ОҚО әкімі жыл үздіктерін марапаттады

30 желтоқсан, 2016 / Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
ашық дереккөзі
ОҚО әкімі жыл үздіктерін марапаттады Оңтүстік Қазақстан облысында жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Ж.Түймебаев жыл бойы атқарған істі бағалап, сол жолда жемісті еңбек еткен азаматтар мен еңбек ұжымдарын 52 аталым бойынша марапаттап, құттықтады. «Дана халқымыздың «Ел мерейі – ер мерейі» деген сөзі бар. Өзінің туып-өскен жері үшін, елі үшін еңбек еткен әр адамның еңбегі еленуі тиіс. Халық тарапынан бағасын алуы керек. Бұл біздің елдігімізді көрсететін дүние. Елбасымыз Жолдауларында үнемі еңбектің мәртебесін көтеруге баса назар аударып отырады. Еңбек адамның беделін асқақтатуға, адал еңбектің нәтижесін көруіне аса зор мән береді»,-деді әкім өз құттықтауында. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облыс әкімінің «Жылдың ең үздік әні» арнайы номинациясы тағайындалды. Аталған номинациямен биылғы өткізілген іс-шараларда ең көп орындалған «Тәуелсіздік» және «Мәңгілік ел үшін» әнінің авторлары композитор  Айжігіт Асанов, сөзін жазғандар  Саттар Қуашбаев және Базарбек Түкібаевтар марапатталды. Салтанатты жиын театрландырылған көріністер мен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекелік шара барысында келесі номинациялар бойынша өз саласының шеберлері құрметтелді.