Жаңалықтар

9 жастағы қазақ баласы Испанияның атақты футбол клубына шақырту алды

ашық дереккөзі

9 жастағы қазақ баласы Испанияның атақты футбол клубына шақырту алды

Оралдық тоғыз жастағы футболшы Назар Доля Испаниядағы үздік клубтардың бірі «Левантеге» ауысты. Енді ол жыл бойы белгілі футболшылармен бір алаңда жаттығатын болады деп хабарлады turkystan.kz. Міне, сөйтіп талмай талаптанған бала бір күні әлемдік деңгейдегі футбол жұлдызы болу арманына жақындады.  Назар футбол байқауына Global Football Total Levante UD академиясының базасында өтті деп жазды uralskweek.kz. Байқаудың шарттары бойынша, Назар бір апта уақытын басқа тілде сөйлейтін және басқа тамақ жейтін адамдар арасында өткізген.

«Стресстен көптеген бала дұрыс ойнай алмай қалады және шешім қабылдау үшін қажетті нәтижені көрсете алмайды. Бірақ Назар батылдықпен бүкіл кезеңнен өтті. Шаршағанын немесе үйге барғысы келгенін білдірмеді. Алаңға шыққанда, ең жақсы нәрсені – ойнауды және гол соғуды білді», – дейді анасы.

Алғашқы екі күннен кейін клуб үйлестірушісі «осы күннен бастап біз бұл баланы мұқият қараймыз» деген. Бір күннен кейін басшылық Назарға назар аударды. Клуб үйлестірушілері Назардың ата-анасымен хабарласып, келіссөзге шақырған.

Бүгінде Назарда үлкен тәжірибе бар. Алты айдан астам уақыт бойы ол ата-анасынан алыс тұрды, испан мектебінде оқыды. Қазір испан тілінде жақсы сөйлейді. Бірақ, басты жетістігі - алғашқы кәсіби футбол келісімшарты.

ФИФА нормаларына сәйкес, клубтар 18 жасқа толмаған ойыншылармен ешқандай ақшалай келісім жасамайды. Бірақ «Барселона», «Реал Мадрид», «Леванте» сияқты испандық клубтардың жанындағы академиялар ойыншының оқу, жабдықтау, көлік шығындарын өтейді.

Назардың футболдағы жетістігіне әжесі де үлкен үлес қосып жатыр.

Әжесі оны жаттығуға апарады, футбол формасын мұқият жуып, үтіктейді, турнирлер мен чемпионаттарға бірге барады. Қазір әжесі немересімен бірге шетелде тұрып жатыр.