Халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Халықаралық шахмат фестивалінің жеңімпаздары анықталды
24 тамызда Динара Сәдуақасованың Шахмат академиясының ұйымдастыруымен Атырауда халықаралық шахмат фестивалінің жабылу салтанаты өтті.
Байқауға Қазақстан, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Ресей сияқты әлемнің 9 елінен 300-ге жуық ойыншы қатысты. Фестивальдің жалпы жүлде қоры – 13 257 500 теңге.
Іс-шара барысында фестивальдің үш турнирінің жеңімпазы анықталды: Atyrau Open (2-ші разрядтан төмен емес спортшылар үшін), Atyrau Juniors (3-ші разрядтан төмен емес, 2006 жылы туған және одан кіші спортшылар үшін), сондай-ақ блиц-турнир (3 разрядтан төмен емес спортшылар үшін).
Бұл турнирде әйелдер арасында Алуа Нұрманова (3-орын), Назерке Нұрғали (2- орын) және Екатерина Борисова (1-орын) жеңімпаз атанды. Ерлер арасында Сергей Тивьяков (3-орын), Арсений Нестеров (2- орын) және Тимур Гареев (1-орын) жетекші орындарға ие болды. Atyrau Open турнирінде жеңімпаз атанған ардагерлер арасында Айтқали Ізбасаров (3-орын), Есей Хусайынов (2-орын), Әзидолла Хамиев (1-орын) бар.
Atyrau Juniors турнирінің нәтижесінде 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша жүлделі орындар берілді. Фестивальдің ең жас қатысушысы 4 жасар Қайрат Абдул-Мәлікке Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи 200 000 теңгенің сертификатын табыс етті.
Блиц-турнирге келетін болсақ, онда Павел Понкратов, Фаррух Амонатов және Сергей Тивьяков жеңіске жетті. Сондай-ақ екі қатысушы – Батырхан Шеруен мен Әмірәлі Абзалға Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға грант түріндегі арнайы сыйлығы бұйырды. Турнирлерден басқа, шеберлік сабақтары және түрлі ойын өтті. Сонымен қатар бағдарламада халықаралық арбитрлердің бірінші семинары болды, онда қатысушылар емтиханнан сәтті өткеннен кейін FIDE төрешісі атағын алу мүмкіндігін алды. Семинардың 6 студенті бұл үшін қажетті ұпай санын жинап үлгерді.