Аймағамбетов қазақстандықтарды білім күнімен құттықтады

Аймағамбетов қазақстандықтарды білім күнімен құттықтады

Аймағамбетов қазақстандықтарды білім күнімен құттықтады
ашық дереккөзі
Оқу-ағарту министрі елордадағы М. Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылына орай өткен салтанатты шараға қатысты деп хабарлады turkystan.kz. 2019 жылы ашылған аталған білім беру ошағында жалпы 2080 оқушы бар. Ал 1-сыныпқа 362 бүлдіршін қабылданып отыр.
«Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін бүлдіршіндеріміз алғаш мектеп табалдырығын аттап отыр, ерекше күн. Сондай-ақ, балаларға білім беретін ұстаздарымызға мың да бір алғыс айтамыз. Мемлекет басшысы ұстаздар қауымын қолдау бойынша бірнеше тапсырма берді. Соның аясында кешенді жұмыс жүріп жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға артады. Мектеп салу мәселесі де Мемлекет басшысының назарында. Былтыр 270 мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл ел бойынша 260-қа жуық мектеп іске қосылады деп ойлап отырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов салтанатты шарада.
Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін елімізде кем дегенде 1 мың мектеп салынады.
«Биыл орта білім беру саласында бірнеше жаңашылдық еніп отыр. Соның бірі орыс және ағылшын тілі 1-сыныптан емес 2 және 3-сыныптан бастап оқытылады. Яғни бала алдымен ана тілін меңгеруден бастайды. Келесі жаңалық, баланы ерте жастан еңбекке баулудың маңызды екені баршамызға аян. Осы орайда, биыл «Еңбекке баулу» пәнін 1-сыныптан бастап енгізіп отырмыз. Мектепке қатысты тағы бір маңызды жайт, 3,5 млн оқушы 5 күндік оқу форматымен білім алады. Бұл оқушылар ғана емес мұғалімдерге де қатысты», - дейді ол.