Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова
Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова
Кейбір дерекке сүйенсек, Украинада 10 000-ға жуық қандас тұрады. Солардың бірі Украинаның Еңбек сіңірген әртісі – Инеш Қыдырова. Ол шығармашылықтан бөлек, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Сондай-ақ Киев ұлттық мәдениет және өнер университетінің доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежесі бар. Сахна төрінде 25 жылдан астам уақыт жарқырап жүрген ол жуырда Таразда өткен «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестиваліне қатысты. Қазір Нұр-Сұлтанға тұрақтаған Инеш Өсербайқызына хабарласып, әңгімелескен едік.
– Ең алдымен бізді отбасыңыздың Украинада қоныстану тарихы қызықтырады.
– Әкем Өсербай Қарақалпақстанның Кегейлі ауылында туып-өскен. Руы – Табын. Ал анам Татьяна –Харьков облысы Надеждино ауылының тумасы. Әкем әскерден оралған соң жұмыс табу үшін Украинаға өтіп, ондағы Донецк облысына қарасты Краматорск қаласына тұрақтаған. Онда ол машинақұрастыру зауытында жұмыс істеп жүрген анаммен танысып, ақыр соңында екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Отбасымызда әкенің рөлі ерекше болды. Екеуінің ренжіскенін еш көрген емеспін. Екеуі бір-бірін сыйлап өтті. Балаларын жақсы көрді, бірақ еркелікке «салып» өсірмеді. Бізде жерге жатып алып жылап, бірдеңе сұрау деген болмады. Барды қанағат тұттық. Қолда бар ойыншықпен ойнадық, кейбірін өз қолымызбен жасадық. Бірақ мен бала кезден музыкаға әуес болдым.
– Оқытушылық қызметтен бөлек қоғамдық жұмыспен айналысқаныңыз туралы жиі жазылады. Қазақстанның Украинадағы елшілігімен де тығыз байланыс орнатқан боларсыз?
– Иә. 2008 жылдан бастап Украинадағы аз ұлт өкілдері жетекшілік ететін қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеймін әрі этникалық қазақ ретінде Қазақстанның Украинадағы елшілігі өткізетін іс-шараларға жиі қатысамын. 2008 жылы Украинада Қазақстан жылы болып жарияланғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бір топ шығармашылық делегация ере келген болатын. Сол кезде Халық әртістері Роза Рымбаева, Әлібек Дінішевпен бірге Украинаның бірнеше қаласын аралап, концерт бергенбіз. Осы ретте айта кету керек, Украинадағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев келген соң «Отандастар» қорымен байланыс нығая түсті. Қазақ-украин қарым қатынасының жаңа дәуірі басталды. Түрлі жобаны бірлесіп шығаруда, шығармашылық кештер мен таныстырылымдар өткізуде Қазақстан тарапынан көп көмек алдық. Былтыр елшіліктің үлкен қолдауымен Украинадағы қазақтардың бірінші құрылтайы өтті. Сосын Днепрдің жағалауында орналасқан ірі саябақ кешенінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Ауқымды бұл іс-шараға Қазақстаннан арнайы әртістер келіп қатысты. Сондай-ақ Қазақстанда туған танымал адамдар да бұл кештің қонағы болды. Ағайынды Кличколар келіп, құттықтады. Шыны керек, қоғамдық жұмыспен айналысқанға дейін бізде осыншама ұлт тұратынын білмеппін. 2008 жылы «Фольклорама» ұлттық мәдениеттер фестиваліне дайындалып жүргенде аз ұлт өкілдерінің басын қосатын ұйымға жетекшілік ететін Украинаның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ашот Аванесянмен таныстым. Концерттік бағдарлама жасақтау үшін этностардың шығармашыл ұжымдары әрі олардың репертуарымен танысуым керек болды. Сол кезде ұлттық дәстүрлердің, ұлттық өнердің, фольклордың әркелкілігіне таңғалған мен қоғамдық жұмыспен айналысуға бел будым. 2006 жылы Украина президенті жанындағы Мемлекеттік басқарудың ұлттық академиясын бітіріп, мемлекеттік басқару ісі бойынша магистр дәрежесін алған болатынмын. Сөйтіп, шығармашылықпен қатар, этноұлттық саясаттағы қоғамдық жұмысымды бастап кеттім. Қазір мен Украина ұлттық қауымдастықтар кеңесі төрағасы орынбасарының міндетін атқарамын. Негізі, біз көпұлтты бір шаңырақ астына ұйыстыру үшін мемлекеттік деңгейде жұмыс істедік. Жанжалдың көбі түрлі ұлт өкілінің бір-бірін қабылдамауынан туындайды ғой. Біздің міндетіміз – олардың басын бір арнаға біріктіріп қана қоймай, азаматтарды қоғамдық, мәдени процестерге кіріктіру, ешкімнен кем емес екенін сезіндіру. Біз бірнеше вектор бойынша біраз шаруа атқардық. Барлық ұлт арасындағы байланысты нығайту үшін дөңгелек үстел басында жиі бас қостық. Оларды толғандырған мәселелер бойынша ұсыныс әзірлеп, Жоғарғы Радаға ұсындық. Ондағылар да ұйым басшыларын шақырып, оларға қатысты жобаны мақұлдамас бұрын кездесу өткізіп жүрді. Сосын азаматтардың тарихи Отанымен мәдени байланыс орнатуды мақсат еттік. Аз уақыт ішінде бұл бастамамыз өз жемісін беріп, олар бізге, біз оларға барып, түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Одан бөлек, өзге ұлттардың шығармашылығын шыңдап, ел ішінде танылуына септігімізді тигіздік. Осылайша, ұлттық қауымдастық өкілдері Украина мәдениетіне әртүрлілік әкелді. Украина халқы өзге ұлт өкілдерін Қазақстан секілді әркез құшақ жая қарсы алады. Біз Қазақстанды барлық іс-шарада айтып жүреміз. Қазақтар мен украиндар арасындағы достықты да аузымыздан тастамай, айтып жүреміз. Қазақстан біз үшін – достық пен толеранттылықтың үлгісі.
– Тараздағы фестивальда қазақша ән айтып, көпшіліктің қошеметіне бөлендіңіз. Репертуарыңызда қазақша тағы қандай әндер бар? Орындағыңыз келіп жүрген ән бар ма?
– «Атамекен» әні – менің орындауымдағы қазақша бірінші ән. Оны репертуарыма 2007 жылы қостым. Әрі бұл – әкемнің сүйікті әні. Әкем «Инеш, бері келші. Роза ән айтып жатыр! Қарашы!» дегенде экранға «жабыса» кетіп, ұйып тыңдайтынмын. Жалпы, маған Роза Рымбаеваның ашық-жарқын дауысы, әнді орындау стилі қатты ұнайды. Бірақ мен «Атамекен» әнін басқа интерпретацияда әзірлеп шығардым. Роза Рымбаеваның орындауындағы бұл ән Қазақстанда екінші гимн секілді қабылданады ғой. Ал мен күрделі вокал кіріктіріп, мүлде басқаша «кейіпте» орындадым. Жалпы, бұл жұмысыммен мақтанамын. Тыңдаған қазақтың көбі «Қандай қызық интерпретация?» деп таңғалып жүр. Қазылар алқасы да жоғары бағасын берді. Тағы бір сүйсініп тыңдайтын қазақстандық әнші – «Мюзиколадағы» Карина Абдуллина. Каринаның орындауындағы «Арман жолдар» әнін өте-мөте ұнайды. Онымен танысқым келіп жүр. Бір қызығы, біздегі әртістердің түгелі ел астанасы Киевте тұрады. Сол секілді мен де қазақстандық әртістер бас қалада тұратын шығар деп ойласам, олай емес екен. Мәдени өмір астанада емес, Алматыда қайнап жатыр екен. Ал елордаға тұрақтаған мен әлі өз ортамды таппадым. Бірақ бұл да реттеледі деп үміттенемін. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігіндегілерге «Қазақстанда жат жерде емес, өз елінде жүргендей сезінсін» деп маған көмектесіп жүргеніне алғыс айтамын. Қазір бір өсімдікті тамырымен қоса қазып алып, басқа орынға отырғызғанда «гүлдене ме екен, әлде солып қала ма?» деп бақылаймыз ғой. Менде де тура сондай жағдай. Мен үшін бұл – жаңа тәжірибе. Бірнеше ай бұрын барлығын тастап, елге келемін деп ойлаған емеспін. Дей тұрғанмен, бұл менің бұрыннан барлығына айтып жүрген арманым еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, көп жыл бойы Қазақстанның Украинадағы елшігілімен тығыз жұмыс істедім. Қазір де байланыстамын. Бүгінде менің қазақстандық әншілердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндігім бар. Оларды жанды дауыста тыңдап, қазақ тілінің байлығын «сезінгім» келеді. Өкініштісі сол, бұған дейін қазақ тілін үйренуге мүмкіндік болмады. Украинада қазақтар аз тұрады. Кезінде көп болғанымен, егемен ел атанған соң көбі Қазақстанға қайтып кеткен. Сондықтан бізде тіл үйренетіндей орта жоқ. Сосын әкем бізге үнемі келетін туыстарымен ғана қазақша сөйлесетін. Ол кісі туыстары келгенде тоқтамай қазақша сөйлеп, Украинада өзіне жетіспеген ана тілінің «үнін» естіп, ерекше күйге бөленетін. Егер әу бастан анам екеуі өзара қазақ тілінде сөйлескенде қазақша сөздерді бала кезден құлағыма «құйып» өсетін едім. Қазір қазақ тілін үйрену туралы ойланып жүрмін. Бірақ Қазақстанда шетелдегідей өзге ұлт өкілдері үшін арнайы жасақталған тілдік курс бар-жоғын білмеймін. Десе де, қыркүйек айынан бастап осы іспен айналыспақшымын. Себебі осындай ортада жүріп, тілді үйренбеу күнә деп санаймын. Оның үстіне, Қазақстан – менің тарихи Отаным. Бізде төлқұжатта қай ұлттан тарайтының көрсетілмейді, тек азаматтығы көрсетілетін графа бар. Бірақ этникалық белгілер бойынша, мен – қазақ қызымын. Украинада түркі халықтарының өкілдері бір-бірін жақын тартып, жиі араласады. Кейде мені Қырым татарлары өз ұлтынан деп ойлап, өз әпкесіндей көріп, ыстық ықыласын білдіріп жатады. Мен этникалық қазақ – сұм соғыс пен саяси репрессиялар салдарынан әрі туған елінен жер аударылған өзге ұлт өкілдерін туған бауырындай көрген ұлы қазақ халқының өкілі екенімді мақтан тұтамын!