Алты тіл меңгерген қазақ баласы ерекше кәсіп ашты
Алты тіл меңгерген қазақ баласы ерекше кәсіп ашты
Сәулет Бақыткелді – кәсіпкер. Алты тілді меңгерген білімді жас бүгінде ерекше кәсіп ашқан. Басты мақсаты – жасаған кішкентай дүниелері арқылы адамдарға қуаныш сыйлап, білім іздеген жандарға шабыт беру. Ол жасаған дүниелер ұлттық бояуымен, заманауи стилімен ерекшеленеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім алған Сәулет бакалаврдың соңғы жылында арнайы бағдарламамен Жапонияға барады. Оның қиялына қанат бітірген де осы сапар еді. Токио шет тілдері университетінде оқып жүріп, «Біз неге ұлттық стилімізді сақтай отырып, өз елімізден аксесуарлар, кеңсе тауарларын шығармаймыз?» деп ойлайды. Иә, расымен де біздегі мұндай дүниелер көбіне Қытайдан, Ресейден әкелінетін. Қойын кітапшалардың сыртынан шетел жұлдыздарының суретін көргенге көз үйренген.
Осылайша, тәуекелге барып, кәсіп ашты. Бүгінде оның жасаған заттары интеллектуалды, әдеби ортада үлкен сұранысқа ие. Тіпті, жас кәсіпкердің идеясын қолдап, инвестиция құйып жатқан адамдар бар. Сәулеттің ендігі арманы – ұлттық негізде жасалған заманауи дүниелер дүкенін еліміздің әр қаласынан ашып, кәсібін кеңейту. Әрине, ол үшін біраз еңбектену керек. Сол үшін білімін жетілдіріп, шетелдік компаниялармен жұмыс істеп жатыр.
Сәулет қазір алты тілде еркін сөйлейді: қазақ, қытай, жапон, ағылшын, орыс, түрік тілі. Білімді жасқа бірнеше тілді меңгеру қиын болмаған. «Қытайда туып-өскен соң, жапон тілін оңай үйрендім» дейді ол. Біреулерге тіл үйрену хобби болса, Сәулет үшін бұл – қажеттілік.
Жас кәсіпкер жақында тағы шетелге барайын деп отыр. Сол жақта 2-3 жыл бойы жинаған тәжірибесін елімізге алып келмекші.
Ел ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білгір жастардың қолында емес пе?! Сондықтан мұратына жетуге талпынған жас кәсіпкерге оң сапар тіледік.