Жаңалықтар

Атырауда болған концертте 120 бала жоғалған

ашық дереккөзі

Атырауда болған концертте 120 бала жоғалған

Атырауда 15 мыңға жуық адам тамашалаған концертте 120 бала жоғалған деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Балалар 15 минут пен 1 сағаттың арасында табылды. 27 тамызда Атырау қаласындағы «Исатай-Махамбет» орталық алаңында отандық эстрада жұлдыздарының гала-концерті өтті. Сағат 19:00 - 00:00 аралығында қойылған концерт кезінде қоғамдық тәртіп пен тыныштықты Атырау қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері қамтамасыз етті. Полиция қызметкерлеріне «алаңда бала жоғалды» деген дерекпен 120-ға жуық арыз түскен. «Концертті тамашалау үшін алаңға адам көп жиналды. Бұл ата-аналардың балаларынан көз жазып қалуына әсер етті. Полиция қызметкерлері жоғалған балалардың бәрін 15 минут пен 1 сағаттың аралығында тауып, ата-аналарына аман-есен тапсырды. Ал, 6 баланың ата-анасының мобильді телефоны өшіп тұрды. Соған байланысты полиция қызметкерлері балаларды мекенжайы бойынша үйлеріне жеткізді», - деп мәлім етті Атырау қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әнуар Кокалов.