Жаңалықтар

Жасанды жер серігін жасауды үйрететін әдіс

ашық дереккөзі

Жасанды жер серігін жасауды үйрететін әдіс

Бүгінде CubeSat стандартты шағын ғарыш аппараттарының саласы қарқынды дамып келеді. Өйткені олар үлкен жасанды жерсеріктермен салыстырғанда арзан және оны құрастыру жеңіл әрі жылдам жүзеге асырылады. Осыған байланысты әлемнің көптеген университеті мен үкіметтік емес компаниялары өздерінің ғарыш аппараттарын ұшыруды қолға алды. Олар ғылыми зерттеулер, білім беру, ауыл шаруашылығы, жер бетін зерттеу, картография және т.б. көптеген салада қолданылады. Қазақстан мен Орталық Азияда алғашқы болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз наноспутнигін Жер орбитасына сәтті шығарды. Келесі мақсат – аталған технологияны бүкіл Қазақстан бойынша дамыту. Осы мақсатта 2019 жылдан бастап білім ордасы базасында «Альфасат» жердің кіші жасанды серіктері конструкторын құру жобасы жұмыс істеп жатыр. Ол ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар бойынша басым бағыттарды қамтиды. Жоба авторлары – А.Темірбаев, Н.Өзбеков, Н.Мейрамбекұлы, С.Орынбасар, О.Туебаев. ҚазҰУ ғалымдары білім алушыларға ғарыш аппараттарын жобалау, құрастыру, сынау және пайдалану процестері туралы жүйелі түсінік беретін компоненттер жиынтығы болып табылатын инновациялық өнім ұсынып отыр.