Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының мүшелері 42 мыңнан астам баланы мектепке даярлады

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының мүшелері 42 мыңнан астам баланы мектепке даярлады

«AMANAT» партиясында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы «Баланы мектепке даярлайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы қорытындыланды. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл акцияның басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға балаларын 1 қыркүйекке дайындауға көмектесу. Акцияға партияның Орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері қатысты. Осылайша, ел аумағындағы 42 мыңнан астам бала мектеп формасын, рюкзактар мен кеңсе тауарларын алды. «Партия көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп, бүлдіршіндердің өзін жайлы сезінуі, сабақтан қалмауы үшін тең жағдай жасауға тырысатыны қуантады», – деді Наргиз Артыққожаева. Абай облысында өңірдің жақында құрылғанына қарамастан, жергілікті партиялықтар игі істен шет қалмай, акцияға белсенді түрде қосылды. Жақында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының мүшесі Әсемқан Досқожанов май экстракциялайтын зауыт қызметкерлерінің балаларына мектеп формасын табыстады. «Менің бес балам бар. Отбасымызда тек күйеуім ғана жұмыс істейді. Сондықтан партиядан көмек сұрадым. Өтінішім жерде қалған жоқ. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Балаларымызға спорттық киімдер, оқу құралдары бар сөмкелер сыйға тартылды. Мұндай көмекті көп отбасы көрді», – деді Семей қаласының тұрғыны Қарлығаш Түсіпова. Партиялық «Баланы мектепке даярлайық!» қайырымдылық акциясы дәстүрге айналып, осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді.