Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды
Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды
Ғылым және жоғары білім министрлігінің келісімімен Қанат Әуесбай Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің проректоры болып тағайындалды. Жаңа проректорды ұжымға университет ректоры Гүлзада Шакуликова таныстырды деп хабарлады turkystan.kz aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Қанат Әуесбай бұл жоғары оқу орнында жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер бағытына жетекшілік етеді.
Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша бітірген (1999-2004 жж.), ҚазҰУ аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған ( 2004-2008 жж.), филология ғылымдарының кандидаты. 2013-2014 жж. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich). Сондай-ақ, ол қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика» мамандығы бойынша аяқтаған (2014-2016 жж.), Turan-Astana университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алған (2018-2020 жж.).
Ұзақ жылдар бойы журналистік кәсібін ғылыми-педагогикалық қызметпен ұштастырып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Қанат Әуесбайдың 14 жылдық ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі бар. Сондай-ақ, ол әр жылдары БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар саласында еңбектенді: «31 канал», «Қазақстан» «Astana» сияқты республикалық телеарналарда тілші, редактор-сарапшы, шеф-редактор, жүргізуші болды. Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының жетекші сарапшысы, 2019-2021 жж. «Қазақстан» РТРК АҚ» Атырау облыстық филиалы директоры болды. 2021 жылдың желтоқсанынан Нұр-Сұлтан қаласындағы «Elorda Aqparat» медиа-холдингінің директор орынбасары, сонымен қатар, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының астаналық филиалы төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарды.
Қанат Әуесбай – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, университет дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Казақ Ұлттық университетіне 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Қазақстан бас редакторлар Клубының мүшесі, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Кеңес мүшесі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті - мұнай және газ саласына мамандар дайындайтын еліміздегі бірден-бір мамандандырылған мемлекеттік жоғары оқу орны. Оның тарихы 1959 жылдан бастау алады.