет Байтұрсынұлы секілді алыбымыз тұрғанда өз руханиятымызды өзіміз жасадық деп мақтанышпен айта аламыз. Ол мақтаныш ұлтымызға мәңгілік рух беретін мақтаныш.
Ахмет ӨМІРЗАҚ