Жаңалықтар

Орташа айлық жалақы: жалған ба, арман ба?

ашық дереккөзі

Еліміздегі орташа айлық жалақы – 312 мың теңге. Бұл мәліметті Ұлттық статис­тика бюросы жылдың екінші тоқсанын қоры­тын­дылай отырып жариялаған болатын. Бю­­роның қорытындысына сүйенсек, орташа ай­лық жалақы бір жылда 24 пайызға өскен. Дегенмен ел ішінде бұл сандар сан түрлі пікір тудырып отыр.

Бұған дейін еліміздегі орташа айлық жалақыны есеп­теу тәсілі ахуалды дәл көрсетпейтіні туралы бір­неше рет айтылған да, жазылған да еді. Жаңарған ресми мәлімет бұл мәселеге тағы бір айналып соғуға себеп болып отыр. 312 мың теңге қалай есептеледі? Есептеу тәсілі не­ліктен дұрыс емес? Басқа елдерде қандай тәсіл қол­данылады?

Орташа жалақы қалай есептеледі?

Ұлттық статистика бюросы екін­ші тоқсандағы орташа жалақы мөлшері 312 011 теңге деген мәлімет жа­рия­лады. Бір жыл ішіндегі өсім 24 пайыз болса, нақты өсім 9 пайызға жуық­таған. Бұл көрсеткіштерге қарап ел­дегі қымбатшылықтың қарқынынан ж­а­лақының өсу қарқыны қаттырақ деген қорытынды шығаруға болар еді. Дегенмен шынайы ахуал мен статис­ти­кадағы деректер жер мен көктей екені көз­ге ұрып тұр. Аспандап кетті дегеніміз де ешқан­дай әсірелеу емес. Бұрын баға тұрақты бол­ды деп те айта алмаймыз, десек те, бұл жолғы қымбатшылық халықты тіп­ті қыспаққа алды. Бұрын жалақы тек азық-түлікке ғана жетеді дейтін едік, ен­ді мүлдем жетпейтін болды. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде қаржы және сақтандыру саласындағы мамандардың жалақысы ең жоғары – орташа жалақысы 588 мың теңгеден асады. Ал ең төмен жалақы ауыл шаруашылығы және мәдениет саласында тіркелген екен. Бюроның мәліметінше, жала­қы­ның өсуі барлық қызмет түр­лерін­де бай­қалған. 2021 жылға тиісті тоқ­санмен салыстырғанда ең жоғары өсім құрылыс саласында – 35,5 пайыз, көлік пен қоймалау – 34,8 пайыз, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу салаларында 28,3 пайыз байқалған. Баяу қарқын денсаулық сақтау және ха­лыққа әлеуметтік қызмет көрсету са­ла­ларында – 12,1 пайыз және көрсе­ті­ле­­тін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну бойынша 3,9 пайызға жетіпті. Өңірлер бойынша салыстыратын болсақ, ең жоғары өсім Қызыл­орда облысында тіркелген – 31,3 пайыз. Ал ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында – 14,2 пайыз. Бұл ретте бағаның өсу қар­қыны негізге алынғаны ескертілген екен. Ал өңірлер бойынша ең жоғары ор­та­ша жалақы – 506 314 теңге Атырау об­лысында тіркелген. Одан кейін Маң­ғыстау облысында – 458 680 теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 393 464 теңге орта­ша айлық жалақы делінген. Ал тө­мен жалақы, 241 406 теңге – Жетісу об­лысына тиесілі. Дерек жарияланған кезде айлық жалақының орташа мөлшері қалай есептелетінін ресми мекеме тү­сін­дірген болатын. – Орташа айлық жалақы туралы де­­рек­тер кәсіпорындардың тоқсан сайын­ғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Орташа мән қосымша ақы­лар­ды, үстемеақыларды, сыйақыларды, са­лық пен басқа да ұсталымдарды (оның ішінде табыс салығы, міндетті зей­нетақы жарналары да бар) есепке ала отырып қалыптастырылады. Ал ме­диана жалақысы – есептелген жала­қы мөлшері бойынша қызметкерлер са­нын бөлгендегі қатардың тең ор­тасында тұрған және сол мөлшерді екіге бө­летін (одан көп және аз) жалақы мөл­шері, – деп түсіндірген еді Ұлттық ста­тистика бюросы Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова. Нақты мысалмен дәйектеп көрейік. Мәселен, екі қызметкер 150 мың теңге алады дейік, үшінші қызметкер 250 мың алады. Төртінші қызметкер 350 мың теңге алады және кәсіпорынның дирек­торы 600 мың теңге алады дейік. Бізге жалақының орташа мәнін табу үшін осы жалақыларды қосамыз, оның шық­қан сомасын қызметкерлердің санына бө­леміз. Қызметкерлердің саны 5 адам бо­лып тұр. Сонда 300 мың теңге шы­ға­ды. Осылайша, орташа жалақы 300 мың теңге болып белгіленеді. Жалпы, ресми деректерде елдегі орташа жалақы Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары бойын­ша есептелетіні айтылады. Орташа ариф­­метикалық жалақы мәні кәсіп­орын­­дар мен ұйымдар тоқсан сайын тап­сыратын есептілік негізінде қалып­тас­тырылады. Бұл ретте әуелде айтыл­ған­­дай, жалақы қорына қосымша ақы­лар, үстемеақылар, сыйақылар, салық­тар және зейнетақы аударымдары, сон­­дай-ақ медициналық жарна да кіре­­тінін біле жүріңіз.

Орташа жалақы қалай есептелуі керек?

Жалпы, орташа еңбекақыны есеп­теудің үш тәсілі бар еке­нін айтып өткен жөн: орташа, модалық жә­не медианалық жалақы. Осы үш тә­сіл­дің қайсы халықтың табысын нақты анық­тауға мүмкіндік беретінін бағам­дау үшін әрқайсысына тоқтала кетсек. Оның біріншісі, жоғарыда айтып өткен арифметикалық орта ар­қылы есептелетін орташа айлық. Елімізде орташа айлық жалақыдан бө­лек модальды және медиана­лық жалақы есебі жүргізіледі. Дегенмен орташа айлық жалақы айына бір есеп­тел­се, қалған екеуі тек тоқсан немесе бір жылда бір рет есептелуі мүмкін. Модалық жалақы – бұл Қазақ­стан­дағы ең көп таралған жалақы. Яғни, қа­зақстандықтардың көпшілігі ша­ма­мен осындай табыс алады. Ал медианалық жалақы болса қыз­меткерлердің жалақысының тура ор­таша көрсеткіші. Бір сөзбен айтқанда, қыз­меткерлер ішіндегі ең орта жалақы ме­дианалық жалақы болып саналады. Екін­ші тоқсанда оның көлемі 197 мың тең­геге жуықтаған. Жұмысшылардың жар­тысынан көбі медианалық мәннен кө­бірек жалақы алса, қалғаны азырақ алады. Өткен жылдың тиісті кезеңіне шақ­қанда нақты өсім 3 пайызға жуық­та­­ған, атаулы жалақының индексі 17 пайыз­ға өсіпті. Бұл көрсеткіш қызмет­кер­­лерді екі тең бөлікке бөледі. Нәти­же­сінде, жұмыс істейтін азаматтардың жар­­тысы одан аз алады, екіншісі көп ала­­ды. Осы ретте қазіргі есептеу тәсілі тек жалақы мөлшерін көбейтіп көрсету үшін қолданылып отырған кос­метикалық, яғни жасанды әдіс сияқ­ты көрінетіні жасырын емес. Ста­тис­тика деректері өскен сайын спеку­лянт­тар да білек сыбана кірісіп, бағаларда да өсім байқалатыны – шындық. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі орташа ай­лық мөлшері мен төменгі жалақы мөл­шеріне өзгеріс енгізілетінін хабар­ла­ғаны есімізде. Бұл өзгеріс 2023 жылға жос­парланып отыр. Яғни, ең төменгі жа­лақы орташа жалақының кемінде 30 пайы­зына тең болуы тиіс. 2023 жылы ор­­таша жалақы 224 мың теңге болса, он­да ең төменгі жалақы 70 мың тең­ге­ден артық болуы қажет. Сонымен қатар былтыр бірқатар тө­мен жалақы алатын сала ма­ман­дарының еңбекақысы артатыны да ай­тылған еді. Сол мақсатта Үкімет нақ­ты шаралар қабылдап жатқанын да мә­лімдеген еді. Мәселен, 2020 жылдан бастап ке­­зең-кезеңімен артқан педа­гог­тердің жалақысы 2023 жылға қарай 2 есеге артатыны айтылды. Ал меди-цина және әлеуметтік сала қызмет­кер­лерінің жалақысы 4 жыл ішінде екі есеге артатыны да мәлім болған. 2022 жылдан бастап мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, ор­маншылар, техникалық қызмет­кер­лер және тaғы басқа салалары, шамамен 588 мың адамның жалақысы көбейеді делінген еді. Жалпы, биыл 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жала­қысы жоғарыламақ. Дегенмен мұның барлығы халыққа сезіліп жатқан жоқ. Одан бөлек, биыл ең төменгі жа­ла­қы мөлшері де өскені есте. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең тө­мен­­гі жалақы 60 мың теңге деп белгі­лен­­ді. Былтыр оның мөлшері 42 500 тең­геге тең болған еді. Бірінші кезекте ең төменгі жа­лақы­ның көтерілуі айлығы өте төмен жұ­мысшылардың табысына оң әсер етеді делінген болатын. Елімізде 60 мың тең­геден аз 1 миллион 650 мың адам жала-қы алатыны да сол кезде ха­бар­ланды. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Қазір біз жалақысы ең төменгі дәрежедегі елдердің қатарындамыз

Қазір біз жалақысы ең төменгі дәрежедегі елдердің қа­тарындамыз. Шенділер есеп берген кезде көбіне орта­ша жалақыны алады. Ал орташа жалақының көлемі 312 мың теңге болып тұр. Бұл көрсеткішпен бағамдар болсақ, әрине ең соңғы орындарда емеспіз. Бірақ Еуропа елдерінде орташа жа­лақы ретінде медианалық орташа жалақы, модалық орташа жалақы есептеледі. Ал бізде ол арифметикалық түрде ең көп жалақы алатындар мен ең аз жалақы алатындардың арасындағы жалақыны есептеп шығара салады. Бұл – дұрыс емес. Биылғы шығарылған медианалық жалақы 197 мың теңге деп көрсетіліпті. Бұл аз да болса шындыққа жанасады, себебі бізде азаматтардың көбінің алатын жалақысы осы деңгейде. Қазір қымбатшылық қысып тұр. Экономика заңдары бойынша мемлекет бағаны реттемеуі керек. Егер қолдан реттер болса, онда нарық заңдары бұзылады. Ал одан бұрын азаматтардың жалақысын арттырып алуымыз қажет. Экономикада Энгельдің заңы деген заңдылық бар. Халықтың жалақысы неғұрлым төмендеген сайын азық-түлік шығындары артады, ал көбейген сайын демалыс шығындары артады. Халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығыны 50 пайыздан жоғары болса, демек азаматтардың табысы кедейлік деңгейіне жақын деген сөз. Дамыған елдерде халық бүкіл табысының 12 пайызын ғана азық-түлікке жұмсайды, ал қалғанын өзін-өзі дамытуға, бала-шағасын оқытуға, әлемді шарлап, саяхаттауға арнайды. Оған қоса, бізде халық жалақысын қарыз өтеуге жұмсайды. Сосын келесі жалақыға дейін тағы қарыз алады. Міне, халқымыз осындай жағдайда өмір сүріп жатыр. Мақсат СЕРАЛЫ, экономист:

Отандық өндіріс орындарының санын көбейткен жөн

– Қымбатшылық деңгейінің өскені сонша – қазір ха­лық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұм­сайтын болған. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұлай кете берсе, кедейшілік кең етек алып, Үкіметке, билікке деген халықтың наразылығына ұласады. Сондықтан да Үкімет тиімді құралдарды қолдануы керек. Отандық өндіріс орындарының санын көбейткен жөн. Оларға тікелей көмек берілуі керек. Жалпы айтқанда, жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін көбейтіп, кем дегенде 50 пайыздан асыруымыз керек. Сон­да ғана экономикалық қауіпсіздік орнайды. Олай болмаса, ақшалай болсын, бас­қа бірреттік көмек болсын – бәрі уақытша құбылыс. Қорыта айтқанда, елдегі жалақы мөлшерінің түрлі мәнін есептеу тәсілдерін қайта қарастырған жөн сияқты. Себебі сандар мен шын жағдай сәйкес келе бермейді. Көрсеткіштерді көтермелеп көрсетіп, сандарды қолдан еселеу, шындыққа жанаспайтын нәтижелермен өзімізді-өзіміз алдау әсте опа бермесі анық.