СИРИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫ АСТАНАДА ТАЛҚЫЛАНАДЫ

Осыдан он ай бұрын Сирия туралы «Көкпарға түскен қайран Сирия» деген мақала жариялаған едік. Сирияның бұрынғы және кейінгі тарихын қозғап, бүгінгі халін сипаттаған сол мақала жазылғалы Шам елінің қасіреті еселеп ұлғаймаса, азайған жоқ. Одан бері Женева, Брюссель, Венаның жарық кеңселерінде сан түрлі мемлекет басшылары мен танымал саясаткерлер өзара кеңес құрып, көкпарға түскен Сирияның тағдырын талай мәрте талқылады. Бірақ бұл кеңестердің соғыс отына оранған елге пайдасы тигені күмәнді.

Желтоқсанның ішіндегі әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударған жаңалық – Алеппо қаласының Сирия билігінің қарауына өтуі. Бұл – Асад әскерінің 2011 жылдан бергі ірі жеңісі. Қанға бөккен Алепподан ондаған мың тұрғын тағы босты. Соңғы бірнеше ай бойы Алеппоның шығыс тұсы ресейлік авиацияның, ирандық және ирактық әскери күштердің және ливандық «Хезболла» отрядтарының дамылсыз шабуылына ұшыраған болатын. Асадқа қарсы күресіп жатқан қарулы топтар «Алеппо Иран мен Ресейдің оккупациясында қалды» деп мәлімдеме жасаған. Осылайша, олар Сирияның басты қалаларының бірі – Алеппо үшін шайқасқа шетелдік әскери күштердің тікелей араласуын меңзеп отыр.

Бірақ Асад билігі «Алеппоны алдық!» деп сүйінші сұрап жатқанда, «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы Пальмира қаласын басып алды. Өткен мамыр айында ғана Сирия әскері Ресейдің қолдауымен бұл қаланы өз қарауына алған еді. Антикалық ескерткіштерге бай ескі шаһар біржола «азат» болғандай көрінген. Бірақ арада жарты жыл өтер-өтпестен Пальмираның басы тағы талауға түсті.

Осындай итжығыстарға толы толассыз шайқастардан зардап шегетін ең әуелі бейбіт тұрғындар – бала-шаға, кемпір-шал, келін-кепшік екені белгілі. Анығын айтқанда, Сирияның ресми билігі мен оған қарсы қарулы күштер шетелдік сыртқы әскердің көмегімен өз жерін талқандап, өз халқын кезек-кезек қырып жатыр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дейтін халық даналығының айнымай шындыққа айналғаны осы Шам елінде көрінді. Бес жыл бұрын ұшқын алған азаматтық соғыс бұл мемлекетті алпауыт мемлекеттердің өзара күш сынар ұрыс алаңына айналдырды. Қантөгіске бөктірген бес жыл өтті – бұл қырғынның аяқталар түрі көрінбейді, алма-кезек жеңістерден құралған бұл соғыстың мәні де, мағынасы да солғын тартқалы қашан.

Бес жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыста кем дегенде 500 000 адам көз жұмған, тұрғын халықтың жартысынан көбі баспанасыз қалған. Бұл қасірет ІІ Дүниежүзілік соғыс салдарымен пара-пар босқындар легін тудырды және ДАИШ сияқты террористік ұйымдардың кең қанат жаюына себепкер болды деседі мамандар.

АҚШ Сенатының мүшесі Джон Маккейн «The Washington Post» газетінде желтоқсанның соңғы күндерінің бірінде жариялаған мақаласында «бұл трагедияға Америка Құрама Штаттары да кінәлі» деп жазды. «Сирияда біздің мүддеміз бар, бірақ біз ештеңе істеп отырған жоқпыз» атты мақаладан сөзбе-сөз үзінді келтірсек: «Алеппо берілді, бірақ Сириядағы соғыс аяқталған жоқ. Бұл соғыс одан әрі ушыға береді, яғни Асадтың билігі, Иран, Ресей, Түркия, күрдтер, Парсы шығанағы мемлекеттері мен басқа да күштер Сирияның қалдықтары үшін ханталапайды одан әрі жалғастыра береді». Бұл тұжырымның растығын жоққа шығару қиын.

Шындығында, Сириядағы қазіргі соғыс қимылдарының мәні неде? Мақсаты не? Діттеген жеңіске жеткізер межесі қандай? Бұл сұрақтарға жауаптың түрі көп. Себебі ханталапайдан дәмесі бар әр ойыншының өз жауабы бар.

Мысалы, Сирияның ресми президенті Башар Асадтың қарамағындағы әскер ел аумағында өз билігінің тұтастығы үшін күресіп жатыр. Бәлкім, мемлекеттің тұтастығын сақтап қалудың бір жолы осы ресми билікті ұстап тұру болар. Бірақ билік басында қалу үшін террористік топтармен күресті желеу етуі де ғажап емес. Қалай дегенмен де, Асадты билікте қалдыру не оны кетіру осы елдің ішкі мәселесі екені даусыз.

АҚШ бастаған халықаралық коалициялық күштер Сирия халқын тоталитарлық басшыдан, яғни Башар Асадтан азат етуді желеу еткен сыртқы күштер енді «ДАИШ, ан-Нусра сияқты халықаралық террористік ұйымдармен күресіп жатырмыз» деген сылтауды алға тартады.

Ал Иран мен Ресей Башар Асадтың армиясына авиациялық және әскери дем беріп, Сирия билігінің күнін созып отыр. Бұл Тегеран мен Мәскеудің «миссиясы» жеке мүдде көздемейді деген сөз емес. Керісінше, Владимир Путин былтыр журналистерге жасаған баспасөз мәслихатында «Сирия біз үшін әскери сынақ алаңы» деп ашық айтып салды. Былтыр қыркүйек айында Сириядағы соғысқа әскери ұшақтарын қосқан Ресей он төрт айдан бері шетелде соғыс жүргізудің теңдессіз «тәжірибесін» жинақтады. Әлемдік ақпарат құралдары ресейлік ұшақтардың көппәтерлі тұрғын үйді бір заматта жермен-жексен ететін, ішіндегі адамдарымен бірге жоқ қылатын талай қырып-жойғыш бомбаларды сынақтан өткізгенін айтып-жазып жүр. Ресей Сирияда «Калибр» қанатты зымырандары сияқты түрлі заманауи қаруларды сынақтан өткізуде.

Былтыр қыркүйек айынан бері Ресейдің әскери-ғарыштық күштері қашықтан соғыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін меңгерді. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу желтоқсан айының екінші жартысында өткен кеңейтілген отырыста былтырдан бері ресейлік авиация 18,8 мың рет аспанға ұшып, Сирия аумағында 71 мың рет шабуыл жасағанын мәлімдеді. Ресми дерекке жүгінсек, бұл шабуылдар нәтижесінде олар террористердің 725 жаттықтыру лагерін, 400 зауыт пен шеберхананы, қарсыластың 35 мың әскерінің көзін жойған. Бірақ батыстық мемлекеттер Ресей әуе-ғарыш күштері тұрғын үйлер мен мектептерді, ауруханалар мен гуманитарлық көмек көліктерін жарып, бейбіт тұрғындардың арасындағы құрбандар санын көбейтті деп айыптап отыр. 13 желтоқсанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ елшісі Саманта Пауэр шыдамнан айрылып: «Сіздерде ар-ұят деген бар ма осы?» деді ашына. Ресей мен Иран өкілдеріне қарата айтылған сөздердің астарында жазықсыз төгілген қан үшін құн сұрау бар сияқты көрінген. Алеппоны террористерден тазарту ұранымен өткен әскери шабуылдар барысында талай бейбіт тұрғындар, құтқарушылар, ауруханалар мен босқындарды паналату орындары қиратылған. Саманта Пауэр Алепподағы жағдайды Руанда, Сребреница мен Халабджадағы геноцидпен салыстырды.

Бірақ Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин АҚШ пен Ұлыбританияның 2003 жылы Иракқа әскер кіргізгенін есіне салып, бар кінәні, яғни ДАИШ сияқты террористік топтардың кең таралу жауапкершілігін соларға арта салды. Ал Ресей батыстық мемлекеттердің соңынан «тазарту» жұмыстарын жүргізіп жатқандай.

Иә, Кремль Сириядағы әскери операцияны сыртқы саясаттағы стратегиялық қателік деуден гөрі, геосаяси маңызы бар шешуші қадам деп бағалауға бейім. С.Шойгу бұл операцияға «…Сирия мемлекетінің ыдырап кетуінен сақтап, Таяу Шығыстағы және Африкадағы «түрлі-түсті төңкерістердің» тізбегі үзілді» деп баға берді. Биыл сәуірдің 21-інде адмирал В.Королев Владимир Путиннің Кремльде офицерлермен кездесуі барысында былай деді: «Барша әлем біздің Әуе-ғарыштық күштеріміздің, Қара теңіз флотының және Каспий флотилиясының әскери қуатын көрді, бұл күштер «Ислам мемлекеті» және басқа да террористік топтарға аяусыз соққы берді».

Соңғы кезде Ресейдің Сирияға әуе-ғарыш күштерімен бірге арнайы жасақтар жібергені туралы айтыла бастады. Украинада соғыс қимылдарына қатысқан арнайы жасақтар енді Сирия жерінде жүрген көрінеді. Алеппода Ресейдің үш әскері қаза болғаны осының дәлелі. Украинанның «День» сайтында Алеппо туралы жарияланған мақалада «Бүгінде Алеппода болып жатқан оқиғалар – Путиннің Украинада жүзеге аспаған геосаяси амбициясы үшін алған өші» делінген. Мақаладағы «Украина және Сирия – бір соғыстың екі майданы» деген теңеудің жаны бар.

Түптің түбінде Ресей Шам еліндегі өзінің әскери базаларын сақтап қалып, Таяу Шығыс аймағын өз бақылауында ұстағанды жөн көреді.

Ал Иранның бұл соғысқа араласуында өз көздегені бар. Ол Сирияны Таяу Шығыста өз үстемдігін орнату үшін саты ретінде пайдалануды мұрат етуде.

Түркия Башар Асадты кетіру үшін қолдан келгенін істеп бақты. Обалы нешік, Анкара Ресей мен Иранның Алеппоның шығысындағы бейбіт тұрғындарды аяусыз қырғынға ұшыратқанын сынға алып отыр. Әйткенмен, Анкараның ішкі есебі – Сирияның солтүстігін күрдтердің ықпалына бермеуге күш салу. Сондықтан ол Ресеймен тізе қосып, тіпті Иранмен ымыраға келуге ыңғай білдіруде.

Сонда Шам еліндегі соғыста Сирия халқының бейбіт, тыныш өмір сүріп, бақытты, мамыражай тұрмыс кешуін, бала оқытып, өндіріс жүргізіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуын көздеген кім бар? Жетпіс елдің талауына түскен Сирияның нақ мүддесін көздеген сырт күштерді табу мүмкін емес-ау.

Ресей, Иран мен Түркия Башар Асад билігіне қатысты қарама-қайшы ұстанымдарына қарамастан, соңғы кезде бір жеңнен қол шығарып, бірлесе қимыл жасауға ойыса бастады. Асад әскерінің қарауына өткен шығыс Алепподан бейбіт тұрғындардың қоныс аударуына жағдай жасалуы осы үш ел – Ресей, Иран мен Түркияның бірлесе қимылға көшуінің нәтижесі деп көрсетіп отыр. Түрік дереккөздері бұл «дипломатиялық» қадамдардың авторы Анкара десе, ресейлік тарап Кремльді меңзейді. Қалай дегенмен де, 20 желтоқсанда Иран, Түркия мен Ресей сыртқы істер министрлері Мәскеуде бас қосып, Сирия мәселесін талқылап, одан соң ортақ мәлімдеме жасады. Ал бұл үш елдің мемлекет басшылраы келесі жылы қаңтар айының орта шенінде Астанада бас қосып, келелі кеңес құратын болды. Осылайша, Астана – геосаяси мәселелерді талқылайтын маңызды алаңқай болғалы тұр.

Бұл үш елдің Сирия жағдайын оңаша кездесуде талқылауының астарында не бар? Ең әуелі, АҚШ пен Еуропа елдеріне сес көрсету. Себебі Ақ үйдің қазіргі басшысы Б.Обама батыл іс-қимылдан басын ала қашып отырғанда, ал жаңадан сайланған Д.Трамп әлі іс басына келіп үлгермеген кезде, Иран, Ресей мен Түркия бірігіп, Сирия мәселесі бойынша аймақтық державалар деңгейінде шешім шығаруға талпынбақ. Брексит пен заңсыз мигранттар мәселесінен сансырай бастаған Еуропа одағының бұл «үштікке» қарата «Бұларың қалай?» деуге шамасы келер емес. Қолынан келгені – Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды 2017 жылдың 31 шілдесіне дейін тағы созды. Бұл санкциялар Украинадағы соғыс қимылдарына қатысты қабылданса да, олардың созылуына Сириядағы әскери қақтығыстың салқыны тигені де аян.

Мәскеудегі сыртқы істер министрлерінің кездесуі, одан әрі үш ел президенттерінің Астанада жолығып, Сирия мәселесін талқылауды жоспарлауы Таяу Шығыстағы АҚШ ықпалын азайтуға жасалған талпынысқа ұқсайды. Осы уақытқа дейін Сирия тақырыбы БҰҰ деңгейінде Женева келіссөздерінің күн тәртібінен түспесе де, нақты нәтижеге қол жеткізе алмағаны мәлім.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Сириялық мәселе жаңа платформада, бәлкім, Астанада талқылануы тиіс» деген ұсынысы Ресей президенті Владимир Путиннің көңілінен шықты. Иран президенті Хасан Рухани «Астана Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасындағы бейбіт келіссөздер жүргізуге ең қолайлы жер» деп өз пікірін білдірді.

Апта басында Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ кеңесіне қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге орай Астананың ұстанымы жайлы мәлімдеме жасады. «Қазақстан Астанада келіссөздер өткізу үшін бар жағдайды жасауға әзір» деді Н.Назарбаев. Желтоқсан айының басында бұл идея айтылған тұста Қазақстан басшысы «Қазақстан Сириядағы қақтығыстардың бейбіт түрде аяқтауға бағытталған халықаралық бастамаларды әрқашан қолдайтынын» мәлімдеген болатын. Бәлкім, Астанада өтетін келіссөздер жемісті болып, Сириядағы қанды қырғын тоқталып, Шам елінде тыныштық орнауына үміт оянар?..

 

 

Back to top button