Жас ғалымдардың жарқын белесі

Жас ғалымдардың жарқын белесі

Жас ғалымдардың жарқын белесі
ашық дереккөзі
Ғылым мен білімсіз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін түсінік. Елімізде білім мен ғылым саласына баса мән беріп, жастардың ғылымға бет бұруына жағдай жасау қажет деп дабыл қағуымыздың сыры да осында болса керек. Осы ретте көшбасшы оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіп, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асыруға демеу болып отырғанын айтпай кетуге болмас. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында екенін жиі ауызға алатынымыз рас. Демек, бүгінгі қазақ жастары білім-ғылымға шындап ден қоюы қажет. Ғылым саласын ілгерілетуге мемлекет тарапынан аз да болса қолдау көрсетіліп жатқаны ақиқат. Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстанда 400-ден аса ғылыми мекеме бар, олардың 95-і мемлекеттік ғылыми институттар, 121-і жоғарғы кәсіби білім беру мекемелері, қалғандары кәсіпкерлік саласы бойынша және коммерциялық емес ұйымдар. Елімізде шамамен 18 мыңға жуық адам ғылыми жұмыстармен және ізденістермен айналысады. 2010 жылы 11 наурызда Қазақстан Болонья үдерісіне қосылып,  «Университеттердің ұлы хартиясына» қол қойып, ТМД елдерінің ішінен бірінші болып еуропалық үш деңгейлі білім беру жүйесіне өтті (бакалавриат-магистратура-докторантура). Осыған байланысты, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңестік дәуірден мұраға қалған түрлі ғылыми мамандықтар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау арқылы ғылыми дәреже беру жүйесі жойылды. Осыдан кейін Қазақ ұлттық университетінде магистратура мен докторантураға қабылданған жас ғалымдардың ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалып, мүмкіндіктер берілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлесе белсенді қызмет атқаруда. Соңғы жылдары әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында 1000-нан аса қызметкер халықаралық қор және ғылыми-зерттеу жобалардың есебінен машықтанып, біліктілігін арттырды, халықаралық конференцияларда баяндама жасады. Осы орайда, шәкірттердің зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізуге қолдау білдіріп отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Бүгінде ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымының стратегиялық мақсаты – ғылым, білім және өндірісті біріктіру негізінде мамандар қалыптастыру. Соңғы 10 жыл ішінде университетте әлемдік деңгейдегі ғылыми нәтиже алуға және зерттеуге, бірегей сараптамалар жүргізе алатын заманауи зертханалық база құрылған. Оқу ордасында ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, зертханалар жұмыс істейді. ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару нысанында 135 ғылыми үйірмелер, 14 студенттік бизнес-инкубатор және университеттің зияткерлік клубы бар. Сол арқылы студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-инновациялық қызметіне ерекше көңіл бөлінуде. Берілген мүмкіндікті қалт жібермейтін университеттің жас ғалымдары да қазір ғылыми жаңалықтарын ашып, ғылым саласына өз үлестерін қосу үстінде. Мәселен, биылғы оқу жылында ҚазҰУ ғалымдары жоғары сапалы моторлы отын шығарудың жаңа әдісін ойлап тапты. «Жаңа химиялық технологиялар мен материалдар» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары гомогенді және гетерогенді катализаторлардың қатысуымен тотықтандыратын және қалпына келтіретін реакцияны қолдану негізінде құрамында күкірті төмен жоғары сапалы моторлы отын алу тәсілін ұсынды. Аталмыш жобаның авторы – химия ғылымдарының кандидаты Ж.Мылтықбаева. Технология түрлі құрамды мұнай фракциясын күкіртсіздендіру үшін тотықтандыратын және қалпына келтіретін үдерістерді қолдана отырып әзірленіпті. Бұл әдіс барлық жойылатын заттарды толықтай көмірсутекті шикізаттан «тазалауға» мүмкіндік береді. Яғни,  өндірістік сұйылтылған тиофенді гидротазалау арқылы жоғары сапалы бензин мен дизель отынын алуға болады. Күкіртті жою жайында ұсынылған әдісті «Еуро-4» талаптарына сәйкес құрамында күкірті аз мотор отынын алуда отандық мұнай өңдеуші зауыттар қолдана алады. Сонымен қатар,  Экология мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу институтының ғалымдары биология ғылымдарының докторы, профессор Т.Шалахметованың жетекшілігімен мұнайдың тірі ағзаға түсуі ДНК мен мутация жарылуының көбеюіне алып келетінін дәлелдеді.  Жоба авторлары Қызылорда облысының мұнай-газ орындарына жақын тіршілік етіп жатқан аңдардың фондық түрлерін қарастырып, зертханадағы тышқандарға және Құмкөл аймағына жақын тіршілік еткен аңдардың фондық түріне эксперимент жасаған. Эксперименттік зерттеулер барысында тышқандарға шикі мұнайды иіскетіп, олардан біртізбекті ДНК жарылулары бар соматикалық торлардың көбею деңгейі байқалыпты. Мұнайлы жерлерге жақын тіршілік еткен аңдардың фондық түрінің токсико-экологиялық жағдайы генетикалық, гистологиялық биомаркерлік көрсеткіштердің аналогиялық өзгеріске ұшырағанын көрсетті. Экология мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарының тағы бір жетістігі – диабет жараларын емдейтін өсімдіктерді анықтауы. Жас ғалымдардың айтуынша, Vexibia alopecuroides өсімдігінің сығындысы диабеттік жаралардың жазылуын үдетеді. Ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша емделмеген жануарлармен салыстырғанда тәжірибелік жағдайдағы жануарлардың қант диабетінің жаралары бір жарым есеге тез тартылып жазылуына Vexibia alopecuroides тамырынан алынған сығындысы себеп болған. Оған қоса бұндай нәтиже жоғары ұйымдасқан коллагендік талшықтардың құрылғандығы есебінен болған. Ғалымдар анықтағанындай, эксперименталды түрде Vexibia alopecuroides тамырының сығындысымен емделген және емделмеген төрт аяқты жануарлардың қан сарысуының биохимиялық құрамдары арасындағы айырмашылық аса көп емес. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экологиялық мәселелер жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мұнайды ыдырататын микроорганизмдер коллекциясын шығарды. Жоба жетекшісі – биология ғылымдарының кандидаты, доцент Анастасия Гончарова. Ғалымдар арнайы препараттарды шығару үшін Каспий теңізіндегі микроорганизмдердің қысқа уақыт ішінде  тасыған мұнайды ыдырататын көмірсутек қышқылдандыру мүмкіндіктерін зерттеген. Су мен жердің сынамасы көктем мен күз айларында Каспий теңізінің аймағындағы Қаражанбас және Қаламқас кен орындарының жанынан алынған. Зерттеу қорытындысы бойынша,  жергілікті кен орындарында белсенді түрде мұнайда көбейіп өсетін көмірсутекқышқылдандыру микроорганизмдердің түрлері алынды. Ал ҚазҰУ-дың жаңа химиялық техно­логиялар мен материалдар ғылыми-зерттеу орталығының химиктері Tamarix өсімдігінен алынған тамариксидин биологиялық белсенді комплексі негізінде май мен гель ойлап тапты. Жас ғалымдар бентонит ерітіндісі майы, сондай-ақ, медициналық гель мен табиғи және синтетикалық полимерлерден жасалған қабықшалар секілді жұмсақ дәрілік пішіндер алған. Алғашында ол бентонит сазы, сондай-ақ, өзі құрылымданған полимерлер мен композциялары негізінде таратылды. Жобаны жүзеге асыру үрдісінде биологиялық белсенді комплексті шашырату заңдылығы орнатылып, таратушылардың сорбциялық-десорбциялық қасиеттеріне  түрлі факторлардың  әсер етуі көрсетіліп,  май мен гельдің  құрамын анықтады. Полимерлі және сазды материалдар  төмен бағалы, қолжетімді дәрілік затттардың құрамында бар және бентонит сазының негізінде әзірленген өсімдік субстанциясы гель және май негізінде қызмет атқарады. Сонымен бірге, ҚазҰУ-дың жас ғалымдары қатерлі ісік ауруын емдейтін дәрі ойлап тапты. Тері ауруларын емдеуге арналған дәрі 2010 жылға дейін елімізде өндіріліп, дәріханаларда саудаланыпты. Оған сұраныс Қазақстанда ғана емес, шетелдіктер тарапынан да жоғары болған. Ғалымдардың сөзінше, бұл жақпамай әлем бойынша ересектермен қатар, балалардың қолдануына рұқсат етілген жалғыз препарат. Тері ауруларын емдеуге арналған препараттан бөлек, ҚазҰУ-дың жас ғалымдары қатерлі ісік ауруын емдеуге мүмкіндік беретін дәрі-дәрмек ойлап тапқан. Жаңа дәрінің ракты 3 кезеңде де емдеуде тиімділігі жоғары. Оны химия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Дмитрий Корулькин 1986 жылы өзге ғалымдармен бірлесе жасап шығарған. Содан бері отандық дәрі талай мәрте сынақтан өткен. Алдымен жан-жануарларға тексерілген дәріге кейін клиникалық зерттеулер жасалған. Біз жіпке тізіп шыққан ғылыми жаңалықтар – ҚазҰУ жас ғалымдарының алғашқы да, соңғы да еңбегі емес. Қазіргі уақытта ғалымдар өздері ойлап тапқан дәрі-дәрмектері мен өзге де препараттарды өндіріске енгізу мақсатында қызу жұмыс үстінде. Бұл тұрғыда университет басшылығы да қолдау білдіріп отырғандығын айта кеткеніміз абзал. Әлбетте, бүгінге дейін өндіріске еніп үлгерген ғылыми жұмыстар да баршылық. Ал біз тілге тиек еткен жаңалықтар биылғы оқу жылының еншісіне тиесілі ғылыми жұмыстар. Бұл еңбектердің қашан өндіріске енгізілетіні әзірге беймәлім. Бірақ жас ғалымдардың айтуынша, барлық жұмыстар міндетті түрде Білім және ғылым министрлігіне ұсынылады екен. Қалай десек те, бүгінгі күні еліміздегі жетекші оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары ғылым саласының қарыштауына теңіздің тамшысындай болса да өз үлестерін қосуда.