Жаңалықтар

1 қыркүйек: министрлік қымбат шармен безендіріп, аниматорлар жалдауға тыйым салды

ашық дереккөзі

1 қыркүйек: министрлік қымбат шармен безендіріп, аниматорлар жалдауға тыйым салды

Биыл еліміз бойынша 400 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды деп хабарлады  turkystan.kz. Almaty.tv-ға сілтеме жасап. Барлық білім ордасы жаңа оқу жылына соңғы дайындықтарын жүргізді. Алғашқы қоңырау салтанатты жиыны да жаңа тәртіппен өткізілмек. Оқу-ағарту министрлігі салтанатты іс-шараны қымбат шарлармен безендіруге және жеке студиялардан аниматорлар жалдауға тыйым салды. Ала жаздай доп қуып, үш ай асыр салып ойнаған балалар ертеңнен бастап мектепке оралады. Еліміздегі барлық білім мекемелерінде бүгін таңнан бері қарбалас. Қабырғаға баннер іліп, мектеп ауласына қоңыраудың суретін бормен сызып, тыным таппай жатыр. Бастысы, мұғалімдер биылғы салтанатты жиынның ешқандай санитарлық шектеусіз өтетініне қуанышты. «1-сыныпқа баратын балалар үшін – мейрам. Сондықтан іс-шараға дайындықты толық жүргіздік. Ата-аналарға да, сырттан келетін қонақтарға да ешқандай шектеу қойып жатқан жоқпыз. Еркін форматта өткіземіз. Былтырғымен салыстырғанда 120 оқушыдай артық. Бала саны биыл көбейді. Бұл - салыстырмалы түрде жақсы көрсеткіш», – деді №81 мектеп-гимназия директоры Нұрғали Тұрымбетов.   Жыл сайын оқушылар мен ата-аналарды жаңа реформалармен қуантып жүрген Оқу-ағарту министрлігінің биыл да жаңалығы аз емес. Оқу аптасы ұзарды. Яғни оқушылар әдеттегідей 25 мамырға дейін емес, 31-іне дейін оқитын болады. Есесіне, аптасына 5 күн оқып, 2 күн демалады. Бұл оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. «Сенбі күні балаларға қиын тақырыптарды меңгеруге немесе қайталау, шыңдау секілді түрлі жұмысқа уақыт бөлуге мүмкіндік беріп отырмыз», – деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева.   Биыл еліміздің Оқу-ағарту министрі салтанатты іс-шараны қымбат шарлармен безендіруге және жеке студиялардан аниматорлар жалдауға тыйым салған болатын. Ал мұғалімдерге гүл сыйлауға рұқсат берді. Содан болар, қазір базардағы флористердің саудасы қызып тұр. «Бір түбі 800 теңге тұрады. Шамамен 2400-2500 теңгеге шығады. Клиенттердің талғамына қарай 5-6-10 мыңға дейін жасап бере аламыз. Көп алып жатса, бағасын түсіріп береміз», – деді сатушы Әсел Әбдірахманова. Биыл елімізде 3 миллионнан астам бала мектепке барады. Оның 400 мыңға жуығы 1-сынып оқушылары. Ертеңнен бастап 7,5 мыңнан астам білім ордасы балалар үшін есігін айқара ашпақ.