Жаңалықтар

«Сайлауалды бағдарламаны 90% орындадық» –  Расул Қасенхан

ашық дереккөзі

«Сайлауалды бағдарламаны 90% орындадық» –  Расул Қасенхан

Былтыр  Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткен болатын. Тұрғындар өз таңдауын жасап, жақсы үміткерді қолдады. Соның бірі – Расул Қасенхан. Қалада оқыған ол Қарағанды облысы Гүлшат ауылына әкім болды. Жас әкім turkystan.kz тілшісіне ауылдың ахуалы туралы айтып берді. – «AMANAT»  партиясы Жастар қанатының съезінде ауыл мәселесін айтып, шешу жолдарын ұсындыңыз. Сіз әкім болған бір жыл ішінде қандай өзекті мәселелер шешімін тапты? – Қарағанды облысы – еліміздегі ең урбандалған өңірлердің бірі. Сондықтан қазір өңіріміздегі ауылдарда халық саны өте аз. Дегенмен қаладан қайтып келетіндер де бар. Өзім қалада туып-өссем де, ауылда жұмыс істеймін деп шештім. Қазір Балқаш қаласына қарасты Гүлшат кентінің және Шұбартүбек ауылының әкімі қызметін атқарып жүрмін. Мен үшін, бұл – үлкен тәжірибе. Жас маман ретінде ауыл тіршілігімен танысу және осында жұмыс істеу өмірімдегі қызық жобалардың бірі болатынына сенімдімін. Сол себепті «Жастар рухының» съезінде әрбір өңірге мемлекеттік орталық органдардағы (министрліктер, агенттіктер, т.б.) жас мамандарды бір жылға немесе жарты жылға қызметтік іссапарға жіберуді ұсындым. Осы уақыт аралығында олар жер және өзге де өзекті мәселелермен танысады. Ауыл тіршілігін, халық арасындағы нақты мәселелерді көреді және оны шешу үшін жұмыс істей бастайды деген оймен айттым. Сондай-ақ орталық аппаратта жұмыс істейтін маман ауылдағы әріптестерімен білімімен, тәжірибесімен бөліссе, ауылдағы мекемелердің жүйелі жұмыс істеуіне әсер етеді. Іссапардан оралған жас маман заң жобасын әзірлейтін кезде немесе басқа да жұмыстарда нақты мәселелерді шешу жолдарын көрсете алады. Біріншіден, жас маман үшін бұл жақсы тәжірибе, екіншіден, ауылды дамытудың жаңа форматы. Бір жыл ішінде сайлауалды бағдарламамның 90 пайызын орындадық деп сеніммен айта аламын. Осыдан елу жыл бұрын біздің ауыл Балқаш өңіріндегі ең жасыл ауылдардың бірі болған. Уақыт өте келе талдар да қалмады. Қазір сол олқылықтың орнын толтыруды қолға алдық. Халықпен кездесу барысында ауылымызды көгалдандыру және суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша сұрақтар көп қойылды. Суармалы су құбырлары бюджет қаржысына және ТОО «КПМ Дельта» күн электростанциясының демеушілігі есебінен 2016-2018 жылдары жасалынған болатын. Биыл «Қазақмыс Смелтинг» ЖШС, жергілікті азаматтардың демеушілігімен ауылда 1 000-ға жуық ағаш отырғызылды. Жергілікті бюджет есебінен суару жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар Гүлшат кентінде E.Qoldau қоғамдық қол жеткізу нүктесінің желісі іске қосылды. Енді ауыл тұрғындары ХҚКО-ға бармай мемлекеттік қызметті ауылдан-ақ ала алады. Бұл құрылғыда тегін Wi-Fi, еGov порталына, DamuMed, мобильді байланыс төлемдері, ҚТЖ билеті, тағы да басқа қызметтерді ала алады. Балалар жылы аясында бюджет есебінен ауылымызда типтік үлгідегі балалар алаңы салынды. Тұрғындарға жеңіл атлетикамен айналысуға мүмкіндік беретін спорт алаңы ашылды. Гүлшат кенті және оған қарасты Шұбартүбек елді мекенінің барлық көшесі лед шамдарымен жарықтандырылды. Сондай-ақ ауылда бейіттерді қоршау, тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қаладағыдай қоқыс жәшіктері қойылды. Ауылдың 1 шақырым жолын тегін жөндету үшін СинеМидасСтрой түрік компаниясымен келіссөз жүргіздім. Компания әлеуметтік көмек көрсетуге келісті. Сонымен қатар «Тастемір» компаниясы демеушілік етіп, орталық алаңның жолын жөндеуге келісті. – Қарағанды облысындағы ең жас әкімсіз, әлеуметтік желіде белсендісіз. Тұрғындар тарапынан қандай сұрақ жиі қойылады? – Былтыр алғаш рет әкім сайлауына қатысқанда енді ғана 27 жасқа толған едім. «AMANAT»  партиясының үміткері болып, сайлауалды бағдарламамды әзірледім.  Оны сайлауға қатысушыларға дұрыс жеткізу арқылы тұрғындардың сеніміне ие болдым. Жас болғаннан кейін Instagram, ТikТок әлеуметтік желілерінде белсендімін. «Ауыл әкімінің күнделігі» деп аталатын блог жүргіземін. Атқаратын жұмыс көп болса да қызмет барысын, нәтижесін бөлісу де маңызды. Барлығына уақыт табуға тура келеді. Ауылдастар мен желі қолданушылары белсенділігімді қолдап отыр. Гүлшат кентіне қарасты Шұбартүбек елді мекені – туристік аймақ. Балқаш көлінің жағасында орналасқан ауылға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Туристердің көбейіп жатқанына қуаныштымыз. Ауыл азаматтары кәсіп ашып, сервистік қызмет көрсетіп жатыр. Туристер көбейген сайын қоқыс мәселесі де күрделеніп келеді. Демалушылар қоқыстарын қалдырып, заңсыз қоқыс алаңдары анықталып жатыр. Сенбі сайын тазалау жұмыстарын жүргізіп, қаладан еріктілерді, компанияларды жұмысқа тартып жатырмыз. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша Қарағанды облысы Экология департаментінің қызметкерлерімен, жергілікті белсенді азаматтармен бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір 30-ға жуық демалыс орны қызмет атқарып отыр. Тұрғындар тарапынан көтерілетін басты сұрақтардың бірі – коммуналдық инфрақұрылым: ауызсу және кәріз жүйесінің болмауы. Қазір Балқаш қаласының әкімдігі жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Құжаттама әзірленгеннен кейін біз ұсынған бюджеттік өтінім қолдау табады деген ниеттеміз.  – Ауылдық жерде маман жетіспей жатады. Жастарды ауылға тұрақтандыру үшін не істеу керек? – Ауылға ешкімді күштеп көшіре алмаймыз. Жоғарыда айтылғандай, жас мамандарды уақытша ауылдарға жіберетін жобаны қолға алсақ, идеяны қолдайтын азаматтар көшеді деген ойдамын. Тұрақтандыру үшін оларға жағдай жасау керек. Жұмыс орнын ұсыну, ауыл шаруашылығы, басқа да бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Сондай-ақ оларды баспанамен қамтамасыз ету керек. Өз тәжірибемде бұл мәселе бойынша қиындықтар болды. Сондықтан ауылға жастарды шақырғанда, ең болмаса, осы екі мәселені шешіп беру керек. Қазір ауыл азаматтарының әл-ауқатын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жастарға да дамуға мүмкіндіктер бар, бірақ көбі ондай бағдарламаларға белсенді қатыспайды. – «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасы қоғам талқысына ұсынылды. Осыған қатысты не айтар едіңіз? – Бірнеше күн бұрын «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жаңа саяси тұғырнама әзірлеу жөнінде кеңес өткізді. Құжат партияның сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшасында жарияланатыны айтылды. Бұл – азаматтарға елімізді дамытуға, өмір сүру деңгейін жақсартуға қатысты ойын ашық жеткізуге берілген жақсы мүмкіндік. Күзде республикалық партия конференциясында қорытындысы талқыланады. Оған дейін барша азаматты құжаттың қабылдануына үлес қосуға шақырамын. Құжатты жаңарту кезінде «халық үніне құлақ асатын партия» форматы негізге алынатынын ерекше атап өтер едім.

Әңгімеңізге рақмет!