Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам
Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам
Мемлекет басшысы сөз басында халықтың жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыруды қолдағанын, конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болғанын айтты. Енді еліміздегі саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Осы жолда «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынас түбегейлі өзгермек. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады, әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетпек. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмек көрсетіліп, Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалатын болады.
Бірінші бағдар.
Жаңа экономикалық саясат
Жолдаудың бірінші бағдарында қазіргідей күрделі жағдайда шатқаяқтап тұрған экономикадағы қордаланған мәселелер айтылды. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелді екеніміз, еңбек өнімділігі төмендігі, инновация жеткіліксіздігі, ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырмағаны баса айтылды. Президент мұның барлығы күрделі мәселелер болғанымен, шешудің нақты жолдары жоқ емес екеніне тоқталды.
– Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз. Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын да санамалап өтті. Мұның бәрі, әрине кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешу арқылы ғана жүзеге асады. Президент осындай тоғыз міндетке тоқталды.
– Бірінші. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді. Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас тарту керек, – деп баға саясатындағы олқылықтарға тоқталған Президент монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды екеніне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдай туындауына тарифтерді күшпен ұстап тұру әсер еткені айтылды. Бұл мәселені реттеу үшін монополия жайлаған нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек.
Екінші. Экономиканы одан ары монополияның шырмауынан босату үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдануы керек екені, ол үшін қандай шаралар атқарылуы керек, осы мәселеге де баса мән берілді. Президент «Конгломерат» ұғымын заң жүзінде айқындап алған жөн деген тапсырма берді.
Осы мәселені негізге ала отырып, қазір жұмыс істеп тұрған операторларды бәсекелі ортаға беру немесе монополист деп танып, қызметін монополияға қарсы арнаулы құқық аясында реттеу туралы да сөз болды.
Үшінші мәселе салық саясаты төңірегінде қозғалды. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екенін айтқан Президент фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін мәлімдеді.
Осыған орай оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылмақ. Сондай-ақ жұмыс кезінде бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек екені айтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұдан бұрын да бірнеше рет айтылып келген байлық салығын енгізу туралы мәселе қозғады, яғни «сән-салтанатқа салық» салынады. Бұл да салық реформасы аясында жүзеге аспақ.
– Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет, – деген Президент утилизация алымы мәселесіне де тоқталып, 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек деген тапсырма берді. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бірреттік алым алуды ұсынды. Президент бұл іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара екенін де ескертіп өтті.
Салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты екенін айтқан Президент төртінші мәселеге тоқталды.
– Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды. Шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажет. Кедендік рәсімдеу орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиіс, – деді ол.
Бесінші. «Көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек.
Алда бюджет саясатына реформа жасалып, Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітілмек. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет екені айтылды. Соның ішінде ең маңызды мәселенің бірі Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылмақ.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатқанын айтқан Мемлекет басшысы оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту туралы тапсырма берді. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексі қабылданбақ.
Алтыншы міндет – Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау.
– Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет, – деген тапсырма берілді.
Енді мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданбақ.
– Жетінші. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отырғаны және оның шешімін табу сегізінші міндет ретінде айтылды. Дегенмен елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді екен. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр.
– Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс, – деген Президент шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар екенін ескертті.
Тоғызыншы міндет ретінде шиеленісіп тұрған жер мәселесі төңірегіндегі түйткілдер айтылды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдерін жыл аяғына дейін айқындау тапсырылды.
Екінші бағдар.
Нақты секторды дамыту
– Ең алдымен жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын, – деп нақты міндет жүктеген Мемлекет басшысы енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкені жөн екеніне тоқталды. Қазір шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр.
Келесі мәселе. Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана жеткілікті ықпалы бар мажоритарлы инвесторға айналмақ, ал қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіріп, оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілі қолданылуы мүмкін. Ал «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды.
Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Еліміз қазіргі геосаяси жағдайда Азия – Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр, Транскаспий дәлізі дамып келеді. Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылатынын мәлімдеді.
Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, шешімін таппай отырған жол мәселесі төңірегінде де тапсырмалар берілді. Мәселен, 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызы жақсаруы керек. Мұны да Үкіметке тапсырған Президент жалпы Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатқанын айтты. Қазір қоғамдағы мәселелердің көбі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр деп сынады.
Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
– Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс, – деген ол бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек екенін де қадап айтты. Бұл салада сонымен қатар озық технологиялар тапшы.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталды. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылған. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Президент бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру, саланы дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуді тапсырды.
Үшінші бағдар.
Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция
– Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр, – деді Президент, осылайша Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды.
Сонымен қатар медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек екені, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдалануға баса мән беру керегі айтылды. Келесі жылдан бастап ұлттық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл құжат ең алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналатын болады. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.
Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашу көзделіп отыр. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбеймек.
– Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатқанына тоқталған Мемлекет басшысы біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет екенін айтты. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр.
Президент жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асыру керек екенін айтты.
Одан бөлек, мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізбек. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтілмек. Одан бөлек, 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де ерекше назарға алынды. Еңбекпен қамтитын түрлі шара арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беріп, олардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.
Жолдаудың тағы бір елең еткізген тұсы – әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көреді. Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарлама жүзеге аспақ. Яғни, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару ұсынылып отыр. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Президент жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды.
Ал «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады.
Президент шетелдегі дарынды жандарды елге тартып, сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажеттігіне де тоқталды. Одан бөлек, қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді.
Мемлекет басшысы бұл жолы да кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек екенін, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс екенін баса айтты.
Төртінші бағдар.
Мемлекеттік басқару ісін
қайта жаңғырту
– Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру керек. Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ, – деді Президент.
Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек екені де айтылды. Осылайша Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырылды.
Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар қажет екенін айтқан Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажеттігіне тоқталды. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуы керек. Үкіметке Агенттікпен бірлесіп, бүкіл әлемдегі азаматтарымыздың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосу міндеті жүктелді.
Бесінші бағдар. Заң және тәртіп.
– Қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен барлық судьяның мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн, – деді Президент.
Судья болуға үміткерлерді даярлау, біліктілігін көтеру жұмысы кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі.
Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау төңірегінде көтерілді. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды.
– Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым, – деді Президент.
Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті.
2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1 200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыреті Әділет министрлігіне берілмек.
Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет екеніне тоқталған президент алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет екенін айтып, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы: – Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады, – деп бұл бастаманың негізін Мемлекет басшысы былайша түсіндірді, – Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Саяси кадрларды жаңарту – әлдекімнің ермегі емес, өмірлік қажеттілік. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады, – деді.
Сонымен қатар Президент Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды, осы арқылы көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталмақ.
Осылайша, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.
Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды екенін айтқан Президент осы қадамның бәрі біздің «Күшті Президент – ықпалды Парла-мент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түсетінін, еліміздің болашағын айқындайтынына бек сенімді екенін білдірді.