ОҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

ОҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

ОҚО әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
ашық дереккөзі
Президент Әкімшілігі келісімімен және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың өкімімен ОҚО әкімінің орынбасары болып Бауыржан Салдарұлы Жамалов тағайындалды. Бұл туралы бүгін өңір басшысы кадрлық мәселе бойынша өткен мәжілісте мәлімдеді. – Облыс әкімінің орынбасары лауазымы бос екендігі өздеріңізге белгілі. Осыған орай, Президент Әкімшілігі келісімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Бауыржан Салдарұлы Жамаловты  тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бауыржан Салдарұлы экономика және қаржы салаларында зор тәжірибесі бар білікті маман. Түрлі қаржылық құрылымдарда байқаушы кеңестердің мүшесі қызметін атқарған. Осы тәжірибесі облыс әкімінің орынбасары ретіндегі алдағы жұмысында  үлкен көмегі тиетін  болады, – деді Жансейіт Қансейітұлы. Бауыржан Салдарұлы облыс әкімінің орынбасары ретінде кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы және туризм салаларына жетекшілік жасайды.  Облыс әкімі оған ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелеріне терең талдау жасап, олардың шешілуін қамтамасыз ету, облыстың әлеуетін ескере отырып кәсіпкерлік пен туризмге жан-жақты қолдау көрсетіп, дамуға ықпал жасау, инвестициялар тартуды, индустрияландыру   картасының  уақтылы және сапалы атқарылуын ұйымдастыруды тапсырды. Бауыржан Салдарұлы Жамалов 1971 жылы 27 шілдеде туылған. Білімі жоғары, инженер-механик – технолог, заңгер мамандықтарын игерген.  Еңбек жолын 1993  жылы Шымкент қаласында  бизнес саласында бастаған. Ұзақ жылдар кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған.  Бүгінге дейін «Мырзакент-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып еңбек етіп келді. Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған.