Жұма, 30 Қыркүйек, 2022

Алимент төлеуден қашып жүргендерге қандай шара қолданылады?

Танымал америкалық психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Қазақстанда әр сағат сайын 6 неке бұзылады. Бұл – сарапшылардың пікірі.

2022 жылдың қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанда 36 145 неке тіркелді.

Дәл осы кезеңде 5 680 отбасының шаңырағы шайқалған.

Ажырасқан отбасылардың өзекті мәселесі – екінші ата-анадан алимент өндіру. Бас прокуратураның ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 3 миллионнан астам борышкер қарызын төлеуден жалтарып жүр.

Қоғамда алимент төлеуден қашып жүргендердің көбіне бұрынғы жұбайының арыз түсірмейтінін пайдаланады. Осы орайда, turkystan.kz тілшісі заңгер Дамир Балтабаймен сұхбаттасып, алимент алу тәртібін сұрады.

– Заң бойынша қазіргі таңда алимент мөлшері қандай? Кім және қалай төлеуі тиіс?

– Отбасымен бірге тұрмайтын адам, заң бойынша, балаларды асырауға міндетті. Яғни, алимент төлеуі тиіс. Арада ортақ бір бала болса, азамат жалақысының ¼ бөлігін, 2 бала болса, 1/3 бөлігін, ал көпбалалы болса, 50 пайызын алиментке жіберуге міндетті. Мысалы, азамат айына 100 мың теңге жалақы алады делік. 1 балаға – 25 мың, 2 балаға 33 мың төлеуі керек.

– Алимент төлейтін адам уақытша жұмысынан айырылған жағдайда төлем қалай өндіріледі?

– Алимент төлеуші уақытша жұмысынан айырылған жағдайда ол міндетті түрде сот орындаушысына ескерту керек. Өйткені жаңа жұмыс тапқанша, төленетін алименттің мөлшері өзгереді.

– «Жұмыссызбын» деп анықтама берсе, алимент төлеуден босатыла ма?

– Азамат «жұмыссызбын» деп анықтама қағазын көрсетіп, алименттен жалтарып кете алмайды. Бұл жағдайда еліміздегі орташа айлық көрсеткіштің 1/3 бөлігі есептеліп, сол бойынша азаматтан төлем өндіріледі. Бұл бір бала болған жағдайда. Мәселелен, азамат ай сайын 150 мың теңге жалақы алса, 2 балаға 50 мың теңге жіберіп отыруға міндетті. Ал жұмыссыз болған жағдайда, орташа айлық көрсеткішінен үштен бір бөлігін төлеуі тиіс. Қазір елімізде орташа айлық 285 мың теңге. Есептегенде, 95 мың теңге төлеуге мәжбүр.

– Алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қандай шара қолданылады?

– Алимент өндіру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Десе де, қазіргі таңда оларға қарсы қолданылатын шара көп емес. Жалпы, туған баласынан қаражат аяп жүрген адамның мүлкі болса, әлде шотында ақшасы болса, сот орындаушысының көмегімен бұғаттауға болады. Сот алиментті өндіру мақсатында азаматтың жұмыс орнына қаулы жібереді. Шетелге шығуына шектеулер енгізіледі.

– Ажырасқаннан кейін қанша уақыт ішінде алиментке арыз беру керек? Бастапқыда алименттен бас тартып, 1-2 жылдан кейін қайта өндіруге бола ма? Тәртібі қандай?

– Арыз берушінің өз еркінде. Бала 18 жасқа толғанға дейін алиментті өндіруге болады. Алимент арыз түсіп, сот шешім шығарған күннен бастап өндіріледі. Ол үшін, әрине, сотқа арыздану керек.

– Сізге айына алимент бойынша қанша арыз түседі?

– Қазір алимент бойынша арыз өте көп түседі. Сәйкесінше, алиментпен айналысатын заңгерлер де көп. Өйткені ажырасу жиі орын алып, проблема ретінде өзекті болып тұр. Менің өзім бір айда 5-6 арызды қараймын.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button