Жаңалықтар

«AMANAT»: Мемлекеттік органдардың дер кезінде тиісті шара қабылдамауы елдегі жанар-жағармай тапшылығын туындатты

ашық дереккөзі

«AMANAT»: Мемлекеттік органдардың дер кезінде тиісті шара қабылдамауы елдегі жанар-жағармай тапшылығын туындатты

«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жанар-жағармай тапшылығы мен егін жинау жұмыстарына дайындық мәселелері талқыланды. Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде дизель отынының тапшылығы байқалатынын атап өтті. Өңірлерде тауарларға, оның ішінде жанар-жағармай бағасына мониторинг жүргізу үшін партиядан 216 топ жүйелі жұмыс істеуде. Ақмола, Қостанай, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жанар-жағармайды жеткізу мәселелері байқалды. Дизель отыны тапшылығының себебін Энергетика министрі Болат Ақшолақов түсіндірді. «Бүгінде Қазақстанда және көрші елдерде дизель отынының бағасындағы айырмашылық литріне 80-100 теңге емес, 200 теңгеден асады. Соның салдарынан тұтыну көлемі күрт өсті. Шетелдік тұтынушылар 100 мың тоннадан астам сатып алады. Яғни, дизель отыны ел аумағынан шығарылып жатыр», – деді Болат Ақшолақов. Энергетика министрі тапшылыққа қарамастан, ауыл шаруашылығы өндірушілері жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіліп отырғанын жеткізді. «Жөнелту бағасы литріне 177 теңгеге белгіленді. Бірақ жеткізу құнын қоса есептеген кезде баға литріне 203 теңгені құрап отыр. Жөнелту және жеткізу мәселесі бақылауда тұр. Біз министрлік сайтында аймақтардағы өкілдердің байланыс нөмірлерін жарияладық. Мәселе туындаған жағдайда кез келген ауыл шаруашылығы өндірушісі оларға жүгіне алады. Ол үшін біз арнайы штаб құрдық. Жанармай құю бекеттеріндегі тапшылық санаулы күнде жойылады», – деді министр. Алайда, Кеңес мүшелері елдегі жанар-жағармай дағдарысына жол берген ведомстволар жұмысын сынға алды. Аманжан Жамаловтың пікірінше, дер кезінде шара қабылдамаудың салдарынан егін жинау науқаны қарсаңында жанар-жағармай қоры қалмады. «Әлемде болып жатқан жағдайды ескере отырып, елде кемінде үш айлық жанар-жағармай қоры болуы тиіс. Қазақстан -  әлемде жанармай бағасы ең төмен елдердің бірі. Шетелдік тасымалдаушыларға Қазақстаннан жанармай алу тиімді. Өзбекстандық жүргізушілер тауарды Мәскеуге жеткізер кезде Шымкентте, одан кейін Оралда жанармай құяды. Дәл солай кері қайтады. Демек, біз өзбек тауарларын жеткізуді жанама түрде субсидиялап, оларды Ресей нарығы үшін арзандатып отырмыз. Бүгінде Үкімет өңірге, көлікке және тұтыну көлеміне қарай дизель отынына сараланған баға енгізді. Қазақстандықтар үшін дизель бағасы 230-260 теңге. Шетелдіктер үшін 450 теңге. Неге қазір ғана сараланған тарифтер туралы шешім қабылдадық? Неліктен тек дизель отыны? Бензин бойынша да осындай мәселе бар. Жалпы, бұдан бүкіл Қазақстан халқы зардап шегеді. Жанармай бекеттерінде тағы тапшылық байқалады. Жалпы, бүгінде сіздердің іс-әрекетіңіздің салдарынан қазақстандықтар үшін көлік емес, жанар-жағармай құю мәртебе болып тұр», – деді Аманжан Жамалов. Кеңес мүшелерінің пікірінше, тарифті саралаудағы негізгі мәселе – жанармай құю бекеттерін кімнің бақылайтынында болып отыр. Депутаттың айтуынша, жанар-жағармай құю бекеттеріне бірінші кезекте қазақстандықтарға қызмет көрсетуге міндеттейтін шарттар мен талаптар қажет. «Қазақстан азаматы жанармай құю бекетіне келген кезде, оған 230 теңгенің дизель отыны жоқ екені, тек 450 теңгеден сатылатыны айтылады. Қаламасаң, сатып алма. Өйткені олар тек шетелдік көліктерге сатады. Бұл оларға 2 есеге тиімді. Соның салдарынан халық зардап шегеді.  Өңірлерде арзандатылған дизель отынын жеткізушілер оны жанар-жағармай құю бекеттері арқылы жоғары бағамен сатқан жағдайлар анықталды», – деп атап өтті кеңес төрағасы. Отырыс қорытындысы бойынша Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және жергілікті атқарушы органдарға жанар-жағармайды қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейту, жеңілдетілген бағамен дизель бөлу мен жеткізудегі түйткілді мәселелерді жою ұсынылды. Өз кезегінде, партияның өңірлік мониторинг топтары жанар-жағармай бағасы мен қол жетімділігі туралы жергілікті жерлердегі нақты жағдайды бақылауда ұстауды әрі қарай жалғастырады. https://www.youtube.com/watch?v=Q9xNUUUBi5s&ab_channel=%D0%A2%D0%B5%D0%BB%D0%B5%D0%BA%D0%B0%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D0%90%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B0%2FAstanaTV