Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай байқау жариялады

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай байқау жариялады

Ақын-жазушыларды, драматургтер мен балалар авторларын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясының бастамасымен жыл сайынғы республикалық «Ұлы дала» шығармашылық байқауы басталды. Байқау жыл сайын «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіледі. 2019 жылы бастау алған байқау осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Баспасөз мәслихатында партия Хатшысы Дәулет Кәрібек журналистерге байқауға қатысудың басты ерекшеліктері мен шарттары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  қазіргі қазақ әдебиетіне, соның ішінде жас қаламгерлерге қомақты қолдау қажет екенін алға тартты. «Әдебиет – қолдауға зәру. Әсіресе, әдебиетке келген жастар қауымын қолдау қажет. Ал осындай конкурстар талантты жастардың әдебиет әлеміндегі беталысын айқындап, шығармашылығын оқырманға таныстырады», – деді жазушы-драматург Роза Мұқанова. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайдың айтуынша, бүгінгі қоғамда көркем әдебиет айрықша орын алады. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы – «AMANAT» партиясының алдағы уақытта жүйелі түрде ұлттың мәдениеті мен өнеріне қамқоршы болатындығының нақты бір дәлелі. Хакім Абай айтқандай, ақылы нұрлы, жүрегі жылы, қайраты ыстық толық адам қалыптасуы үшін жастар міндетті түрде көркем әдебиеттің уызын еміп өсуі керек», - деді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай.