Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны
Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны
Баян Жұмағанбетова – кәсіппен айналысуға ештеңе кедергі емес екенін дәлелдеп отырған жан. Бүгінде жас ананың төрт баласы бар. Ең кішкентайы әлі бір жасқа да толмаған екен. Соған қарамастан шалғай ауылда тұратын келіншек бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп отыр.
Баян қолөнермен айналысады. Оның қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдар мен орамалдарды қыз-келіншектер мен 60 жасқа дейінгі кісілер заманға сай түрлендіріп, сәнін келтіріп тағып жүр.
Баян матаны базарға барып таңдап алатынын айтады. Сауда дүкендерінде орамал сататын жер көп емес пе?! Олар әйелдің сәнін келтіретін бұйымды Баяннан көтерме бағамен алады. Сапасы жақсы болған соң, тапсырысын асыға күтетін тұрақты клиенттері де көбейген. Шашқа тағатын сәнді бұйымдары мен сырғалары да сұраныста.
Баян қазір Алматы облысы Тұздыбастау ауылынан ары, құрылысы жаңадан салынып жатқан жерде тұрады. Ол жер әлі картаға да енбеген екен. Соған қарамастан кейіпкеріміз жасаған бұйымдарын еліміздің барлық қаласына жіберіп, тұтынушылардың алғысын алып жүр.
Кейіпкерімізбен сөйлесіп тұрғанда телефонына «Мемлекеттен қайтарымсыз грант ұттыңыз» деген хабарлама келгенін қуанышпен жеткізді. Жаңа заман көшінен қалмай, кәсіп ашып, алға ұмтылған жас анаға «Нәсібіңіз молынан болсын» дедік.