13 жастағы шабандоз ат бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алды

13 жастағы шабандоз ат бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алды

13 жастағы шабандоз ат бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алды
ашық дереккөзі
Атырау облысында өткен ат бәйгесінде 13 жастағы шабандоз бас жүлдеге ие болды. Жасөспірімге 500 мың теңге берілді деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Махамбет ауданындағы Кеңөріс ауылында Конституция күніне орай қазақтың ұлттық ойындарынан бәйге өтті. Облыстық әкімдіктің қолдауымен өткен ұлттық ойындарға командалық көкпар, қыз қуу, аламан және құнан бәйге кірді. Құнан бәйгенің қашықтығы – 12 шақырым. Мәре сызығын 19 шабандоздың арасынан 13 жасар Сағындық Алданбайдың жүйрігі бірінші болып кесті.  width= Жасөспірім шабандоз Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында тұрады. Бәйгеге ат қосқанына екі жыл болған. Жүйрігінің аты – Баян.
«Былтыр Жылыой ауданында өткен «Алтын тай» бәйгесінде жеңімпаз атандық. Мені шабандоздыққа ағайым Жасталап Таңқаев баулыды», - дейді шабандоз бала Сағындық Алданбай.
Құнан бәйгенің бас жүлдегері Сағындық Алданбайға 500 мың теңге берілді. Ал, екінші жүлдені Жаңаөзен қаласынан қатысқан шабандоз Таңатар Сүйсінов, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Асхат Камешев иеленді.  width= Ұлттық ойындардың тағы бірі – қыз қуу. Бұл сайысқа Атырау облысының әр ауданынан бес ару қатысты. Олар – Дария Ербол, Нұршат Әлихан, Фатима Орынғали, Қымбат Асылхан, Сәуле Асанкелді.
«Біздің бірнеше тұлпарымыз бар. Қыз қууға алғаш рет қатыстым», - дейді Дария Ербол.
Ережеге сәйкес, жігіт қызды қуып жетіп, белбеуінен орамалды жұлып алуы керек. Бұл жолы ат үстіндегі арулардың жолы болды. Арулар мінген тұлпарларға жігіттердің жүйрігі жете алған жоқ.

Фото: inform.kz