Биылғы жыл қандай табыс әкелді?

Биылғы жыл қандай табыс әкелді?

Биылғы жыл қандай табыс әкелді?
ашық дереккөзі
Биылғы жыл қандай табыс әкелді? Тағы бір жыл артта қалмақ. Мешін жылымен қош айтысып, тауық жылын қарсы аламыз. Халқымыздың жыл болжамдарына сәйкес, мешін жылы – адам өміріне үлкен өзгеріс әкелетін жаңалықтарға толы болады. Расында, ағымдағы жылы орын алған жаңалықтар елімізге, жекелеген салаларға қандай өзгеріс әкелді? Жыл басынан бергі оқиғаларды тізбектей берсек, еліміздің асқан асулары да, әттегенайлары да жетерлік. Бірақ осы сәтсіздіктер мен сәттіліктердің арқасында жаңа мақсат-мүдде түзілгені анық. Демек, өткенімізді сараламай, ертеңімізге қадам баса алмайтынымыз сөзсіз. Осы мақсатпен айдарымыздың бүгінгі сауалында әдебиет, кино, спорт, экономика мен білім саласының мамандарын сөзге тартқан едік. Ерғали Бақаш, ақын: 11033186_328648700667137_2067567067435746663_n Әдебиет туралы сөйлеу жауапкершілікті қажет ететінін бәріміз білеміз. Біле тұра, сөйлеп қалуға бейімбіз. Дұрыс та шығар! Бірақ сөзіміз нысанаға тимей, далаға кетіп жататынын ескере бермейтініміз өкінішті. Биылғы жылдың үлкен қуанышы қаламақы туралы жақсы жаңалықтың жұрт арасына тарап кеткені. Алқалы басқосуда шаттанған қаламгерлердің көңілі түспесе екен деген үміт-тілегіміз бар. Жоғары билік ұлт руханиятына немқұрайлы қарамай мәселені оңтайлы шешсе, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» болар еді. Қалам ұстаған жанның бәрі сол күннен үмітті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қатар, Желтоқсан көтерілісінің отыз жылдығына арналған мүшәйралар мен прозалық байқаулар да жастардың қаламына қуат бітіріп, ширек ғасырда жеткен жетістіктерімізді шығармаларына арқау етті. Бұның бәрі жастарға абырой мен шығармашылық жауапкершілік жүктері сөзсіз. Көрнекті суреткер Мұхтар Мағауин: «Ғылым, техникасыз ел болған, болуы мүмкін. Әдебиетсіз ел болмаған» деген екен бір сөзінде. Шынымен де, ұлттың жаны – тілі мен салт-дәстүрінде. Сондықтан әдебиетке көрсетілген құрмет пен даңқ болашаққа жасалған ізгі қадам екенін түсінетін уақыт жеткен сияқты. Әттеген-ай да жоқ емес. Бұл күні талдап-талқылаусыз кез келген адамдар кітап шығара беретін болды. Бәрін нарықтық экономикаға тірейміз де, ақталып шыға келеміз. Бұл енді нан табудың бір жолы екенін ашып айтудың еш сөкеттігі жоқ деп білемін. Іріктеп, екшеп, сұрыптаудан өткізіп барып кітап шығаруды қолға алса, құба-құп болар еді. Ол үшін баспаларға министрліктен арнайы заң шығару керек шығар... Өкініш те, жоқ емес, әрине. ҰлткөсеміӘлихан Бөкейхановтың мерейтойы ресми билік тарапынан қолдау таппағаны кез келген қазақтың көңіліне қаяу түсірері ақиқат. Бәріміз де Тәуелсіздік үшін күресіп, жанын қиған жансебіл жандардың алдында қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз жөн болар.Бірақ, біз олай істей алмадық... Алаш зиялыларын немесе басқа да тұлғаларды дәріптеу ең алдымен тірілерге керек екенін естен шығарып алатынымыз өкінішті. Олардың еңбегін ешкім де, ешқашан да жоққа шығара алмайды. Олар – әлдеқашан уақыттан өз лайықты бағаларын алған тұлғалар. Осындай олқылықтар болғаны болмаса, өткен жыл мерекелі жыл болды. Алдағы жылдан тек табыс күтеміз. Жыл жақсылығымен келсін! Елзат Ескендір, режиссер: 14291750_1763916040490152_141128608859273459_n Биыл еліміз үшін табысты жыл болды. Өнер, кино саласында қаншама жаңа туындылар дүние есігін ашты. Бұл – еліміздің мәдениеті мен өнеріндегі жетістік. Бұл жыл мен үшін шығармашылық адамы ретінде, жас режиссер ретінде табысты жыл болды. Алғаш түсірген дебюттік «Өліара» фильмі халықаралық деңгейдегі Пусан кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Бұл үлкен жетістік. Оның Азиядағы орны ерекше, дүниежүзіндегі ең салмақты он бес фестивальдің бірі деуге болады. Басқа да ірілі-ұсақты байқауларда көптеген қазақстандық кинолардың тұсауы кесілді. Биыл елімізде көктемде өткен Сыншылар қауымдастығы «Өліара» фильмін жылдың ең үздік фильмі деп атады. Ресей федерациясының Екатеринбург қаласында өткен «Киноправда» фестивалінде жылдың ең үздік дебюттік фильмі жүлдесін иеленді. Алдағы жылы «Өліара» тағы бірнеше байқауда бақ сынайды деген үміттеміз. Биыл алға қойған мақсаттардың бірқатары орындалды. Үш толықметражды сценарий жаздық. Алдағы жылы осылардың ішіндегі біреуін түсірсем деген жоспар бар. Шығармашылық адамы үшін үміт пен арман, арманға жету жолында шығармашылық ізденіс керек. Біз де осы жолмен еңбектеніп келеміз. Білім, ғылым, өнер саласында еңбектеніп жүрген, тың жобалары, тың ойлары бар жастар қауымы жетерлік. Осы жастардың сол ойларын іс жүзінде жарыққа шығарып, елде және халықаралық деңгейде сол жобаларын көрсетуі үшін оларға еліміз тарапынан және ықпалды азаматтар тарапынан қолдау жасалса, Отанымыздың өнер, ғылым, білім көкжиегінде жаңа есімдер, тың дүниелер пайда болар еді. Білім мен өнерді бір ғана адам жасамайды, оны халық жасайды, сондықтан мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс. Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері: 15665802_1871935286369773_6950151137323042459_n Биыл 4 жылда бір келетін әлемнің басты спорт шарасы Олимпиада ойындары болды. Тағатсыздана күттік, нәтиже бәріне белгілі. Олимпиада басталмастан бірқатар әттеген-ай дейтін жаңалықтар жариялана бастады. Ол әрине, еліміздің зілтеміршілері төңірегіндегі допинг дауы. Рио ойындарына барлығы болмаса да бірнеше спортшымыз қатысатын болар деп үміттендік, бірақ үміт ақталмады. Сол зілтеміршілер медальдарынан да айрылды. Сонымен қатар, Рио ойындарынан грек-рим және еркін күрестен ер азаматтарымыздың қандай да бір нәтижеге қол жеткізе алмағаны көңілге тиді. Күрес федерациясында болғандықтан, біз бір жанұямыз, сол жанұяның құрамасы медаль алып келсе, баршамыз қуанамыз ғой. Алайда күрестен биыл тек әйелдер күресі нәтиже көрсете алды. Ел аумағына келсек, спортқа жылдан жылға көбірек көңіл бөлініп келеді, оның бір мысалы ұйымдастырылып жатқан жарыстар, желтоқсан айының басында Алматы қаласында ұйымдастырылған Конфедерация кубогы спортшыларға үлкен серпіліс беретін жобалардың бірі. Осындай жобалар арқылы спортшыларымыз өз деңгейлерін көтеріп, әлем ареналарында биік тұғырдан көрініп жатса, нұр үстіне нұр болады. Биылдың өзінде Әлем кубоктарында, әлем чемпионаттарында қазақ спортшыларының жүлдемен келді. Осының өзі еліміздің спорттағы жетістігі деп білемін. Жылды қорытындылайтын болсақ, Қазақстан үшін Риодағы жүзуден алған алтын медальдың орны бөлек. Д.Баландиннің жетістігі тек бізді ғана емес, бүкіл әлемді таңқалдыра алды. Сондай-ақ, Данияр Елеусіновтің алтын медалінің орны айрықша. Ол Қазақстанның дәстүрге сай 69 келі салмақтағы алтынды ұтып алды. Еліміздің спорттағы жетістігі деп қарапайым халықтың бұқаралық спортпен айналысуға бет бұрғанын айтуға болады. Бүгінгі күні спорт залдары, алаңдарды қарасаңыз жаттықтырушысыз-ақ, өз еркімен айналысып жүрген жастарды, үлкенді-кішілі аға-әпкелерді жиі көреміз.   Гүлмира Сағымбаева, қаржы кеңесшісі: 2016 жыл әлемдік экономикада айтулы оқиғалар болған жыл. Мысалы, Brexit мәселесі бойынша референдум, Дональд Трамптың жеңісі, ОПЕК елдерінің мұнай бағасын ауыздықтауға байланысты шаралары. Қаржы нарығында да күтпеген теңселістер болды. Фунттың долларға қатысты курсы құлап, америкалық нарықта рекордтық көрксеткішіне жетті, ал Қытай юань девальвациясын жасады. Десе де, бұл жайттардың біздің экономикамызға әсері болмады деуге болады. Себебі Brexit оқиғасынан кейін фунт күшіне енді, Трамп жеңісінен кейін америкалық активтер де қалпына келді. Қазақстан экономикасы мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан биыл бюджет мәселесінде тапшылық болған жоқ. Бірақ келесі жылы еліміз ОПЕК елдерімен жасаған келісім негізінде мұнай өндірісін кемітсе, Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің көрсеткішіне ықпал етуі мүмкін. Өйткені биылдың өзінде ЖІӨ 5 пайыз деңгейінде болады деп күтілген, ал жыл аяғында ЖІӨ өсімінің 0,5 пайыз ғана болғанына куә болып отырмыз. Енді жыл соңына дейін бұл көрсеткіш өсуі де мүмкін. Онда Үкімет Ұлттық қордан қомақты қаржы сұрамайтын болады. Қазіргі кезде ЖІӨ адам басына шаққанда 8,6 мың доллардан келеді, 2020 жылға дейін ол 11 мың долларға көтерілуі мүмкін. Ал келесі жылы 1,5 пайыз деңгейінде деп болжануда. Сонымен бірге Қазақстанда 11 аймақ бойынша кәсіпорынның өсім көрсеткіші жоғары деңгейде. Құрылыс секторының ұлғайғаны байқалуда. 2017 жылы мұнай бағасы өсуі мүмкін. Ал дүниежүзі бойынша металлдың әлемдік бағасының өсімі соңғы бес жылда болмаған көрсеткішке жетіп, 2,4 пайыз деңгейінде деп болжануда. Осы жүрісінен танбаса, еліміздің экономикасы алдағы жылдары еңсесін тіктеп алатынына күмән болмайды.   Ақерке Ахметова, студент: Жыл соңында ҰБТ жүйесі алынып, талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқуға келгенде ғана тест тапсыратын болды. Ал мектепті емтиханмен аяқтап, тиісті бағасын алады. Бұл жастар үшін өте жағымды жаңалық болды деп ойлаймын. ҰБТ басталғалы бері кейбір оқушылар өз көрсеткіштеріне көңілі толмай, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. Он бір жыл оқыған еңбегінің мектеп аттестатына да жарамай қалғанына жандары күйзелетін. Сонымен бірге біртіндеп енгізіліп келе жатқан 12 жылдық білім жүйесі де еліміздегі білім саласының жаңалықтары. Көпшілік мұны қолдамайды, бірақ жалпылай алғанда он екі жылды көбейтіп тұрған міндетті дайындық класы ғана емес пе?! 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Осы жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Жалпы, еліміз үшін биыл жаман жыл болған жоқ деп ойлаймын.