Комиссия қыруар жұмыс атқарды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Жарлыққа қол қойғаны есімізде. Тарихи әділдікті қалпына келтіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау мақсатында құрылған комиссия жұмысы тарихты қайта бағалауда үлкен игілікті іс болды. Бүгінде республика бойынша және өңірлерде комиссиялар құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Жұмабек Ашуұлынан шағын сұхбат алған болатынбыз.
– Өткен ғасырда 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, оның 20 мыңнан астамы атылды. Сол жылдардағы орасан зор адам шығыны мен тағдыр тауқыметі әр қазақтың жүрегіне жара салғаны анық. Бүгінде қуғынға ұшыраған ата-бабамыздың атын комиссия қаншалықты ақтай алып жатыр?
– ХХ ғасырда Кеңес Үкіметінің құрамында болып, кезең-кезеңімен айналып соғып отырған нәубет-сойқандардан, зобалаң-зұлматтардан қайғы кешіп, қан жұтқан халықтың жазықсыз жазаланып, қасақана қырылған арыстарының аруағы ақталып, халқымен қайта қауышуына себеп болған Жарлықты ел болып күтіп жүрдік. Тарих тегершігін тоқтатып қойып бір сәт өткен ғасырға көз салсақ, 1917 жылы жеңіске жеткен кедей-кепшік, жарлы-жақыбай-лар билігінің алғашқы мақсаты еңбекпен ел көгерту емес, тартып алып, жазалау болды. Азамат соғысынан әлсіреп шыққан елді 1921 жылғы қуаңшылық, аштықпен жалмап,бір миллиондай қазақты опат етті. 1928 жылғы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан ұжымдастыру науқаны 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қасіретіне ұласып, 2,5 миллиондай қазақты қырып салды. Осы жылдары халық жанын сақтау үшін Ресейге қарсы 560-тан аса көтеріліс жасап, қақтығыстарда қарулы күштің, әскердің оғынан жаппай қырғынға ұшырады. Осы тұста 1,5 миллиондай қазақ жан сауғалап шетел асып кетті. Сонымен қатар Алашорда үкіметі қайраткерлері мен жақтаушылары түгелімен жазалауға ілікті. Осыншама қырғыннан аман қалғандар енді еңсесін көтеріп, ес жия бастағанда «Социалистік құрылысқа жат элементтерді әшкерелеу» деген желеумен «Халық жауы» атанып, бүкіл зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, атылатыны атылып, атылмағандары «итжеккенде» тозақтың азабын арқалап жүріп жан тапсырды. Халықтың көретін сойқаны мұнымен тоқтамады. 1941-1945 жылдары боздақтарымыз соғысқа аттанып, өздеріне соншама зобалаң-зұлмат арқалатып, қайғы-қасірет жұтқызған билікті қорғады. Жау қолына түсіп жапа шеккен арыстарымыз да аз болмады. Олардың тұтқында көрген құқайы аздай, елге оралғандарын 8 жылдан 25 жылға дейін тағы да «итжеккеннің» азабына айдады. Осы қорлықтары аздай, 1947-1953 жылдары тағы қазақ интеллигенциясын жазалау жүргізілді. Әйтеуір, бұл зұлмат Сталиннің қазасымен тоқтады. Осындай қазақ халқын қорлау, менсінбеу ақыры 1986 жылдың желтоқсанына жеткізді. Ойына не келсе, соны жүргізем деген өктем биліктің өрекпіген көңілін басып, КСРО-ның тарауына бірден-бір себеп болған Желтоқсан көтерілісінде ерлік көрсетіп, қанымен Алматы көшелерін жуған қаншама қыршын кеткен жастарымыздың ақтала алмай аруағы күңіреніп келген еді! Енді, міне әр жылдарда саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккен тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілік қалпына келіп жатыр. Комиссия жұмысының нәтижесінде барлық алашордашылардың есімі қайта жаңғырып, толық ақталатыны анық. Олардың тізімі де белгіленді.
– Комиссия жұмысы үш жылға созылады. Бұл уақыт қуғын-сүргін құрбандарының бәрін ақтауға жеткілікті ме?
– Комиссия құрылғаннан бері қыруар жұмыс атқарды. Әлі істелетін жұмыс шаш етектен. Бұрын жабық болған жасырын архивтер ашылып, құпиясақталған көптеген ақпарат алынды. Дегенмен жұмыстың ең күрделі және мұқият зерттеулерді қажет ететін қимылдар енді қыза бастады. Сонау 1920-1930 жылдардағы оқиғалардың тірі куәгерлері қалмай, кейбір архивтердің жойылып кетуіне байланысты деректерді анықтау жұмысы енді айқындалып, өте құпия сақталған архив материалдарына аса зеректікпен ден қойыла бастағанда комиссия жұмысын тұжырымдау асығыс шешім болмақ.
Комиссия шынында өз жұмысын толыққанды бітіріп, қазақтың ақталмай қалған тұлғалары ортамызға қайта «оралса», бұл үлкен жұмыс болар еді. Бұл бір жағынан қазақтың рухын көтереді. Тарихты танып, саралап, салмақтап, нәубет жылдарына шынайы баға берілсе деймін.
– Өткен ғасыр қазақ халқын орасан зор шығынға ұшыратты. Зерттеушілердің әлі күнге дейін ХХ ғасырда қанша қазақ қырылды деген сұраққа нақты жауап бере алмауының сыры неде?
– Өткен ғасырда қанша қазақтың шейіт болғаны туралы әр ғалым әртүрлі дерек келтіреді. Алайда көбі 1924 жылы«Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген Әлихан Бөкейханның «Қазақ қанша?» атты мақаласына сілтеме жасайды. Онда қазақ ұлтының саны 6 млн 470 мың деп жазылған. Арада 8 жыл өткен соң, яғни 1932 жылы аштықтың дәл қарсаңында қазақтардың табиғи өсімі 7 миллионнан асқан. Алаштанушы ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлы 1897 жылғы санақ бойынша қырғыз, түрікмен, қазақтардың санын келтіріп, қазір қай ұлттың саны қаншаға жеткенін келтіреді. Сонда біз өзбектер сияқты дамитын болсақ, 139 миллионнан асып кетуіміз керек. Чулошников есімді санаққа қатысқан тарихшының 1921 жылы Орынборда шыққан кітабында қазақтардың саны 1911 жылы 8 млн 260 мыңнан асады екен. Маған бұл туралы С.Елубаев айтты. Осы ғалымның еңбегін мойындағанымыз дұрыс болар. 8 млн 260 мың халықтан 1939 жылы 2 млн 400-ақ мың қазақ аман қалады. Бүтін бір халықтың 70 пайыздан астамының қырылуы ешбір ұлттың басына түспеген геноцид. Жалпы, халқымыздың көп шығынға ұшыраған уақыты – 1929, 1932 жылғыкөтерілістер кезеңі.
– Соңғы жылдары «қазақ бірін-бірі сатқан» деушілер көбейді. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Архив мәліметтерімен танысқан жап-жас тарихшы «қазақтан асқан сатқын жоқ» деп әлеуметтік желіде жазды. Дәл осы жерде Саяси-қуғын сүргін құрбандары қауымдастығын алғаш құрған адам Бекболат Мұстафин туралы айта кеткім келеді. Ол Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері болып жүрген кезде 1938 жылы 29 жасында ұсталды. Сол кісі 18 жыл каторгада отырып келді. Сонда айтатыны «Мен НКВД-ның қолына түсіп, қол қойған бірде-бір адамға өкпелей алмаймын. Олар қандай қағазға қол қойып жатқанын білмеді. Өйткені Алаш зиялыларын бір күн емес, он күн емес, айлап, жылдап азаптады». Жаңағы жас тарихшы НКВД-ның қолына түссе, Ленинді өлтірген менмін деп шығар еді. Архив құжаттарымен таныса салып, қазақтар біріні-бірі сатқан деп әлемге жар салмай тұрып астарында не жатқанын түсініп алу керек.
Басқыншы Ресей 1928 жылы Алаш арыстарын жаппай тұтқындай бастады. Ұсталғандардың барлығы Алматыдағы Төле би көшесі 228-дегі барак түрмеде жатқан. Алаш қайраткерлері 1928 жылдан 1934 жылға дейін сол жерде болған. Осы жерде М.Әуезов пен Ә.Ермеков «Біз жаңылдық» деп хат жазады. Ол хатты жазғызған – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң «Мына жерде бізді ешкім құтқармайды, екеуің біз қателестік, жаңылдық деп хат жазып, мына тарихты келесі ұрпаққа жеткізіңдер» дейді. Қазақтың басына түскен ойранды, озбырлықты, қиянатты келесі ұрпаққа жеткізетін адамдар қалуы керек еді. Осылайша, 1932 жылы екеуі сол жерден босап шықты.
– Комиссия жұмысы басталғалы қуғынға ұшыраған ата-бабасын ақтауды сұраған ұрпақтары болды ма?
– Әлеуметтік желіде дәл осы мәселені көтеріп, тіпті телефон нөмірімді қалдырдым. Өкінішке қарай, ата-бабасын ақтауды сұрап хабарласқан ешкім болмады. Мұның себебі неде екенін түсіне алмадым. Қазақ бойкүйез, жалтақ, еріншек болып кетті ме деген күмән көкейде тұр.Қуғын-сүргін құрбанына айналған ата-бабасын толық ақтағысы келетін ұрпақтары болса, қуана-қуана бірге жұмыс істеуге дайынмын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ