Жаңалықтар

Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды

ашық дереккөзі

Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылды

Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыс­тарының нәтижесінде Елтеріс қағанға арналған кешен табылды. Бұл туралы бүгін Ұланбатыр қала­сын­да Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Ар­хео­логия институтының бірлесіп Номғон ал­қа­бында жүргізген ғылыми археологиялық экс­педициясының нәтижелеріне арналған баспасөз мәжілісінде академия басшысы Д. Қыдырәлі мәлімдеді. Кешеннің жалпы аумағы 49х41.5 метр жерді алып жатыр. Батыстан шы­ғысқа қарай сопақша болып созыла ор­наласқан кешенді айналдыра қоршап ор қа­зып, одан шыққан топырақты үйіп қамал жа­саған. Кешеннің батыс жағында ортасында ойы­ғы бар текше тас (альтар), адамның тас мү­сіндері, қасында екі күшігі бар арыстан мү­сіні және екі қой мүсіні орналасқан. Ке­шеннің қақпасынан шығысқа қарай 51 бал­бал тас тізіле орналасқан. Олардың ішін­де бес балбалдан Ашина әулетіне тие­сілі «таутеке» таңбасы анықталды. Сонымен қатар кешенде барықтың (та­быну орны) болғанын айқындай­тын қыш жабындылар мен жаяу жүргінші жо­лына төселген кірпіштердің қалдықтары қа­зылып алынды. Барықтың алдынан еңселі жазба ес­керт­кіштің жоғарғы бөлігі мен тас­бақа тұғыры табылды. Табылған құнды ол­­жаның екі бетінде 12 жолдан тұратын кө­не түрік бітік жазуы, ал үшінші қырында кө­не соғды жазуы қашалған. Экспедицияға қа­тысушы ғалымдар ескерткіш мәтініннен «Тәңір», «түрк», «Құтлық», «түмен» секілді бір­қатар сөзді анықтады. Жазба мәтіннен алын­ған мәліметтерге сүйене отырып, Ном­гон кешенін Күлтегін мен Білге қаған­ның әкесі, Түрік қағандығын қайта жаң­ғыр­тушы Құтлық Елтеріс қағанға арналған де­ген тұжырым жасалып отыр. Бұған қоса, бі­тіктас «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне түркі дәуірінің жазба ескерткіші са­налады. Жалпы алғанда, Номғон ғұрыптық кешені барлық белгісі жағынан Біл­ге қаған мен Күлтегін ғұрыптық ке­шен­дері­не ұқсас. Номғон жазба ескерткішінің жо­ғарғы тұсында төмен қараған денесі ай­даһар бейнесіндегі екі бөрінің басы бей­неленген. Дәл осындай қағандық атри­бути­ка­лардың — айдаһар денелі, бөрі басты сю­жеттің Таспар қаған, Білге, Күлтегін және бас­қа ескерткіштерінің жоғарғы тұсында қа­шалғаны белгілі. Номгон жазуы Орхон ескерткіштері сынды мемлекеттік деңгей­дегі маңызды ескерткіш саналады. Академия Номғон ғылыми экспе­ди­ция­сының нәтижелеріне арналған ғылыми жи­нақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің аста­на­ларында таныстыратын болады. Моң­ғо­лия­дағы түркі дәуірінің ескерткіштерінде қаз­ба жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді. Айта кету керек, Номғон жазығындағы зерт­теу жұмыстары 2019 жылы басталған бо­латын. Алайда «COVID-19» пандемиясы сал­дарынан екі жыл бойы тоқтап қалған «Ном­гон» бірлескен экспедициясы 2022 жыл­дың шілде айында қазба жұмыстарын қай­та жалғастырды. «Номгон-2022» бірлескен экспедиция­ның құрамында Халықаралық Түркі ака­де­миясының президенті Дархан Қыдырәлі, бел­гілі түрколог Нәпіл Базылхан, Нұрболат Бө­генбаев, Моңғолия ҒА Археология инс­ти­туты Археологиялық зерттеу орта­лы­ғының директоры, академик Дамдин­сүрэн­гийн­ Цэвээндорж (1949-2022), Моңғолия ҒА Тарих, археология институты Орта­ға­сырлық археологиялық зерттеу орталы­ғы­ның жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр, ар­хеолог­тар Цэрэнхандын Буянхишиг, Гон­­чи­гийн Батболд және Нарантуяагийн Цэнгэл, Мөнхсайханы Ууганбаяр археоло­гиялық зерттеу жұмыстарына қатысты. Бұған дейін Түркі академиясы Моң­ғо­лиядағы Шивээт-улан ескерткі­шін­де археологиялық қазба жұмыстарын жүр­гізді. 2016 жылы аталған алқапқа ар­найы экспедиция ұйымдастырды. Құтлық қа­ғанның тұсында салынған салтанатты ке­шеннен таңбалар, түрлі артефакті та­бы­лып, олардың мерзімі анықталды. 2018 жы­лы кешеннің жан-жағы қоршалып, қам­қорлыққа алынды. Осы жұмыстардың жал­ғасы ретінде 2019 жылы Номғон экс­пе­дициясы басталды.

Б.БАЛЫҚБАЙ