Жаңалықтар

Қазақ–Әзербайжан байланысының жаңа деңгейі

ашық дереккөзі

Қазақ–Әзербайжан байланысының жаңа деңгейі

24 тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Әзербайжанға барды. Сапар кезінде екі ел басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтіп, бірқатар құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы Әзербайжан президентінің ша­қыртуына алғыс білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын айтты. – Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Пре­зиденті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бір­қатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар бо­лады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойыл­мақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзер­байжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ильхам Әлиев Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бере­тінін айтып өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзер­байжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтады. – Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ре­тінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жет­кізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген адам ре­тінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттық­таймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал Әзербайжан президенті екі елді тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстыратынын айтты. – Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына де­ген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой, – деді Ильхам Әлиев. Одан бөлек, Мемлекет басшысының шешімімен Фи­зули қаласында Құрманғазы атындағы шығар­ма­шылықты дамыту орталығының іргесі қаланады. Мем­лекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сый­лық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті. Өнер орталығының жалпы ауданы – 3 100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Биыл қыр­күйек айында іргетасы қаланып, 2023 жылдың жел­тоқсанында пайдалануға беріледі. Ильхам Әлиев бұл орталық Физули қаласының ба­ла­лары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық ор­та­лық болады деген сенімін білдірді. Одан соң екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіс­сөз жүргізді. Президенттер қазақ-әзербайжан стра­тегия­лық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Келіссөздердің қорытындысы бойынша пре­зи­денттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Респуб­ли­касы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Дек­ларация және Қазақстан Республикасы мен Әзер­байжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды. Ресми сапар аясында қол қойылған құ­жаттар тізімі: Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Рес­пуб­ликасы арасындағы стратегиялық қатынастарды ны­ғайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету тура­лы Декларация. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Респуб­ли­касы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ын­ты­мақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағ­дар­лама. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербай­жан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-эко­номикалық ынтамақтастық туралы келісім. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер ми­нистр­лігі және Әзербайжан Республикасының Сыртқы іс­тер министрлігі арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспары. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт ми­нистрлігі мен Әзербайжан Республикасының Мәде­ниет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған бағдарлама. Түркістан қаласы мен Шуша қаласы арасында бауыр­лас қарым-қатынастарды орнату туралы хаттама. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Медианы дамыту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Цифрлық даму және кө­лік министрлігі арасында ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық және жоғары технологиялар саласындағы ын­­­тымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы ме­морандум. Қазақстан Республикасының Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Рес­публикасының Цифрлық даму және көлік ми­нистр­лігі арасындағы көлік саласындағы ынтымақ­тас­тық тура­лы өзара түсіністік туралы меморандум. Қазақстан Республикасының Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрлігі мен Әзербайжан Рес­публикасының Цифрлық даму және көлік ми­нистрлігі арасындағы транзиттік жүк тасымалы сала­сындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

Д.Жанатқызы