Қошанов Президент Жолдауын талқылау үшін партия активімен жиын өткізді
Қошанов Президент Жолдауын талқылау үшін партия активімен жиын өткізді
Бүгін «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау үшін партия активімен жиын өткізді.
Оған Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, Орталық аппараттың қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, бейнеконференция байланысы арқылы партияның барлық аймақтық филиалы қосылды.
Ерлан Қошанов жиынға қатысушылардың назарын Жолдау – Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы тағы бір үлкен қадам екеніне аударды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты толғандыратын барлық өзекті мәселені қамтыды. Бұл - су ресурстарының жетіспеушілігі, жол жөндеу, ауылдағы медицинаны дамыту, игерілмеген жерлерді қайтару және тағы басқалар. Сондықтан біз Президенттің бағытын толық қолдаймыз», – деді Дархан Қыдырәлі.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев Алматының жастар мен студенттер қаласы екенін атап өтті.
«Бұл ретте, 100 мың жас азаматты жұмысқа орналастыру, жас кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беру, студенттер жатақханасының мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қамтылған Жолдау – болашақ ұрпақтың мәселелері Президенттің назарында екенін айқындап отыр», – деді Мейіржан Отыншиев.
Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметова барлық міндет қоғамның, мемлекеттік аппараттың және «AMANAT» партиясының ортақ күш-жігерімен іске асады деген пікір білдірді.
«Бүгінгі жұмысымызда қоғамдық диалог, ашықтық, тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел ден қою мәселесі басым бағыт болуы тиіс. Сол арқылы ойға алған дүниенің барлығын іске асыра аламыз», – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына Жолдауды халық арасында ілгерілету және онда айтылған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру үшін барлық партиялық ресурстарды жұмылдыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.