Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрімен «галстуксыз кездесу» өтті

ашық дереккөзі

Оқу-ағарту министрімен «галстуксыз кездесу» өтті

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өтті. Форум қатысушыларымен «галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді. Жаңа буын мұғалімдері Асхат Қанатұлына философиялық, мемлекеттік ауқымдағы және өзіне тән – жеке лайфхактардан бастап әдеби талғамға ұласқан сауалдар жолдады. Әсел Молдабекова көптеген ыңғайсыз сауалдарға жауап берді. Жас ұстаздар электронды білім беру жүйелеріндегі ақпараттық интеграцияға, ауылдық жерлердегі интернеттің төмен жылдамдығы мен тұрақсыздығына, мектептер үшін серверлер мен платформалардағы мәселелерге назар салды. Жеке шеберлік сабақтар өткізген Дамир Сұлтанов, Гүлдана Бұхарбаева, Темірбек Сағындықов және өзге де жас мамандар форумның нағыз каһармандарына айналды. Олар өз әріптестерін сабақты ұйымдастырудағы және жеке кәсіби дамудағы атауының өзі маңыздылығын айқындайтын – цифрлы мұғалім, сабақ форсайты, педагогикалық ангажемент, дифференция және оқытудағы лайфхактар креативті кейстермен таңқалдырды. Қостанай облысынан келген тарих пәні мұғалімі Дамир Сұлтанов Меңдіқара ауданы бойынша авторлық туристік бағдарламаны қалай құрастырғанын айтып берді. "Сабақты жоспарлауды бастағанда YouTube пен Google-ға жүгіндім, алайда ондағы білім маған жеткіліксіз болып көрінді. Содан соң гидтерді дайындау және цифрландыру бойынша түрлі курстарға қатысуды қолға алдым. Кейін өз бағдарламамды жасап, оның жұмыс істейтініне көз жеткіздім. Біз оқушылармен тарихи сананы қалыптастырып, көкжиектен асып ойлауға тырысамыз", – дейді Дамир Сұлтанов. Рудный қаласының №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлдана Бұхарбаева педагогикалық ангажемент шеберлік сабағында білім ордасында құрылған театр жайында баяндап берді. Гүлдана креативті тәсілдердің қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын дамытып, пәнге деген қызығушылықты арттыратынына сенімді. Алматылық математика пәні мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзінше, бүгінгі таңда әр мұғалім цифрлы болуы керек, бұл – сән емес, қажеттілік. Темірбек өзінің шеберлік сабағында әріптестермен пікір алмасты: "Әлемде табысты мұғалімге қойылатын басты жеті талап бар, олардың үшіншісі – цифрлы сауаттылық және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу", – дейді ол. ТikТоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және балалардың математикаға деген қызығушылығын қолдаған Темірбектің үлгісі барлық жас мұғалімдерді шабыттандырды. Форумға Қостанай облысынан келген Ботагөз Мақатова өз сөзінде биология сабағына цифрлы технологияны енгізуді армандап жүргенін жеткізді. "Мен сабақты STEAM зертханасында өткізуді қолға алдым. Mozaik Web бағдарламасын таңдадым, ROQET интерактивті панелін қолдандым, соның арқасында біз виртуалды әлемге еніп, оны жандандыра аламыз. Бұл біздің қолымыздан келді" дейді ол. Ботагөз Темірбектің ойын қолдайды – заманауи білім және оқыту үрдісі бірінші кезекте цифрлы болуы керек. "Бірнеше жыл бұрын менің қолыма Америка Құрама Штаттарының Конституциясы түсті. Сол кезден бастап мемлекеттік құрылысқа қызығушылық таныта бастадым, кейін Қазақстан Конституциясына қосымша жасауды ұйғардым. Бұл ретте тарих пен математика сабақтарын кіріктіру оңай екеніне көзім жетті", – дейді «PRO100 Конституция» қосымшасының авторы Әсет Серікбаев. Маусым айында Әсет бүгінгі таңда сұранысқа ие «PRO100 Конституция» жобасына патент алды. Қарағандылық Олег Тё мен Ержан Акижанов жас мамандардың басты сұрағына жауап беруге тырысты: оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын қалай оятуға болады? Олардың айтуынша, сабақты алдымен зерттеуден бастау керек. Ержан жеке білім беру бағыттарын әзірлеп, қосымшалармен тығыз байланыста болу керектігін алға тартты. «Wooclap» ауқымды аудиториямен жұмыс істеу кезінде тиімді болса, «Formative» бағдарламасы қалыптастырушы және жиынтық бағалауды жүргізуге көмектеседі. Олег «төңкерілген сыныптың» негізгі қағидаларын түсіндіріп, сандық әдістердің, атап айтқанда, «ISpiring Learn», «Anchor fm» қосымшаларының оқушылармен сәтті ынтымақтастық құрудағы маңыздылығын растады. Өскемендік Алена Рахимованың бүгінгі мектептегі ең өзекті басымдығы – бағалауға арналған шеберлік сабағы форум қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Ол топтық жұмыста оқушыны бағалау әрдайым қиын екенін, объективтілік баланың оқуға деген қызығушылығын сақтайтынын ерекше атап өтті. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының ағылшын тілі мұғалімі Әділ Анарбеков бағалау кезінде баланың психологиялық жай-күйі шешуші мәнге ие екенін айтты. "Шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпір – сенім, ол адалдық, сүйіспеншілік және үміттен құралады" деді ол. Жабылу салтанатында қарағандылық Олег Те форумдағы уақыт басқаша сипат алғанын және жетістікке деген шынайы шабытты оятқанын мойындады. Мексикадан жас педагогтер форумына қосылған Дэвид Марш арадағы мыңдаған шақырымға қарамастан қатысушылармен достасып үлгерді. Ол кез келген елінде мұғалімнің табысының басты критерийі оның мамандығына деген адалдығы деген жеке сенімімен бөлісті. Семей қаласындағы Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына кіріп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздарының мерекелік көңіл күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсысы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді. Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілетті және табысты болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Форумның жабылу салтанатында ақтаулық Сымбат Амалова, Ақтөбе облысы Темір ауданынан Әйгерім Болатбекқызы, жамбылдық жас маман Шолпан Ақшалова, Қостанайдың Рудный қаласынан келген Гүлдана Бұхарбаева және Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының ұстазы Мағжан Жұмабай жиынның басты кейіпкерлеріне айналды. Олар Instagram-да үздік пост жазып, тақырыптық конкурстың жеңімпаздары атанды. Күләш Ноғатайқызы оларға «Lesson Study box» әдістемелік материалдар мен ресурстар кешенін табыстады. Форум ұйымдастырушылары – отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Педагогикалық шеберлік орталығының табысты командасы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді. "Жас мұғалімдер – әр мектептің стратегиялық ресурсы, бүгінгі білім саласына жаңа идеялар мен жаңа шешімдер әкелетін де солар.  Олардың жаңа білімге ашық, оқуға дайын екеніне қуаныштымын», – деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдықәрімова. Орталық online.cpm.kz платформасында жұмыс істейтін «Жас мұғалім мектебі» ашық онлайн курсын әзірлеп, дайындады.  Жаңа ресурс әртүрлі бағыттағы оқу материалдарын біріктірді: мұғалімнің құндылықтары мен көзқарастары, оқыту стратегияларының калейдоскопы, көлденең және тік жоспарлау, сонымен қатар сабақты зерттеу, эмоциялар мен уақытты басқару және басқа да танымал басымдықтар. Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады. Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады. «Біз үшін форум тәжірибе алмасатын  бірегей алаң болды. Сабақта жүзеге асыратын барлық тренингтер мен шеберлік сабақтарынан тың идеялар алдым. Ұзақ мерзімді жоспарларда оқушыларды оқу мен зерттеу процесіне көбірек тарту мақсатында TikTok, YouTube-те өз парақшамды дамыту  ойым бар»,- деп бөлісті Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәнінің мұғалімі Жеңісбай Қабаржан.